«Ойға түстім толғандым, өз мінімді қолға алдым, өзіме-өзім жақпадым, енді қайда сия алдым» деген Абай ата өмір бойы кемелдікке ұмтылыпты. Күн сайын кемшілігімен айқасып, тәулік сайын ояна түсіпті. Оянған сайын дерексіз өткен жылына, «пайдасын көре тұра тексермеген» ғылым үшін өкініпті. Және сүреңсіз сарсаң жылдарына өзге емес, өзін кінәлапты. «Бәрі болды өзімнен, Тәңірім салған наз емес» депті. Жан сарайы түлеген сайын хакім жуаси беріпті, жылауық болыпты. Естеліктерде оңашалықты сүйіп, сан рет ашуға шырақ жаққан Абайдың кемелденген сайын сәби секілді дәрменсіз қалыпқа түскені жазылады.
Иә, ояну әп-сәтте. Біреулер қалың-қалың томдар арқылы оянса, бірі өмірдегі тосын оқиғалар үстінде, терең қайғыда оянады. «Қайғы терең болғанда Құдай жақын, жан нұрлы болғанда бақ өзі қонары» рас. Психолог Виктор Франкл кеудеде жасырынған құндылықтар әлдебір дүниеге шағылу арқылы оянатынын жазады. Мәселен, баланың бойындағы ерлік пен өрлік ертегідегі қаһармандармен бірге оянып, жанын жетілдіруі мүмкін. Виктор Франкл Тәуратты оқып отырып, анасына деген ілтипат-құрметі оянған адамды мысалға келтіреді. Түркияда мектеп оқушыларына оқуға міндетті 50 кітап жүктеледі екен. Әртүрлі әдеби, филсосфиялық, психологиялық кітаптарды оқу арқылы оқушы санасындағы бейімділік талшықтары оянып, солайша қай мамандыққа бейім екенін өзі-ақ түсініп, жүрегі қалаған жолды таңдайды.
Толстойдың күнделігіндегі пікір еске түседі. «Ең үлкен адасушылық – адамдарды біржақты бағалау. Оларды мейірімді немесе ашуланшақ, ақымақ, ақылды деген ой қалыптастыру. Адам ағыс секілді ағып отырады, онда бұл қасиеттердің барлығы да кездеседі. Кейде ақымақ, кейде ақылды, кейде ашуланшақ, кейде мейірімді болады немесе керісінше. Сіз оны бір жақты бағаладыңыз делік, ал ол қазір мүлде өзгерген, өзге адам!» Расында, шын адам – күнделікті оянушы, өзін жетілдіруші, әр оқиғадан сабақ алушы адам.
...Ол бірде оянып кетті. Таң атып кетіпті. Өткен өміріне қараса, қате ұғымға қамалып, неше жылын өткізіпті. Өз ақылымен емес, біреудің саяз ақылымен күн кешіп адасыпты. Істеген қателіктері, мағынасыз сөздері, жұрттың мазасын алған қыршаңқы, дарақы әдеттері еске түсіп жылағысы келді. Бірақ жүрегінің түбінде «Ештеңе кеш емес!» деген үміт оянды. Иә, ештеңе де кеш емес.