Ұлттық қорғаныс университеті жыл сайын Қарулы күштер бас штабының академиясы факультетінде жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық деңгейдегі басқару мамандарын дайындап шығарады. Офицерлер магистратураның білім беру бағдарламасына сәйкес теориялық оқыту мен әскери тағылымдаманың толық курсынан өтеді. Биылғы түлектер 9 мамандық пен 22 біліктілік бойынша Мемлекеттік аттестаттау комиссиясы жүргізген қорытынды аттестаттау барысында жоғары білімдерін көрсетті.
Офицерлік шен тапсыру рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚК бас штабының басшысы, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов арнайы келді. Сөз арасында офицерлердің, болашақ әскербасылардың және әскери басқару органдары басшыларының жаңа плеядасы дайындалып жатқанын атап өтті.
– Егемен Қазақстан Қарулы күштері құрылған алғашқы күннен бастап нормативтік-құқықтық базаны қалыптастырумен, ұйымдық-штаттық құрылымды оңтайландырумен және әскерлерді техникалық жарақтандырумен қатар әскери кадрларды дайындаудың көпдеңгейлі жүйесін құру басым бағыт болғанын атап өткен жөн. Бұл қадам бүгінде өзін толық ақтады деуге негіз бар. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде адам әлеуетіне ерекше маңыз берілген. Ел Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердің одан әрі дамуына баса назар аударып келеді. Бізге басқару жүйесін жаңғырту, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетін арттыру, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, роботтандыру мен жасанды интеллектіні енгізумен айналысу керек. Армияның кадрлық әлеуетін нығайтудағы Ұлттық қорғаныс университетінің рөліне тоқталғанда, мұнда бірегей ғылыми зерттеу және білім беру ортасы құрылғанын да ескеру маңызды. Алдағы уақытта да ҰҚУ-дың дамуы жалғасып, келесі оқу жылынан бастап жаңа кафедра, факультет пен зертханалар ашылады. Сонымен қатар магистранттар мен докторанттарға арналған білім беру бағдарламалары мен пәндер желісі де кеңейтіледі, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.
Жоғары оқу орны ведомствоаралық ғылыми білім беру орталығы болып есептеледі. Мұны ескерген Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары құттықтау сөзінде профессорлық оқытушылар құрамына, ғылыми қызметкерлерге алғысын білдірді. Әрі Қазақстан армиясының қатары ең беделді әскери оқу орнында білім алған жоғары білікті мамандармен толығатынын және түлектердің алдында офицерлер корпусының беделін жоғары деңгейге көтеру міндеті тұрғанын жеткізді.
Биыл магистратураны «Әскери істегі стратегиялық менеджмент» бағдарламасы бойынша 8 офицер бітірген. Олардың қатарында оқуын үздік аяқтаған полковник Мұрат Жүсіпов бар. Ал оқудың барлық кезеңінде жан-жақты қамтамасыз ету факультетінің түлектері, подполковник Диас Қанафин мен майор Иван Битюков өте жақсы білімін көрсетіп, қорытынды аттестаттауды тек «өте жақсы» бағаға тапсырған.
Оқудың барлық кезеңінде «өте жақсы» деген баға алып, қорытынды аттестаттаудан «өте жақсы» өткен магистранттарға төсбелгі беріліп, олардың аты-жөні оқу орнының Құрмет тақтасына жазылады.
Бір айта кетерлігі, білім ордасы магистратураның білім беру бағдарламалары негізінде Қазақстанның басқа әскерлері мен әскери құралымдары үшін кадр дайындауды жүзеге асырады. Биыл оқу орнын Ұлттық ұланның 23 әскери қызметшісі, ҰҚК Шекара қызметінен 14 адам және Төтенше жағдайлар министрлігінен 5 адам бітіріп шықты. Сондай-ақ Тәжікстан Республикасының 16, Қырғыз Республикасының 4 әскери қызметшісі бар. Университетте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің офицерлері де тұрақты негізде оқып, білім алады.