Қоғам • 21 Маусым, 2024

БАҚ: Мемлекет және қоғам мүддесі

119 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Ақорданың баспасөз қыз­меті хабар­лағандай, қабылданған жаңа заң – Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныс­тарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұ­қаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасының қорытындысы, нақты нәтижесі.

БАҚ: Мемлекет және қоғам мүддесі

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қажетті өзгеріс пен толықтырулар

Жаңа заңды осы кезге дейін қолданыста болған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелерінің жиынтығы деуге де болады. Ал аталған заңдар алдағы уақытта күшін жояды. Дегенмен жаңа заңда бірқатар тың ережелер де қарастырылған. Атап айтсақ, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізі­ліп отыр. Сондай-ақ заң­дағы негіз­гі ұғымдар қата­рына «ақ­парат­т­ық егемендік» деген де түсі­нік кір­гізіліпті. Яғни бұл – ақпа­рат­тық күн тәртібін қалыптас­ты­ру­да рес­публика азамат­тары­ның қо­ғамдық-саяси дербес­тігін айқын­дайтын еліміз­дің ақпа­рат­тық ке­ңіс­тігінің тәуел­сіздігі. Бұ­рынғы заң­да да сөз бен шы­ғар­ма­шылық, көз­қарастар бостан­ды­ғы­на Конс­титу­­ция кепілдік беріп, цензураға жол б­еріл­мегенімен ақпараттық егемен­дік туралы түсінік, норма жоқ еді.

Сонымен қатар жаңа заңның мүмкіндіктері аясында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын Бірыңғай медиа платформа құрылмақ. Оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңай­латылған тәртібі арқылы (аккреди­тация карталарын берудің авто­маттандырылған үдерісі) журна­листерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттер қарастырылған.

Тағы бір айта кетерлігі, журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленген. Яғни жур­налистің құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғайтын «жур­налистің ерек­ше мәртебесі» деген ұғым енгізі­­ліп отыр. Ал шындыққа сәйкес келмей­тін және азаматтардың ар-намы­сына, қадір-қасиетіне және іскерл­ік беделіне нұқсан келтіретін мәлімет­терді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімі бұқаралық ақпа­рат құ­рал­дарында мәліметтер жария­лан­ған күннен бастап 1 жыл деп белгіленген.

Осы заңның жетістіктерінің бірі деп шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібінің жетілдірілгенін айта кет­кен жөн. Ендігі жерде тілшілердің сұра­туларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылып отыр. Бұл журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік бермек.

БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеу мақсатында заңда қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделген. Кеңес­тер республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылуы мүмкін. Бұл кеңестердің негізгі қызметі – Жур­налистердің әдеп кодексін әзірлеу. Гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдірілді.

 

Қоғамдық дау тудырған норма

Заңның әу бастағы жобасында журналист құқығын шектейтін нор­малардың да болғаны рас. Солар­дың бірі әрі бастысы – баспасөз картасы. Яғни заң жобасында жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылған болатын.

– Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы демократиялық қағидаттарға қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат тарату­ға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша дер кезінде нақты шешім қабылданып, баспасөз картасы туралы норма жойылды, – дейді Мәжіліс депутаты Ж.Әшімжанов.

Ал сенатор Бибігүл Жексенбай да заңда біршама оң өзгерістер егізілгенін айтып, әсіресе телеар­налардағы қазақ тілді контенттің үлесі 60 пайызға дейін ұлғайғанына айрықша тоқталды.

– Бұл заң жобасы кезінде Парламент палаталарының күн тәртібінде, өзге де басқосуларда ұзақ талқыланғанын айта кету керек. Біз де қарап отырмай, екі жыл бұрын қоғамдық ұйым ретінде Бас редакторлар клубы атынан біраз ұсынысымызды берген­біз. Әрине, жұмыс топтарын­дағы, Мәжілістегі талқылаулар кезінде көптеген ұсыныс өтпей қалды. Дегенмен қабылданған жаңа заңда оң өзгерістер де бар екенін жоқ­қа шығармаймыз. Әсіресе бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі болып отырған қазақ тілді және отандық контенттің үлесін 50 пайыздан 60 пайызға дейін арттыру көңіл көншітерлік-ақ нәтиже. Өз басым бұл үлесті 70-80 пайызға дейін ұлғайтуды ұсынғанмын. Менің ойымша, 60 па­йыз деген әлі де аз. Бірақ ең бастысы, сең қозғалды. Осылайша, бірте-бірте көтере береміз деген үмітім бар, – дейді сенатор.

Бибігүл Нұрғалиқызы бүгінгі күйіп тұрған контент мәселесіне дәл қазір көңіл бөлмесек, уақыт өте оның үлкен зардабын тартуымыз әбден мүмкін екенін айта кетті.

 

Заңның аты ғана емес, заты да өзгерді

Жылға жуық уақыт бойы Пар­ламенттің қос палатасында талқы­ланған заң жобасын әзірлеу оңай­ға соқпағаны анық. Осы заң төңі­ре­гіндегі болып жатқан тартысқа толы жиын, кеңестер жайлы ақпарат құрал­дарынан жиі хабар алып отырдық. Мәжіліс мінберінде, комитет отырыстарында, жұмыс тобының жиын­дарында қарама-қайшы пікір, ұстанымдар да аз болмады. Жұмыс тобының жетекшісі болған Мә­жіліс депутаты Жанарбек Әшім­жанов заңның аты ғана емес, заты да өзгергенін алға тартты. Оған қоса енгізілген өзгерістің бірқатарына тоқталды.

– Мәжілісте 110 адамнан құрылған жұмыс тобының жетекшісі ретінде БАҚ өкілдері, медиа сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдерімен ортақ алаңда жұмыс тобының 57 отырысын өткізіп, заң жобасына көптеген өзгеріс пен толықтыру енгіздік. Заңның аты ғана емес, заты өзгерді деп айтуға болады.

Айрықша атап өтерлігі, мем­лекеттік емес бұқаралық ақпарат құрал­дарына отандық контентті дамыту, гранттық қаржыландыру жағы реттелетін болды. Бұл өз кезегін­де елдегі медиа кеңістігіндегі бәсе­келестікті алға сүйреуге тиіс.

Сонымен қатар балалар басылымдары мен өңірлік газет-журналдарын қаржылай қолдауға басымдық беріліп отыр. Бұл өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының қаржылық тығырықтан шығуына септігін тигізіп, шығармашылық бәсекелесті күшейтуге ықпал етеді.

БАҚ-та жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұл­ғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленгені өз кезегінде жал­ған ақпарат таратуға тосқауыл қойып, ақпараттың шынайылығына деген талапты күшейтпек.

БАҚ қызметін өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде құрылатын қоғамдық-кәсіп­тік кеңес пен қабылданатын журналистердің әдеп кодексін де заңның күшейтілгені деп айта аламыз, – дейді Ж.Әшімжанов.

 

Мемлекеттік тілдің мәртебесі артпақ

Сондай-ақ жұмыс тобының жетекшісі Ж.Әшімжанов Мәжіліс мін­берінде депутаттық корпустың табан­дап тұрып талқыланған тақы­рып – мемлекеттік тілдегі теле, радио­бағ­дарламалардың апта сайынғы кө­лемін арттыру болғанын атап өтті. Нә­­тижесінде, мемлекет­тік тілдің кө­ле­мін 50 пайыздан 60 пайызға дейін кезең-кезеңі­мен ұлғайту белгіленіп отыр. Тіпті бұл межені 2025 жылдан бастап – 55, 2027 жылдан бастап 60 па­йызға жеткізу көзделмек.

– Сонымен қатар отандық теле, радио бағдарламалардың және отандық авторлардың/орын­дау­шылардың музыкалық шығар­ма­ларының отандық теле, радиоар­на­лардағы көлемін 50 пайыздан 60 па­йызға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жағы көзделмек.

Қоғамның дертіне айналған әсіресе жасөспірімдер арасындағы суицид тақыбырына шектеу қойып отырмыз. Ендігіде ақпарат айдынында суицид жасау тәсілдері және суицидке шақыру туралы ақпарат таратуға тыйым салынбақ.

Теле, радиоларда рухани кеңіс­тігімізге шетелдік бағдарламалар арқылы сыналап еніп жатқан «ви­рустардың» алдын алу мақсатында отандық теле, радиоарналар­дағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20-дан 10 пайызға дейін азайту белгіленіп отыр.

Кейінгі кездері журналис­тер қауымы түрлі деңгейде қауіп-қатер­лер­ге тап болып жатқандығын көз көріп, құлақ естіп жүр. Осы олқылық­тың алдын алу мақсатында аталған заң жобасында журналис­тің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілді.

Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруге бағытталған заң жобасында сала қызметінің мақсаттары, қағидаттары мен міндеттер нақты бекітілді, – дейді Ж.Әшімжанов.

Депутат заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық ұйымдар өкілдерімен, елшілермен, журналис­термен, депутаттармен де арнайы талқылаулар ұйымдастырылғанын айтып өтті.

Парламентте комитет төраға­сының және жұмыс тобының мү­шелерінің қатысуымен ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі ресми өкілі Тереза Риберо ханым бастаған делегациямен де заң жобаларына қатысты келелі кездесу өткен екен. Яғни халықаралық қоғамдастық өкілдері де аталған заң жобасына қатысты өздерінің қолдауларымен қоса нақты ұсыныстарын айтқан.

– Парламенттің қоғамдық па­латасының Алматы қаласындағы көшпелі отырысында барлық тарап­тың қатысуымен ашық талқыланды. Салыстырмалы кесте негізгі заң жобасы бойынша – 200, ілеспе заң жобасы бойынша 43 қабылданған позициядан тұрады. Осы орайда жұмыс тобының барлық мүшесіне, қоғам өкілдеріне, журналистер қауымына заң жобаларын талқылауға және жетілдіруге белсенді қатысқаны үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Өйткені бұл заң жобасы бірінші кезекте кәсіби журналистердің кедергісіз жұмыс істеуіне, ақпараттық кеңіс­тік­тің ашықтығы мен ықпалды­ғын, тиімділігін арттыруға, ақпарат таратуда бәсекелестіктің дұрыс бағытта дамуына, жалпы қоғамдық-саяси өміріміздің тұрақтылығы мен мемлекеттік саясаттың ілгері жылжуына әсер ететіні даусыз. Бұл – Мемлекет басшысының аталған заң жобасын жетілдіру бағытындағы берген тапсырмасының негізгі өзегі, – дейді жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Ж.Әшімжанов.

Осылайша, Парламент Мәжі­лісінің барлық комитетінің оң қорытындыларын алған отандық бұқаралық ақпарат кеңістігіне «масс-медиа» және «онлайн-платформалар» деген жаңа терминдердің енгізілуіне байланысты Қазақстан Республикасының 4 кодексіне және 21 заңына түзетулер енгізілді. Бұдан басқа, көптеген жекелеген норма нақтыланып, заң жобасының мазмұнын жақсартатын редакциялық түзетулер де көрініс тапты.