Өнер • 05 Маусым, 2024

Дәстүрлі әннің дәулескері

28 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дәстүрлі әнші, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асқар Мұқият есімі студент кезінен-ақ жақсы таныла бастады. Күмбірлеген қоңыр дауысы қазақтың кең даласын еске түсіретіндей ерекше тартымды һәм бояуға бай әуезділігімен тыңдаған жанның құлақ құрышын қандыратын. Ұстазы, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов шеберханасынан шыңдалып шыққан дүлдүл дарын Қазақ ұлттық өнер университетін бітіргеннен кейін де тыңдарманын тамсантуын тәмамдаған жоқ.

Дәстүрлі әннің дәулескері

Талай байқауларда топ жарып, жеңіс тұғырында жарқырады. Үнемі ізденісте жүретін ән жүйрігінің өнердегі қарымды қадамын әйгілеген тағы бір жарқын жоба – Өзбекстанның «Овуз» (Дауыс) байқауы. Дәл қазіргі уақытта жүріп жатқан ән байқауында Асқар Мұқият Қазақ елінің атынан жалғыз қатысып жатыр. Ол жобаның алғашқы кезеңінде Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін шырқап, қазылар алқасының бір­ауыздан қолдауына ие болды.

Сарапшылар құрамында отырған Өзбекстанның Мәдениет министрі һәм халық әртісі Озодбек Назарбеков, аты аңызға айналған әйгілі «Ялла» ансамблінің корифейі, халық әртісі Фарух Закиров, Өзбекстанның атақты ән­шісі Севара Назархан, «Болалар» (Бала­лар) тобының мүшесі, танымал әнші Тахир Садықов сынды өнер май­тал­мандарын бүгінгі қазақ әншісі таң қал­дырды. Талант даусына таңдай қағып, ықыласын жаудырған сарап­шылар алқа­сы бірауыздан әншіге ықы­лас берді.

Аузын ашқаннан Асқарға айналайы­нын жаудырған Өзбек­станның халық әртісі Фарух Закиров: «Сіз ән айтқанда бүкіл Қазақстанның шексіз кеңістігі, кең даласы мен биік таулары көз алдымызға келді. Бұл, әрине, ең алдымен сіздің тума талантыңыз бен ше­берлігіңіздің арқасында. Дауы­сыңыз ғажап екен. Қазақ­та мұндай ғажап дауыс иелері көп. Бұл – соның жарқын мы­салы. Сөзсіз, жеңіске үмі­тіңіз мол» деп тамсанса, ән­ші Севара Назархан: «Мен үшін бұл әнді қалай нақышына келтіріп, шебер жеткізгеніңіз маңызды болды. Сізді қазақ­тың өзге орындаушыларымен салыстыра алмаймын. Сіз – ерекшесіз, жалғызсыз! Дәл осы ән арқылы ерекше екеніңіз көрініп тұр. Сізді тыңдап отырып басыма сан түрлі ойлар келді, болашақта сізбен жан-жақты жұмыс істеген болар едім» деп бірлесе өнер тудыру мақсатын да айтып қалды.

Ал Асқардың өзі болса сыпайы ғана ілтипат білдіріп, жоба ережесі бойынша төрт сарапшының арасынан таңдауын жасады. Әнші Озодбек Назарбековтің тобына қосылды. Алда ән байқауы жал­ғасады. Қызу тартыс енді басталатын түрі бар. Себебі айтулы байқауға бірне­ше елдің әншілері қатысып жатыр. Келе­сі кезең – батл, яғни ән айтысы. 500 үміт­кер­дің ішінен іріктеліп алынған 48 өнерпаз өзара жұптасып өнер көрсетеді. Асқардың бұл кезеңдегі жұбы армян әншісі болмақ.