Қоғам • 28 Маусым, 2024

Инклюзивті жатақхана

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік астананың келер жылға дейінгі даму бағдарламасы аясында әкімдік жанындағы жобалық офистің қолдауымен – 12 мың, ал 2030 жылға қарай қосымша 20 орынға арналған жатақхана пайдалануға берілетін болды.

Инклюзивті жатақхана

Қалалық әкімдіктің бас­пасөз қызметінің дере­гі­не сүйенсек, қазір­гі кезде 35 жоғары оқу орнында 199 мыңнан астам студент білім алып­ жатқан болса, олардың жүз мың­нан астамын қала сыртынан келіп оқи­тын студенттер құрайды. Ал мега­полис­те 109 жатақханада тұ­рып жатқан студенттер саны 36 мың­нан асады.

Жатақхана жетіспеушілігінің алдын алу, студенттерді дер кезінде баспанамен қамту мақсатында былтыр наурыз айында қалалық әкімдік Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, жобалық кеңсе ашқан болатын. Жобалық кеңсе жатақханалар салу мен студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдай жасай отырып, қалалық әкімдік пен Қаржы орталығы тарапынан тұрғын үй құрылысына мүдделі жоғары оқу орындары, әлеуетті инвесторларға шұғыл заңгерлік, консультациялық, сараптамалық көмек көрсетеді. Бүгінде жобалық кеңсе қызметіне 120 инвестор жүгінген. Осы мақсатта жаңа оқу жылында ашылуы жоспарланып отырған Narxoz Housing инклюзивті студенттік жатақхана құрылысын атап кетуге болады.

Университет аумағында акцио­нердің өз қаражаты есебінен салынып жатқан жатақхана білім беру гранты әрі коммерциялық негізде оқитын студенттер үшін де қолжетімді. Мұнда ерекше қажет­тіліктері бар студенттерге арналған арнайы бөлмелер де қарастырылған. Жобаға сәйкес, 424 орындық заманауи жатақханада инклюзивті бөлмелер, асхана, меди­циналық орталық, интернетке қолжетімді коворкинг-аймақ, оқу­ға және демалуға арналған бөл­мелер студенттер үшін жайлы болмақ.

Осылайша, қаладағы орын тап­шылығын шешуді уәде етіп отырған қалалық әкімдік дерегіне сүйенсек, былтыр 3 969 төсектік орынға ар­налған 14 нысан пайдалануға беріліп, жатақханаларда орын жетіспеушілігі 32,7 мыңнан 28,7 мыңға азайып отыр. Биылғы жоспар бойынша жоспардағы көрсеткіш 4 мың төсектік орынды құрайды. Жаңа оқу жылында ­ 1 165 төсектік орынға арналған 5 нысан пайдалануға берілетін болады.

 

АЛМАТЫ