Спорт • 06 Маусым, 2024

Көшпелілер ойындары: спортшылардың дайындығына арналған кешенді ғылыми топ құрылды

93 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қарсаңында спортшылар мен спорттық жылқылардың жағдайын зерттеуге арналған 2 кешенді ғылыми топ құрылды. Олардың бірі атбегілікпен, екіншісі ұлттық спорт түрлерінің спортшыларын даярлаумен айналысады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көшпелілер ойындары: спортшылардың дайындығына арналған кешенді ғылыми топ құрылды

Фото: ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Топтардың құрамына жетекші ғалымдар, ветеринарлар, биологтар, генетиктер, сондай-ақ спорттық психология және медицина мамандары кірді. Ғалымдар оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар өткізілетін жерлерде спортшылар мен спорттық жылқылардың функционалдық және психологиялық жай-күйіне мониторинг жүргізеді.

1

«Ұлттық спорт қауымдастығының бастамасымен және Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен алғаш рет кешенді ғылыми топтар құрылды. Бірінші топ тікелей спортшылармен айналысады – олардың функционалдық жағдайы, жалпы дене шынықтыру дайындығы тексеріледі, психодиагностика жүргізіледі, содан кейін барып жалпы жай-күйінің қорытындысы жасалады. Егер денсаулығында қандай да бір өзгерістер болса, психодиагностика және спорттық медицина бойынша ем-шара жасаймыз. Басты мақсат – спортшыларымыз күзде Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жоғары деңгейде дайындалуы үшін олардың денсаулығын тексеру», деді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кешенді ғылыми тобының үйлестірушісі Бақытжан Есжанов.

Ғалымдар жануарлардың жағдайын, дайындық барысын жақсартуға мүмкіндік беретін зерттеулер жүргізілетінін атап өтті. Сонымен қатар спортшылардың денсаулығын жіті бақылап, оларға арналған тамақтану кешені ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.

«Спорттық жылқылардың жағдайына келсек, белгілі отандық ғалымдардың тұтас тобы жылқылардың жем-шөбін жақсартуға, жануарлардың функционалдық жағдайын тексеруге мүмкіндік беретін зерттеулер жүргізе бастады. Бұл топ жақсы нәтиже көрсету үшін жарысқа қатысатын жылқылардың дайындығы мен төзімділігін тексереді», деді кешенді ғылыми топтың жетекшісі, а.ш.ғ докторы Набидулла Кикебаев.

Қазіргі таңда кешенді ғылыми топтар  көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спортшыларының құрама командаларымен қызу жұмыс істеп жатыр.

1

«Біз спортшылардың ағзасын тексеріп, жоғары нәтижеге жету үшін қандай дәрумендер қабылдау керек, қалай тамақтанғаны дұрыс екенін анықтаймыз. Спортшылардың жүрек және ішкі органдарының биоритімін тексеріп, тамақтарын да соған сай ұйымдастырамыз», деді кешенді ғылыми топтың жетекшісі, п.ғ.д., профессор Анатолий Құлназаров.

Ғылыми топтар спортшылар мен жылқыларға Олимпиадалық даярлау орталығының базасында үш ай бойы тексеру жүргізеді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, 

ЕҰУ студенті