Мирас • 25 Маусым, 2024

Арқада салған ән қандай?..

130 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұндай концертті көрген де, көрмеген де арманда. Көктемде Астанаға жер жәннаты Жетісу көшіп келгендей, сол өңірдің ән-күй өнері қалықтаған. Осы жолы Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұйымдастыруымен «Арқаның ән-күй мұрасы» атты дәстүрлі өнер кеші аталған ұйым ғимаратында аспандады. Ән-күйі мен әңгімесі қоса есілген кеш Біржан салдың 190 жылдығына орайластырылғаны және бар.

Арқада салған ән қандай?..

Арқа мәдениетінің кін­дігі Қояндыдан ке­йін осы Қараөткел бол­ғанын ешкім жоққа шығара қой­мас. Ертеден өнердің астанасындай жарқырағаны, сал-серілер ту тіккені байқалады. Атақты Мәди «міндім де Қаракөкпен жылыс­тадым, бардым да Қараөткел­ге жыл қыстадым» дейді. Балуан Шолақ Қараөткелдің базарын­да Ғалия деп ән салғаны бел­гілі. Ғазиз ақын «әнші жоқ Қара­өт­келде менен асқан» деп масатта­нады. Ықылас Дүкенұлының осында қобыз шалғаны туралы әңгімені Тәкен Әлімқұлов тасқа қашап кеткен. Қазір Алаш даласының әр түкпіріндегі ән-күй өнерін әйгілеп жүрген небір саңлақ өнерпаздар Астананың төріндегі «Қазақконцерттің» «Ха­лық қазынасы» ұлттық өнер ор­талығында. Жасыратыны жоқ, Тәттімбеттің «Бестөресін» Бауыр­жан Мұхаметбай таза сыбызғы­­да орындап шыққанда таңғалмас­қа қоймады. Домбырадай бе­беу қақтырмаса да, сыбызғы үні­нен асқан бір жайлылық еседі. «Жаяулатса, баяулап, Арқаның қоңыр желіндей. Тамылжытып, сынықсып, жаңа түскен келін­дей» демеуші ме еді Жүсіпбек Аймауытов «Әнші» әңгімесінде? Әміренің даусына бола ту­ған бұл сөз сыбызғыға да тән. «Болат Сарыбаев, Ахмет Жұбанов, Өзбекәлі Жәнібеков ағалардың іздеп-тауып, бізге табыстап кеткен қазақтың көне аспаптары бар ғой. Солардың барлығын біздің «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығынан тыңдай аласыз. Мә­селен, бұған дейін жетіген мен сыбызғыны тек қысқа ғана пар­тиясы бар, оркестр, ансамбльдің музыкасын толықтыру мақсатын­да қосымша сүйемелдеуге жа­рай­тын, мүмкіншілігі аз аспап ре­тін­де танып келдік. Ал қазір дом­­бырамен шертілетін күйлер, дәс­түрлі әндердің біразы атал­ған аспаптарда жеке орындалып жүр», дейді концертті тізгіндеуші Жасұлан Наурызбайұлы.

л

Айзат Қарабек орындаған халық әні «Гауһартастан» ке­йін әнші Медет Салықов Бір­жан салдың «Жамбас сипарын» қа­лық­татты. Ән десе, Ақан­ Сері мен Біржан Сал еске түс­пей ме? Алғашқылардың бірі бо­лы­п Біржанның әні шырқал­ма­­ған­да ше? Қайбір жылда­ры бір әнші досым «әлем музы­ка­тану­шы­ларының біразы Димаш­тан кейін мелизматикамен «ауы­рып» кетті. Мелизматиканың атасы Біржанның «Сырғақтысында» тұрған жоқ па? «Басып-басып алайын, о-оу, ырғақтыма», деп иірімдерін ауаға қолымен қой­ғандай қылып, суретін салып айтып бергенде басымызды шай­қағанбыз. «Жамбас сипар­дың» да әр тұсынан әлгіндей қат-қабат иірімдер ауаға ізін салып бара жатпай ма? Соның әр нүктесін тап басқан әншінің даусын айт! Сезімінің ояуын айт! «Шетіне орамалдың түйдім сусар» дейді. «Бұлғын-сусар» деген күй де бар қазақта. Сусар деген аңды орамалға түйіп неғылсын? Оның терісі өте бағалы болса, екінші жағы безінен өте жағымды иіс бөлінеді екен. Соны кептіріп, баяғыда сал-серілер орамалдың ұшына түйіп, жанына байлап жүреді. Үстінен жұпар аңқиды да тұрады сонда. Мұндай ғаламат әнді түсінерге де осыншама зерде керек. Сусарда несі бар деп бас қатырасыз, әйтпесе. «Ел қыдырған есер шақта орамалға сусар түйген» сал-серілер аз болмаған қазақ даласында.

ллл

Қазақтың ән-күй өнерінің атын шығарған сал-серілердің көбі осы топыраққа тән болғандықтан, Арқа ән-күй мұрасының орны қашанда бөлек. Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырайлар қазақтың классикалық кәсіби ән мектебінің бастауындағы тұлғалар. Шертпе күйдің аталары Тәттімбет Қазанғапұлы, Сайдалы Сарытоқа, Қыздарбектер бастаған көш Айдостың Сембегі, Әбікен Хасенұлынан бүгінге жалғасты. Биыл Біржан бабамызға 190 жыл толса, Балуан Шолаққа – 160 жыл, қазақтың кәсіби әншілік мектебін ашып, туын тіккен Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиев болса, осы Жүсіпбек атамызға – 120 жыл, тағысын тағылар айтылмай қалмады дәстүрлі өнер кешінде.

впрвр

Ақан Серінің «Қараторғай» әнінің музыкасын Венера Табыс жетіген аспабына өңдеп түсіріп, жеке шығарма ретінде тартып шықты. Қазақ өнерінде сыбызғы мен жетіген, шаңқобыз жыл өткен сайын кеңінен тарап келеді. Оның тағы бір мысалы, Қосшы қаласының Мәдениет үйінде ұлттық аспаптар мұражайын ашып отырған Азамат Бақия. Ол – бұған дейін шаңқобызбен әлемді аузына қаратқан бірегей өнер иесі.

Тәттімбеттің «Сылқылдағын» Қайрат Айтбаев сылқылдатты. Ықылас Дүкенұлының «Жезкиік» күйін қобызшы Раушан Ораз­бай тартты. Раушан да қобызы­мен әлем елдерін аралап өнер көрсеткен сирек өнерпаз. Әнші Толғанбай Сембаев Біржан салдың «Ләйлім шырағын» әуе­летіп салды десе болғандай. Шашу­байдың «Аққайыңын» Перизат Тұрарова сыңсытып салса, Жанғали Жүзбай Айдос­тың Сембегінің «Наз қосбасары» мен Қыздарбек Төребайұлы­ның «Сылқым қызын» домбырада сөй­летті. Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали Шаманың әні «Шама» мен Молдабайдың әнін шырқап, кеш шымылдығын түрді.