Өндіріс • 12 Маусым, 2024

Еңбекқор ел ештеңеден тарықпайды

63 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан облысында әр ауданды өз ерекшелігіне сай салаға бейімдеуге басымдық берілген. Мысалы, өңір тұрғындары Бәйдібек, Сайрам аудандарында мал шаруашылығы, Шардарада балық өндіру дамығанын айтады. Сарыағаш десе, ел жүзімді алқаптарды еске түсіреді. Облыс басшысы да әр өңірдің өзіндік ерекшелігін қарастыра келе, сол бағытқа бет бұру, жаппай мал өсіріп, не қызанақ егіп, қалған салалар құр қалмау керектігін аудан әкімдеріне ескерткен.

Еңбекқор ел ештеңеден тарықпайды

Сайрам ауданына сапарымызда бұл ерекшелік пен ескертудің нәтижесі­не көз жеткіздік. Яғни мал асырап, көк­өніс егуден басқа бағыттар да өркен­деп келеді. Мысалы, Ақсукент аулында «Bella mebel» брендімен өнім шығаратын жиһаз фабрикасы 2017 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істейді. Бүгінде компания оңтүстік өңірдегі жиһаз нарығында өз орнын ойып тұрып алды деуге болады. Отбасылық бизнеске Дилдора Нуриддинова көп кәсіпкер сияқты саудадан келіпті. Бастапқыда олар Сербия мен Италияда жасалған жиһаздарды көтерме бағамен сатқан. Жиһаздың түр-түрін көріп жүріп, сондай дүниелерді өздері жасауға бел буады. Нәтижесі жаман емес. Қазір фабрикада 150-ден аса білікті маман жұмыс істейді. Жұмсақ жиһаздың 120 түрі шығады. Арзаны да, қымбаты да бар. Тұтынушы қалтасына қарай кез келген үлгіні таңдай алады.

Жиһаз фабрикасындағы «Заманауи», «Неоклассика», «Дәстүрлі классика», «Прованс» және «Винтаж» стиліндегі өнімдер неміс, италия жабдықтарында, заманауи материалдарды қолдана отырып жасалады. Сондай-ақ фабрика өнім­дері сапа менеджменті мен эко­ло­гиялық таза деген сертификатпен расталған. Өндіріс орны италиялық дизайнерлердің қатысуымен экологиялық таза материалдар мен се­німді компоненттерді пайдалана оты­рып, тұтынушыға тек жоғары сапалы жиһаз ұсынады. Компания жиһаз өндірісіндегі айналым қаражатын толықтыру үшін жылына 21,75%-бен 2022 жылы «Forte Bank»-тен несие алған.

п

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 13,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. «Жоғары сапа, заманауи дизайн, қолайлы баға­лар, ең бастысы сатып алушылардың ризашылығы – біздің бизнесіміздің бас­ты құндылығы. Бүгін біз дайын өнімді Әзербайжан, Ресей және Өзбекстан елдеріне экспорттаймыз», дейді зауыт директоры Дильдора Нуриддинова.

Осы аудандағы «Наурыз-5» ЖШС «Korkem» сауда белгісімен жеміс және көкөніс өңдеумен, консервілеумен айналысады. Компания өткен жылы жабдықтар сатып алу үшін «Halyk Bank»-тен жылдық 21,75%-бен несие алған, оның 16,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Барлық өнім сертификатталған. 2002 жылы негізі қаланған өндіріс орны тәулігіне 10 тоннаға дейін консервіленген өнім шы­ғаратын әмбебап технологиялық желі­мен қамтылған. За­манауи жаб­дықтар сатып алуға қомақты инвес­тиция салынған. Өнім еліміздің барлық об­лы­сында сатылады.

Консерві жасауға жоғары сапалы өнімдер, салат, томат тұздықтары, маринадтар мен джемдер үшін жаңа піскен көкөніс, жидек қолданылады. Оның барлығы компанияның өз рецеп­ті­сімен дайындалады. Айына орта есеппен 50 тоннадан астам өнім нарыққа шығарылып отыр.

Ал ет өндірісімен айналысатын «Nurym Group» ЖШС тағы бір ерекше жобаны қолға алған. Енді мұнда түйір­шіктелген жем жасау өндірісі іске қосылады. Жоба негізінен ет өнді­рі­сін кеңейтуге бағытталған. Мал шар­­уа­­шылығы, ет өңдеу, ет саудасы, жем өндірісі қатар атқарылады. Құрылымында бордақылау алаңы мен мал базасы және қоймалар бар. 2018 жылы жұмысын бастаған кәсіпорында ірі қара өсіріледі. Бүгінде 6 мыңға жуық ірі қара мал бордақыланып жатыр. Компания 2021 жылы 5 мың бас бұқа сатып алған. Өңдеу қуаттылығы – жылына 5 мың тонна ет. Өнім Иран мен Өзбекстанға экспортталады. Жақында мұнда инновациялық технологияларды қолдана отырып, түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске асырылады. Атал­ған зауытта сағатына 20 тонна түйір­шік­тел­ген жем шығарылмақ. Өндіріс орны жанынан арнайы зертхана мен 20 мың тоннаға дейін мал азығын сақтайтын қойма салу да жоспарланған. Алдағы уақытта зауытта бірнеше азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Оған қоса аудандағы қасапханалардан шыққан қалдықтарды терең өңдеу мәсе­лесі де қолға алынбақ. Тағы бір ма­ңызды жоба ет өңдейтін зауыттың құрылысы биыл басталады. Кәсіпорында күніне 1 000 ірі қара мал сойылады. Малдың қаны мен сүйегін, ішек-қарнын, терісін де пайдаға асыратын жаңа кәсіпорын 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Ауданда полиэтилен және поливинилхлорид құбырларын шығаратын зауыт та жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын өнімдеріне кейінгі кездері сұраныс артқан. Себебі су, газ жүйесі мен дре­наж­дық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде қарқын алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру белсенді жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама негізінде іске қосылған «Оңтүстік Қазақстан полиэти­лен құбырлары» зауыты бастапқыда резеңке мен пластик бұйымдар шығарса, кейіннен су құбыры өндірісін қолға алған. Қазір 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған зауытта полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрі шығарылады. Дайын өнім газ бен суды тасымалдауға және құрылысқа пай­даланылады. Мұнда жылына қа­лыңдығы 630 миллиметрге дейінгі ірілі-ұсақты 10 мың тонна полиэтилен құ­быр­лары өндіріліп, еліміздің бірнеше аймағына жөнелтіледі. Ал диаметрі 400 миллиметр болатын поливинилхлорид құбырларын елімізде жалғыз осы зауыт өндіреді екен.

Зауытта жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Өндіріске қажетті барлық техника Германияның «Крас Маффай» фирмасынан әкелінген. Өнді­ріс­ке қажет шикізат қазір көршілес Өзбек­станнан жеткізіледі. Кәсіпорынның жыл­дық тауар айналымы – 4 млрд теңге.

Халық саны 237 мыңнан асатын аудан­да көкөніс, жеміс-жидек, ет пен сүт көп өндіріледі. Оған біз жоғарыда айтып өткен тұрмысқа, ауыл шаруашылығына қажетті заттар шығаратын кәсіпорындар қосылып отыр. Яғни тұрғындар тұрмыс-тіршілікке қажеттіні алыстан іздемейді. Бұл орайда шағын кәсіпкерліктің дамуы­на, өндіріс орындарының көптеп ашылуына үлес қосуға ниеттілерге ауданда жағдай жасалып жатыр.

 

Түркістан облысы