Фото: aikyn.kz
Қоғамды, халықты, мемлекетті алға сүйреп, мәдениетін өрістететін Мұраттай азаматтардың кеңес өкіметі кезінде тууы – ұлттың жетістігі мен бақыты дер едім. Мұндай азаматтарсыз халық та, ұлт та теңеліп, қатарға қосылуы екіталай еді. Қазақ тарихында ХХ ғасыр ең ауыр да мехнатты, алмағайып заман болды. Құрып кете жаздадық. 1916 жылдан, кеңес өкіметі орнағаннан бастап, ұжымдастыру қасіретін айтып тауысу мүмкін емес. Бәрі – қолдан жасалған қастандық. Қаншама аштық пен таршылық, қолдан қырып жіберу әрекеттері... Ол аз болғандай, 1937–1938 жылғы қанды қырғын күтіп тұрды Алаш көшбасшыларын. Ол қырғын мен зұлмат соғыстан кейін де тыйылмағанын кеңес заманында «Жас тұлпарды» құрған студент Мұрат Әуезов айта алғанының өзі ерлікке пара-пар. Мұрат әлгіндей қастандықтар мен қызыл қырғынды тігісін жатқыза айтып қана қойған жоқ, сондай әділетсіздікке қарсы күресе де білді. Алматыда неге жалғыз-ақ қазақ мектебі, республикада қазақтың үлесі неге отыз-ақ пайыз деген сұрақтарды төтесінен қоюы – ол заманда бас кететін іс. Мәдени майдандағы маңызды өзге де еңбектерін тізбесек те, міне, ұлт қандай тұлғасынан көз жазып отыр... Мұраттың қазасына байланысты қазақ халқына көңіл айтамын.
Марат Сембі,
«Жас тұлпар» ұйымының мүшесі, досы