Сұхбат • 06 Маусым, 2024

Мемлекет үшін тәртіптен асқан тірек жоқ

137 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ішкі істер саласын реформалап, «жұртқа жақын полиция» қағидатын қалыптастыруға жасалған қадам біраз бастамаға негіз қалады. Осы жылғы қаңтар айында өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау жауапкершілігі өте үлкен жұмыс екендігін, еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуі үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті. Бұл үшін мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалып, «Заң және тәртіп» қағидаты біржола орнығуы керек. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс барысын Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан ӘБІЛӘЗІМОВТЕН білдік.

Мемлекет үшін тәртіптен асқан тірек жоқ

– Мақсұтхан Нұғманұлы, жалпы құқық қорғау саласындағы өзге­ріс­терден күтер үміт көп. Бұл бастама өңірде қалай жүзеге асып жатыр? Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету шаралары нәтиже берді ме?

– Біздің алдымыздағы қазіргі міндет – қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білетін полиция­ның сервистік моделінің негізгі қағидатта­рын жүзеге асыру. Жыл басындағы жиында Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша назар аударып, полицияға білім беру басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруды міндеттеді. Сондай-ақ есірткінің таралуына тосқауыл қойып, киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейтуге тапсырма берді. Біз Мемлекет басшысы алға қойған осы міндеттерді сапалы орындап, елімізде заң үстемдігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге қол жет­кізу үшін қажетті шараларды қабылдауы­мыз керек.

Полиция қызметі қазіргі күн талаптарына жауап беруі қажет. Заманауи құқық қорғаушы осы күнгі жаңа тех­но­логиялардың қарқынды даму кезеңіне сай жұмыс істегені жөн. Осы ретте департамент күнделікті қызметінде жаңа технологияларды кеңінен қолдануды назарда ұстап отыр. Біздің полицейлер жол жүрісі қағидаларын автоматты тіркеу жүйелерін, кеудеге тағатын бейнетіркегіштерді, бейнебақылау камераларын белсенді қолданады. Тергеп-тексеру барысын азаматтар толық қада­ғалауы үшін қылмыстық, әкімшілік үде­рістер толық электронды форматта жүргізіліп жатыр. Өткен жылы облыс орталығында 15 жерде полицияны шұғыл шақыру үшін «Дабыл батырмалары» іске қосылды. Сонымен қатар құқық бұзушылыққа куә болған жағдайда ол туралы фото және бейне хабарлама жолдау үшін «102 SOS» арнайы қосымшасы іске қосылды.

– Осы күні қала көшелерінде бейне­бақылау камералары көбейді. Осы өзге­рістердің құқық бұзушылықты төмен­детуге септігі тиді ме?

– Қызылорда қаласында орналасқан жылдамдық өлшегіш құрылғылары бар интеллектуалдық камералар «Қорғау» мобильді бағдарламасына қосылды. Бұл бағдарлама көлікті жалған нөмірмен бас­қаратын жүргізушілерді, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандырусыз жүргендерді анықтайды. Алда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қылмыс пен құқық бұзушылық көп орын алатын жерлерде қосымша 1400 бейнекамера, 19 зияткерлік қиылыс, 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш құралдарын қоюды жоспарлап отырмыз. Өйткені саланы цифрландыру – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұтымды жолы.

Бұдан бөлек, қала ішіндегі қоғам­дық орындар мен көпқабатты үйлердің ауласын полиция қызметкерлері тек қыз­меттік автокөліктермен аралап қой­­май, күнделікті 10 бағыт бойын­ша бө­лініп, жаяу шолып шығады. Осы жұ­мыстар нәтижесінде тіркелген қыл­мыс­тар 9 пайызға төмендеді. Оның ішін­де ұр­лық, мал ұрлығы, тонау, бұзақылық саны азайып отыр. Сонымен қатар бө­тен­нің мүлкін ұрлау, мал, пәтер ұр­лы­ғы, ұялы телефонды жымқырып кету, бұзақылық қылмыстарын ашу көрсет­кіші едәуір жақсарды. Қабылданған про­­филактикалық шаралардан кейін қо­ғам­дық орында, көшеде, отбасында жа­салатын қылмыстар сиреп, 10 мың тұр­­ғынға шаққандағы құқық бұзу­шы­лық деңгейі 6 пайызға азайды. Әсі­ресе биыл пәтер ұрлығы 5,7 пайызға төмен­дегенін ерекше айта кеткен жөн. Жедел уәкілдер мен криминалистердің жанкешті еңбегінің арқасында біздің облыста тіркелген пәтер ұрлығының 25 фактісін жасаған Түркістан облысының 26 жастағы тұрғыны ұста­лып, қамауға алынды. Жедел-іздестіру іс-шаралары ба­рысында ұрланған алтын бұйымдар мен өзге де заттар иелеріне қайтарылды. Осын­дай жүйелі жұмыстар нәтижесінде Қызылорда облысы осы күні республика бойынша ең қауіпсіз аймақ болып саналады.

Азайды дегенімізбен мал ұрлығы әлі де болса кездеседі. Ұқыпсыздың малы ұры­­ға жем болатынын айтып, дабыл қа­ғу­дан кенде емеспіз. Көп елді мекенде малын өріске айдай салып, алаңсыз жүре беретіндер азаймай отыр. Қараусыз түлік күрежолға шығып кетіп, талай апатқа себеп болып отырғанын да айтпай кете алмаймыз. Әкімшілік жауапкершілік туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпарат­тандырылғанына қарамастан, тұрғын­дар осы бір әдеттен тыйылар емес. Қазалы ­ауданынан ұсталған 23, 28 және 29 жас­тағы азаматтар 11 бас түйені жайылым­дық жерден айдап кеткен. Олар қазір қамауға алынды.

– Осы күні отбасындағы зорлық-зомбылық та қоғамды алаңдататын ортақ мә­селеге айналып отыр...

– Дұрыс айтасыз, қазіргі ең өзекті мәселенің бірі осы. 102 арнасына тұр­ғындардан отбасындағы тұрмыстық қарым-қатынастар бойынша 596 қоңырау түсіп, шешім қабылданды. Құқыққа қарсы әрекет жасаған 342, денсаулыққа қасақана зиян келтірген 106, әйелі мен баласы­на қол жұмсаған 95 тұрғын жауапкерші­лік­ке тартылды. Сот шешімімен 90 адам әкімшілік қамауға алынса, 143 құқық бұзушыға ерекше талаптар белгіленіп, 441 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып отыр. Есепке алынған 102 қолайсыз отбасының ішінде әйелі мен балаларын ұратын, араққа құмар азаматтар да аз емес.

Қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған «Тұрмыс», «Квад­рат», «Көрші бақылауы», «Учас­ке», «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» профи­лактикалық шаралары ұйымдастыры­лып, нәтижесінде облыста осы саладағы қылмыстар 82 пайызға азайған.

Жалпы, біздің қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықты үй ішінен сыртқа шығара бермейтінін білесіз. Осыдан да біз бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы зорлық-зом­былық фактілері туралы полицияға дереу хабарлау қажеттігі туралы мақсатты жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Отбасында туындайтын тағы бір өзек­ті проблеманың бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыс. Биылғы 3 айда жас­өспірімдер жасаған 4 қылмыс тіркеліп, 2 мектеп оқушысы, 2 колледж студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Түнде үйінен жырақ кетіп, ойын-сауық орталықтарын заңды өкілсіз аралап жүр­ген 1 486 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міндеттерін орындамаған 121 әке-шешеге әкімшілік хаттама рәсімделіп, 46 жасөспірім полиция есебіне алынды.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін «Жасөспірім» іс-шарасы мен «Абай­лаңыз, балалар!» атты акциялар өткі­зі­ліп, департамент білім беру орындарында 1313 лекция және семинар жүргізді. Жасалған талдау қылмысқа қолайсыз жағ­дайлар жиі қайталанып тұратын үйел­меннен шыққан жасөспірімдер көп бара­тынын көрсетіп отыр.

Осы ретте қоғам болып, ата-ана ретін­де бірлесіп, жас ұрпақ тәрбиесіне нем­құрайдылық танытпай, олардың жан-жақты дамуына күш салуымыз керек. Балалардың жолда жүру қауіпсіздігін де естен екі елі шығаруға болмайды. Әр шаңырақта мотоцикл, скутер, мопед, са­мокаттардың қаншалықты қауіпті екені жайлы жиі айтылса дейміз. Мысалы, скутер мен мотоцикл пайдалану барысында белгіленген тәртіпті сақтамағаны үшін хаттама толтырылған 431 адамның 19-ы жасөспірім екені анықталып отыр.

– Қазіргі әлеуметтік желінің көп жұмысты жеңілдеткеніне қуанамыз. Бірақ ғаламтордың мүмкіндігін түрлі мақсатта пайдаланатындар көбейіп отыр­ғаны да жасырын емес қой. Мы­салы, алаяқтық, есірткі саудасы деген сияқты...

– Оның ішінде есірткі сатушылар ­саудасын жүргізуге осы жасөспірімдер­ді көбірек пайдаланады. Жеңіл табыс­қа малданған сол балалардың көбі мұн­­дай әрекеттер үшін жауапкершілік арқа­лай­тынын біле бермейтіні ойлантады. 2021 жылдан бастап граффити жазуларын салу, хабарландырулар, QR кодтарды тарату мен мессенджерлерде есірткі туралы оң пікірлер қалдырғаны үшін қылмыс­тық жауапкершілік қарастырылған. Ал есірткі айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Есірткі ешкімді жақсылыққа жеткіз­бей­тінін ұмытпауымыз керек.

Синтетикалық есірткі дейтін кесел шықты. Неврология ғылымы адам психологиясына санаулы секундта қатты әсер ететінін әлдеқашан анықтаған есірткінің бұл түрімен күресу оңай болмай отыр. Олар негізінен интернет арқылы сатылады. Жыл басынан бері әлеуметтік желіде мониторинг жүргізіп, «Кибер қадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы синтетика­лық есірткіні жарнамалайтын 20 сайт­тың жұмысы тоқтатылды. Облыс аума­ғын­да 45 есірткі қылмысы анықталып, заңсыз ­айналымнан 9 килограмм 795 грамм есірткі тәркіленді және 1 фито-зертхана белгілі болды. Департамент нашақорлыққа және есірткі бизнесі­не қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жұмыс істеп келеді.

Технологияның дамуы интернет алаяқтары үшін де іздегенге сұраған болып отыр. Осыдан да бүгінде киберқылмыстар белең алып барады. Ал «Киберпол» арнайы тобы осындай қылмыстардың алдын алумен айналысып, өңірде интернет-алаяқтықтың 52 дерегі тіркелді. Іздеуде жүрген бір адам ұсталып, тергеу барысында жәбірленушілерге 1 млн 500 мың теңгеден астам материалдық залал өтелді.

Интернеттің мүмкіндігі сәт сайын ұлғайып, соған сай оны қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп отырады.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа хабардар етілгенімен де тұрғындардың банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде қоңырау шалғандарға сеніп, онлайн-несие рәсімдейтін алаяқтар құрығына түсіп қалуы азаймай отыр. Мемлекет үшін тәртіптен асқан тірек жоқ. Ал ол үшін бүкіл қоғам жұмылуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Мұрат ЖЕТПІСБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

ҚЫЗЫЛОРДА