Қоғам • 13 Маусым, 2024

Әлеуметтік қолдау қадамдары

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтырғы 1 шілдеден бастап елімізде Әлеуметтік кодекс күшіне еніп, зейнетақы жүйесіне біраз өзгеріс енді. Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілді. Ана мен баланы қорғау жүйесінде де елеулі өзгеріс бар. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иеленген аналар жәрдемақыларының мөлшері сараланып, бала күтімімен отырғандар бір жарым жасқа дейін жәрдемақы алуға мүмкіндік алды.

Әлеуметтік қолдау қадамдары

Сондай-ақ осы Әлеу­мет­тік кодекс аясында мүгедектігі бар аза­мат­­тарға қатысты көптеген жүйелі өзгеріс енгізілді. Қызыл­орда облысына сапармен келген Еңбек және халықты әлеумет­тік қор­ғау вице-министрі Назгүл Сағын­дықова облыс тұрғын­дары­мен кездесуде әлеумет­тік қолдаудың осындай қадамдары туралы кеңінен айтты.

Қазір атаулы әлеуметтік кө­мекті есептегенде өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейіне мән берсек, 2025 жылдан бастап бұл есеп­теулерде медианалық табыс негізге алынады. Бұл АӘК мөл­шерін біршама көтереді.

«Атаулы әлеуметтік көмекті есептегенде табыс көздерін ғана емес шығысты да ескеру өте маңызды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл жаңалық келер жылы жүзе­ге асырыла бастайды. Жалпы, Әлеуметтік кодекс аясын­да мү­ге­­­дектігі бар азаматтарды қол­дау жүйесін трансформа­ция­лау қарастырылған. Мыса­лы, денсаулық сақтау, білім жан басына шаққандағы қар­жы­лан­дыруға көшіп, ол салаларға жеке бизнес келе бас­тады. Осы арқы­лы жеке емдеу мекемелері, жеке­меншік мектептер мен бала­бақ­шалар пайда болды. Кодекс­ шеңберін­де енді жақсы нәтиже көрсет­кен жан басына шақ­қан­дағы қаржыландыру тәсілі біз­дің салада да қолданыла бас­тайды. Осы күні ауылдарда ин­фра­құрылым жоқтығынан мүге­дек­тігі бар азаматтар қалаға көшіп жа­тыр ғой. Енді біздің тариф­тер­ді пайдалану арқылы биз­нес жер­гілікті жерлерде аза­мат­­тарға қо­лайлы жағдай жасайды», дейді вице-министр.

Арнаулы әлеуметтік қызмет­тердің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік сақтандыру жүйесін жаңғырту мәселелері сөз болған кездесуде министр орынбасары өткен жылғы атқарылған жұмыстар қорытындысын да баян етті. Мысалы, «Отбасының цифрлық картасы» осы саладағы тиімді құрал болып отыр. Көп­балалы отбасыларды қолдау қадамдары да нәтижесіз емес. Мысалы, 2019 жылы еліміз бо­йынша осы қатарда 230 мың отбасы болса, бес жыл ішінде олардың саны 2,5 есеге артқан.

Вице-министр былтыр жергі­лікті атқарушы билік Қызыл­орда облысында 366 нысанды мүге­­дек­ті­гі бар адамдардың бар­лық санаты үшін бейім­дегенін атап өтті.

Кездесуден кейін вице-министр тұрғындарды жеке қабылдады. Сапар аясында ол балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік қызметтер көрсететін орталыққа барды.

 

Қызылорда