Таным • 12 Маусым, 2024

Экстраверт пен интроверт

55 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адам мінезі әртүрлі. Швейцариялық психолог Карл Густав Юнг мі­незді зерделей келе, экстраверт адамдар мен интроверт адам­дардың анықтамасын жасаған-ды.

Экстраверт пен интроверт

Экстраверт – өзгелермен аралас-құраласқа бейім, тіл табысуға, дос болуға құштар жандар. Бұл типтегі адамдар ел алдында шешіле сөйлеп, мінберлерден жұртты еліктіріп алып кете алады. Әрі кез келген қуанышы мен сүйінішін сыртқы ортамен бөлісіп, көбіне іште сыр сақтамайды. Ал интроверт адамдар – оңашалықты сүйетін, өз ішіне терең үңіліп, жан кеңістігінде өмір сүретін жандар. Интроверттер көпшілік ішінде жүруді құп көрмей, жалғыздыққа жаны елтіп тұрады. Кісімен лезде қарым-қатынасқа түсе алмай, тұйық, жабық күйде ғұмыр кешеді. Пси­хо­логтер интроверттер көбіне шы­ғармашылық адамдары болатынын айтады.

Қоғамда экстраверттер көп пе, әлде интроверттер көп пе? Меніңше, экстраверттер көп. Үнемі жұрттың назарында болғысы келетін, араласатын адамдары да көл-көсір, ортаны баурап сөз сапырып, бақытты іштен емес, сырттан іздеуге бейім бұл тип әр тұстан қылаң береді. Неге экстраверттер көп? Себебі қоғам адамдарды соған тәрбиеледі. Теледидардан кім көп көрінсе, сол жұлдыз, сол адамдардың алды саналды. Кімнің таныс-тамыры мол, тілі жұқа, мінезі бұрышсыз болса, сол діттегеніне тез жетті. Ал үндемей-ақ үйдей іс тындырып, айғайсыз-ақ ұлтқа толағай еңбек сіңіріп жүрген қарапайым еңбек адамдары назардан тыс қалды. Ел руханиятына соны леп қосқан, ұлттың ақылын арттырған іргелі ғалымдардан дене еңбегімен айналысатын спортшылар танымал, бетке ұстар болды. Даңғаза жасамай-ақ, сабырмен тереңге бет қойған өнерпаздан, құр даусын зорайтқан «уақыт құрбаны» артық саналды. Міне, осы тенденциялардан болмысы аномалияға ұшыраған экстраверт ұрпақ өсіп жетілді.

Әлемге сәуле шашқан үздік жа­ңалықтың көбі тұйық адамдар қолымен, яғни интроверттер арқылы ашылған деседі. Олар – өз ісінің маманы, өз басының капитандары. Конфуций айтқандай, «әке – әке, ал ұл – ұл болып», «әркім өз ауласын сы­пырса, бүкіл қоғамның таза болары» анық.