Digital • 27 Маусым, 2024

Жас роботтехниктер жарысы

98 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір ғылымға иек артқан білім шаңы­рақтарында роботтехника саласын дамыту міндеті тұр. Әсіресе жастардың қызығушылығын арттырып, заманауи технологияның тілін жетік меңгеруге баулу қажет. Осы ретте Талдықорған қаласында «РобоЖУ-2024» облыстық роботтехника олимпиадасы өтті. Жылда дәстүрлі түрде өтетін білім бәйгесіне ауыл мен қаладан 15 мектеп командасы қатысты.

Жас роботтехниктер жарысы

«Рингтен түйреуіштерді итеріңіз, сумо сайысында қарсыластарыңызды жеңіңіз және оған бірінші болып гол соғыңыз». Осылай мотивациялық ұранмен басталған қызықты додада облыстың түкпір-түкпірінен 60-қа жуық мектеп оқушысы бақ сынады. Олар үш аталым бойынша өзара мықтыны анықтады. Дәлірек айтсақ, жас инженерлер басқаратын роботтар арнайы алаңда сынға түсті.

Жалпы, «РобоЖУ-2024» байқауы биыл жетінші рет өтіп отыр. Олимпиаданы атал­ған университеттің Техникалық ғылымдар жоғары мектебінің роботтехника және мехатроника зертханасы ұйымдастырды. Білім бәйгесі дарынды балаларды анықтауға және оларға қолдау көрсетуге бағытталған.

ва

Алдымен «Кегельринг» кезеңі ұйым­дастырылды. Мұнда роботтар «LEGO Mind­storms EV3», «Arduino» және «Rasp­berry Pi» микроконтроллер базасында құрасты­рыл­ған және толық автономды болуы керек. Жа­рыс басталар алдында роботтардың өлшемі бойынша салыстыру жүргізілді. Олардың ұзындығы шамамен – 25 см, ені– 25 см болуы міндетті, ал биіктігі мен салмағына шектеу жоқ.

Топ капитаны жеребе арқылы қай шеңберде кегля тұратынын анықтайды. Байқау төрешісі сол төрт санға қарап, кегляларды орнына қояды. Робот рингтің ортасына орнатылады. Ол рингтің сыртына шықпай, ішіндегі орналасқан кегляларды шеңберден итеріп тастауы шарт. Егер робот шеңбер сызығынан шықса, әрекет тоқтайды. Сол арқылы ұпай беріледі. Әр топқа екі мүмкіндік беріледі. Одан кейін «РобоСумо» кезеңі өтеді. Онда роботтар күш сынасады. Бір робот екіншісін 45 секундтың ішінде алаңнан итеріп шығану қажет.

ва

«Олимпиаданың мақсаты – тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар мен дағдыларға қызығушылықта­­рын арттыру. Сол арқылы мүмкіндігінше ­зер­делі жастарды жинау. Көптеген қатысу­шы үшін роботтехника қазір хобби ғана. Бі­рақ болашақта бұл кәсіпке, өмірлік жұмыс­қа айналуы мүмкін. Олимпиада дарынды да бі­лімді жастардың жетістікке жетуіне сер­пін болады», дейді І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу универ­ситетінің ректоры ­Ермек Бөрібаев.

Мұндағы қатысушылардың көпшілігі өз болашағын бағдарламалау және дизайнмен байланыстырады. Алдағы уақытта ғылыми-техникалық шеберлік деңгейін көтеріп, осы саланың майталманы болуға ниетті.

«Мен бала кезімнен құрылысты жақсы көремін, роботтехника сабағына 9-сыныптан қатыса бастадым. Мұндай жарыстар әрқай­сысымыз үшін өз жетістіктерімізді көрсетуге, сондай-ақ дайындық деңгейі­мізді сынауға тамаша мүмкіндік. Қазір роботтехни­каға қызығатын жастардың кө­бейіп келе жатқанын көріп отырмын және бұл керемет деп ойлаймын. Бұл жерде біз тек жобалар дайындап, бағдарлама жазып қана қоймай, ойлауды жақсартамыз және әлеуметтік ортамызды кеңейтеміз», дейді Ақсу ауданынан келген қатысушы Дархан Сегізбай.

Күрделі бәсекелестікке қарамастан, бар­лық жүлдені сырттан келген оқушылар иеленді. Сонымен, бас жүлде Ақсу ауданына қарасты Жансүгіров ауылының аты­нан шыққан «Vertu» командасына бұ­йырды. Екінші және үшінші орындарды Сар­қан ауданының «Абай» және Панфилов ауданының Алтынсарин командалары жеңіп алды. Жігіттер сертификаттар мен бағалы сыйлықтардан бөлек, роботтехникадан рес­публикалық чемпионатқа жолдама алды.

Осы ретте айта кетейік, роботтехника саласын дамыту мақсатында өңірдегі 55 мектеп қанатқақты режімде «Starlink» технологиясына қосылды. Соның ішінде Көксу ауданындағы 4 мектеп аталған технология арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді. Еске салсақ, жуырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жетісулық мектептерге 55 терминал жеткізген еді.

Облыстық білім басқармасының мәлі­метіне қарағанда, республика көлемінде қанат­қақты жоба аясында интернетке қосы­латын 2 мың ауылдық мектептің ішіне Жетісу облысының мектептері де енгізілген.

«Бұл жобаға облыстан 55 мектептің тізімін ұсындық. Соның 5-еуі Ақсу ауданында, 15-і Алакөл, 1-еуі Ескелді, 11-і Қаратал, 6-уы Кербұлақ, 8-і Көксу, 4-еуі Панфилов, 5-еуі Сарқан ауданында орналасқан ауыл мектептері. Осы мақсатқа 65,9 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні Көксу ауданының Мәмбет, Талапты, Қабылиса, Мұсабек ауылдарындағы мектептерге «Starlink» тех­но­логиясының терминалдары орнатылып, интернет қосылды. Одан бөлек, тағы да 51 мек­тептің қосылуы жоспарланып отыр», дейді Марат Сүлейменов.

Осындай игілікке қол жеткізген мектеп­тердің бірі – Көксу ауданы Қабылиса ауылындағы Қабан жырау атындағы орта мектеп. Бұл шағын жинақталған мектепте қазір 170 оқушы білім алса, оларға 30 мұғалім білім береді. Осы шағын білім ордасы бүгінде сапалы интернеттің игілігін көре бастады. Мектеп директоры Қуандық Мұхаметченовтің айтуынша, арнайы мамандар тиісті құрылғыларды шатырға және информатика кабинетіне қойып берген.

«Бұған дейін мектеп «Қазақтелеком» АҚ-ның интернет байланысына қосылған еді. Оның жылдамдығы баяу болды. Ал «Star­link» технологиясының интернетінің жылдам­дығы қазір 150 Мбит/с жетіп отыр. Мұға­лім­дер информатика кабинетіндегі интер­ак­тивті тақтаны қолданып, Zoom платфор­ма­сында онлайн сабақтар өткізіп, оқушы­лар ноут­букпен ғаламтордан сабаққа керек­ті қосымша мәліметтерді іздеп, интернетті толыққанды қолдана бастады. Сапалы интернет білім беру сапасына да өз әсерін тигі­зеді», дейді Қ.Мұхаметченов.

Еске салсақ, Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­лігі елдің үш аймағына 250-ге жуық «Starlink» терминалын жіберген болатын. Соның ішінде Жетісу облысына 55 терминал жет­кізілген еді. Терминалдарды орнатқан­нан кейін мектептердегі интернеттің орташа жылдамдығы 200 Мбит/с жетеді. Қазір балалар сол арқылы роботтехника саласының қыр-сырын меңгеріп жатыр.

 

Жетісу облысы