Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Паскаль вундеркинд еді. 12 жасынан әкесінің ықпалымен кітапқа ден қойды. 15 жасында математикалық кітаптарға қызығушылығы оянды. Евклидтің геометриялық еңбектерімен танысып, латын, грек тілдерін жетік меңгерді. 39 жылдық аз ғұмырында математика, физика, механика, әдебиет, философиямен шұғылданды.
Ойшылдың дүние сырларын ұғуға деген құштарлығы ғылым тереңіне сүңгіген сайын арта түсті. Осыншама кеңістікті, ғаламды жаратқан Жаратушы бар екенін мойындай отырып, көзі жетті. Мәулана Румимен үндес мына бір ойы қызық: «Егер Құдай жоқ болса, мен оған сенемін және ештеңе жоғалтпаймын. Егер Құдай бар болса, мен оған сенбейтін болсам, әлбетте, бәрін жоғалтамын». Ол бірде «Мені бұл кеңістіктердің мәңгілік үнсіздігі үрейлендіреді...», «Шындыққа құмарту – рахат сезімнің ең биігі» десе, енді бірде «Өзінің кім екенін түсінуге тырыспай өмір сүріп жатқанның соқырлығы қаншалықты сұмдық болса, Құдайға сеніп, сонда да жамандықта өмір сүретіннің соқырлығының сұмдығы одан да бетер» деп ағыл-тегіл ой ақтарады.
Ол әр адам Құдайды таза ақылымен, жанкешті ізденісімен табу керегін түсінді. Бүгінгідей Құранды әлдебір жазушының өлең кітабын оқығандай жылдам оқып шығып, көпке ақыл айтатын ғылымсыз молда, ілімсіз христиандардан бойын аулақ ұстады. Паскаль терең ғылым арқылы математикалық, физикалық жаңалықтар ашты. Рене Декарттың атеистік, рационалды ойларына жан-тәнімен қарсы шықты. «Декартты түсіне алмаймын. Ол өз философиясын Құдайсыз құрғысы келді, бірақ онысынан түк шықпады. Дүниені қозғалысқа келтіру үшін Құдайға дүниенің басынан бір шерткізді, одан кейін Құдай оған керек болмай қалды». Өзін-өзі аямастан үздіксіз ғылым арбасына жегу салдарынан Паскаль ми ісігі ауруына шалдығып, өмірінің соңында денесі қозғалыссыз қалды. Дүниеден өтер алдында күнделігіне атақты сөзін жазып қалдырды:
«Адамдардың үш тобы бар: бірінші топ Жаратушысын іздеді және тапты. Бұлар – ақылды әрі бақытты адамдар. Екінші топ Жаратушысын іздеп жүр, бірақ тапқан жоқ. Бұлар – ақылды, бірақ әлі бақытсыз адамдар. Үшінші топ Жаратушыны іздеп те жүрген жоқ, тапқан да жоқ. Бұлар – бақытсыз әрі ақымақ адамдар».