Қазақстан • 06 Маусым, 2024

Нұржан Нұржігітов су саласының мамандарына алғыс білдірді

123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов әріптестерін мерекемен құттықтап, су тасқыны кезінде көрсеткен кәсіби қызметтері үшін алғыс айтты, деп жазады Egemen.kz.

Нұржан Нұржігітов су саласының мамандарына алғыс білдірді

Фото:gov.kz

«Сіздердің жұмыстарыңыз көпшілікке көрінбеуі мүмкін, себебі елді мекендерден шалғай жерде жұмыс істейсіздер. Құтқарушылар секілді үйлерге кіріп, құтқармайсыздар, полиция қызметкерлері сынды көмекке келмейсіздер, дәрігерлер секілді медициналық көмек көрсетпейсіздер немесе мұғалімдер сынды сабақ бермейсіздер. Сіздер әр үйді, әр кәсіпорынды және бүтін елімізді ең құнды ресурс – сумен қамтамасыз ету үшін ауқымды, бірақ көріне бермейтін жұмысты атқарасыздар. Әрқайсыңыздың еңбектеріңіз орасан зор, оны асыра бағалау мүмкін емес. Сіздер су құбырларын салып, каналдарды тазалап, су қоймаларын күзетіп, кезекшілікте болып, отбасыларыңызды сирек көресіздер. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз болмаса ауыл шаруашылығы, экономика, өнеркәсіп, коммуналдық және т.б. салалардың сапалы жұмысын елестету мүмкін емес», деп жазды министр Facebook парақшасында.

Сондай-ақ министр су саласының мамандарына  қолайлы жағдай жасау үшін жалақыны көтеру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

«Жалақы кезең-кезеңімен өсуде. 2024 жылдың 1 қаңтарынан еңбекақысы тариф есебінен төленетін «Қазсушар» мамандарының айлығы орта есеппен 23%-ға, ал, еңбекақысы республикалық бюджеттен төленетін қызметкерлердің айлықтары 1 мамырдан бастап орта есеппен 25%-ға артты.

Елімізде суды үнемдеуге және оны қайта пайдалануға бағытталған жаңа нормативтік-құқықтық базаны құру да маңызды. Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту және су үнемдейтін озық технологияларды енгізу де Сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдетеді. Біз жаңа Су кодексін әзірледік. Құжаттың жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан және бітелуден қорғауға басымдық беріледі, ал ресурстың өзі енді тек экономикалық пайда көзі ретінде қарастырылмайды», деп қосты ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп 2030 жылға дейін су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі кешенді жоспар әзірлегенін тілге тиек етті. Бұл жоспарда 133 гидротехникалық құрылысты, 7700 шақырымнан астам ирригациялық жүйені және 1200 шақырым топтық су құбырын қайта жаңарту, сондай-ақ 3628 тік дренажды ұңғыма бұрғылау көзделгенін атап өтті.

«Бұл нәтижелерге біз сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында қол жеткіздік. Барлықтарыңызға зор денсаулық, бақыт, бейбіт аспан және жақындарыңыздын амандығын тілеймін», деді министр Нұржан Нұржігітов.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті