Сауалнама қорытындысына сүйенсек, балаларының экран алдындағы уақытын бақылау маңызды деген тұжырыммен ата-аналардың 88%-ы келіседі. Жартысынан көбі (55%) экран алдындағы уақытты шектейді. Ата-аналардың 78%-ы балалар экран алдында тым көп отырғандықтан әлеуметтік дағдыларды үйренуге жеткіліксіз уақыт арнайды деп санайды. Ал 70%-ы техно-ғасырда ата-ана болу қиын десе, оның жартысы балаларының жалғыздығына алаңдайды. 18 жасқа толмаған балалары бар ата-аналардың 62%-ы ата-ана болу олар күткеннен де қиын екенін жеткізген.
Бала тәрбиесінде технологиялар көптеген мәселенің көзі саналғанмен, оны көмекші құрал ретінде де пайдалануға болады. Жасанды интеллект құралдары әр баланың диета қалауы немесе уақыт кестесі сияқты қажеттіліктерін бақылауға көмектесе алады. Америкалық ата-аналардың 57%-ы ЖИ арқылы осы үдерістің жеңілдегенін қалайды. Мысалы, «OpenAI» компаниясы ұсынған «Milo» қосымшасы мәтіндер, дауыстық хабарламалар және күнтізбелерден ақпаратты жинақтап, оны қолданушыға еске салып отырады.
Дереккөз: «Ipsos» сауалнама қорытындысы. (Сауалнама 2024 жылғы 18-22 қаңтарда 18 жасқа толмаған балалар мен болашақта балалы болуды жоспарлаған 614 ересектің арасында жүргізілген)
Есепте келтірілген деректерге сүйенсек, әр төрт ата-ананың үшеуі өзінің бала кезімен салыстырғанда қазір алаңдаушылық тудыратын мәселелер көп деп санайды. Олардың қатарында психикалық денсаулық, буллинг, жыныстық қатынас пен адам саудасы бар.
18-34 жастағы америкалықтардың 41%-ы психикалық денсаулық ата-ана ретінде балаларын тәрбиелеудегі ең маңызды мәселе ретінде жеткізген. Сондай-ақ ата-аналар балаларының жоғары оқу орнын аяқтап, балалы болғанының орнына олардың қаржылық тәуелсіздік пен жұмысымен қанағаттануын көргісі келетінін атап өткен.
Ата-аналар балаларын кезінде өздерін өсіргендей тәрбиелеу керек пе, әлде басқаша жолды ұстанған жөн бе деген мәселеде екіге бөлінеді. Өздері көрген тәрбиені баласына беруге тырысатындар құндылықтар мен дінге назар қойса, басқаша әдісті таңдағандар махаббат, ашықтық пен тәртіпке көңіл бөледі. Ата-аналардың көбі кезінде өздері көрген тәрбиедегі қатаң әдістерден бас тартады. Жасы кіші ата-аналар баланы өбектеп өсірсе, жасы үлкендеу ата-аналар өзі көрген тәрбие моделін ұстануға бейім.
Ата-аналардың қалауы мен алаңдаушылығы олардың уақыты мен ақшасын қалай жұмсайтынына ғана емес, брендтер мен ұйымдарға көзқарасын қалыптастырады. Кәсіпкерлер мен саясаткерлер осыған зер салуы қажет. Мысалы, «Ферреро» компаниясы АҚШ-та «Kinder» тәттілерін нарыққа қосқысы келгенде ата-аналардың өзгергенін байқаған. Бұрын үш түрлі ата-ана түрі болса (дәстүрлі авторитарлық, бәрін рұқсат етуші және осы екі ортадағы ата-аналар тобы), зерттеу барысында олар қазір ата-ана тәрбиесіндегі одан да күрделі көзқарас пен мінез-құлық үлгілері бар екенін және авторитарлық ата-аналар тобының азайғанын анықтаған.
Зерттеу деректеріне сүйенсек, әлеуетті ата-аналардың 72%-ы олардың балалы болу шешіміне қымбатшылық, баға әсер ететінін айтқан. Қазіргі ата-аналар орта тап табысының төмендеуі, автокөлікке негізделген өмір салты және гендерлік рөлдердің өзгеруі сияқты қиындықтармен бетпе-бет келіп жатыр. Салдарынан отбасына шаққандағы балалардың саны азайып немесе кеш туылады. Сондай-ақ жастар мен Z ұрпағы үшін климаттың өзгеруі – отбасын жоспарлау шешіміне әсер етуші фактордың бірі. Көпшілігі климаттық дағдарыстың салдары туралы алаңдаушылықтан балалы болудан тартынады.
«Ipsos» ұсынған есептегі деректер мен статистикалық мәліметтер болашақ ұрпаққа тәрбие беруде бүгінде қалыптасып отырған әлеуметтік үдерістерді түсінуге, ғылыми негіздеп, оң шешімін ұсынуға көмекші құрал бола алады.
Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы