Үкімет басшысы Петропавл қаласындағы «Бірлік» шағын ауданында жаңадан бой көтерген үйді аралап, жаңа баспана кілтін алған отбасы мүшелерімен әңгімелесті. Олжас Бектенов ауқымды су тасқынының салдарын жоюда түсіністік танытып, көмектескені үшін тұрғындарға алғысын білдірді. Құрылыс қарқыны мен пайдалануға берілген тұрғын үйдің сапасы, сондай-ақ су тасқынынан кейінгі кезеңде тұрғындарды қолдау мәселесі талқыланды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың барлығының баспанасын қалпына келтіру мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Солтүстік Қазақстан облысы қаладағы су басқан ықшам аудандардағы үйлердің құрылысын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Біздің басты міндетіміз – зардап шеккендердің барлығын суық түскенге дейін үйлеріне көшіру», деп атап өткен Олжас Бектенов әкімдікке іргелес аумақты абаттандыруды тапсырды.
«Бірлік» шағын ауданында барлығы 700 үй мен 90 орындық балабақша салынып жатыр. Жақында ғана отбасыларға қоныстану үшін 53 үйдің кілті берілді. Маусым айының соңына дейін тағы 47 үй беру жоспарланса, 600 үйдің құрылысы биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталады. Бірлік ықшам ауданы қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген, топырақты жолдар салынып, серуендеуге және демалуға арналған аймақтарды абаттандыру жүргізіліп жатыр.
Салынып жатқан құрастырмалы-қалқанды үйлердің сапасы мен технологиясына ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда 100-ден астам учаскеде іргетас қаланып, конструкциялар құрастырыла бастады, сонымен қатар сумен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ сапар барысында Олжас Бектенов қалпына келтіруге жататын үйлерді жөндеу жұмыстарымен танысты. Солтүстік Қазақстан облысы – су тасқыны салдарын жоюға механикаландырылған бригадалар тартылған жалғыз өңір. Мәселен, тек Ойқала шағын ауданында 1 133 үй су басу аймағында болды, оның 309-ы жөндеуді қажет етеді. Жұмыстарды 24 мехбригада кезең-кезеңімен орындап жатыр, Петропавл бойынша барлығы 85 осындай құрама бар. Қазіргі таңда едендерді ауыстыру, қабырғаларды сылау, гипс қатырмасын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Премьер-министр меншік иелері өтемақы түрінде төленген қаражатқа өздері жөндеу жұмыстарын жүргізетін жеке тұрғын үйге де барды. Олжас Бектенов Үкіметтің негізгі міндеті – барлық эвакуацияланған тұрғындарды өз үйлеріне қайтару екенін атап өтті, бүгінде 64 мың адам өз үйлерінде тұрып жатыр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы өңірдегі егіс науқанының қорытындысымен танысып, диқандармен және малшылармен кездесті, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын өндіру зауытында болды.
Сапар барысында Олжас Бектенов «Дайындық Агро» ЖШС алқаптарын аралап көрді. Серіктестік биыл 7,5 мың гектарға жуық алқапқа егін сепкен. Мемлекет басшысының дара дақылды егістен бас тарту мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл мал азығына арналған алқаптар 3 есеге ұлғайтылды.
Ірі агроқұрылымдардың өкілдерімен кездесуде егіс науқаны мәселелері және АӨК-ті қолдау шаралары талқыланды. Өңір жыл сайын елдегі жалпы астық көлемінің 25%-ына дейін және майлы дақылдардың үштен бірін қамтамасыз ету арқылы осы салада көшбасшы болып отыр. Егіс науқаны жақын күндері толығымен аяқталады. Бүгінгі таңда 2,3 млн га алқапқа жоспарланған минералды тыңайтқыш көлемінің 65%-ы енгізілді. Аталған іс-шаралармен барлығы 3 млн га егіс алқабы қамтылады.
Жалпы, еліміздің диқандары көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы өткізу мақсатында барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілгені атап өтілді. Мәселен, Азық-түлік корпорациясы 6,4 млрд теңгеге 44,8 мың тонна бидай көлемінде тұқымдық материалға тауарлық несие берді. Литрі 250 теңге болатын 376 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді, бұл нарықтық бағадан 15%-ға төмен. Отандық тыңайтқыштар үшін 60% ұлғайтылған нормативті көздейтін аванстық субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді. Отандық тыңайтқыш өндірушілермен бөліп төлеу мәселесі пысықталды.
«Біз бүгінде әлемдік нарықта сұранысқа ие экологиялық таза, табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреміз. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешеніне жеңілдетілген несие беру және субсидиялау түрінде үлкен қолдау көрсетіліп жатыр, олардың көлемі жылдан-жылға артып келеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында шығарылатын барлық өнімді өңдеу және экспорттау маңызды. Ол үшін еңбек өнімділігін тұрақты түрде арттырып, жаңа технологиялар мен тәсілдерді енгізу қажет», деп атап өтті О.Бектенов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр заманауи сүт-тауар фермаларын салуға 100 млрд теңге жеңілдетілген несие қаражаты бөлінген болатын. Тауар өндірушілерге тек сүт өндіру мен өткізу үшін субсидия түрінде жыл сайын 24 млрд теңгеге жуық қаржы аударылады.
Премьер-министр «Иван Зенченко» ірі сүт-тауар фермасының мысалында өңірдің сүт өнеркәсібінің әлеуетін одан әрі кеңейту мәселесіне баса назар аударды. Онда технологиялық үдерістер мен шығарылатын өнім түрлері қаралды. СҚО-да елімізде шығарылатын сүттің жалпы көлемінің 13%-дан астамы өндіріледі.
Малшылар күні кәсіби мерекесі қарсаңында Олжас Бектенов өңірдегі ірі мал шаруашылығы өкілдерімен кездесіп, олармен саланы одан әрі дамыту келешегін талқылап, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 49%-дан астамы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі екенін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысында Олжас Бектенов неміс технологиясы бойынша ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылатын CLAAS зауытында болды. Кәсіпорын сұранысқа ие көптеген ауыл шаруашылығы техникаларын шығарады. Биыл нарықты 523 жаңа техникамен, атап айтсақ: 103 трактор, 180 комбайн, 165 дестелегішпен және 75 егіс кешенімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
«Қазақстандық фермерлер арасында жоғары сапалы ауыл шаруашылығы техникасына сұраныс артып келеді. Енді компанияның міндеті – өндірісті локализациялау деңгейін жыл сайын арттыру. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл мәселені бақылауда ұстауға тиіс», деді О.Бектенов.