Ел іші қашан да өнер кеніші. Қазақтың дәл өзіндей қарапайым қара өлеңінің бір қызығы, алғашқы екі жолы әртүрлі мағынада болып келеді де, үшінші жолы мағына ошағы, төртінші жолы оны бекітуші. Мәселен, «Ендеше бұйда қалар, бұйда қалар, саудырап сары сүйек ойда қалар» дегенде екі жолдың нақты қай тұста тоқайласқанын табу қиын. Көшпелі жұрттың әр сөзі астарға, философиялық өрнектерге бай. Халық әні «Арман-ай» әнінде:
«Ойлап тұрсам дүние шолақ екен,
Адамдар бір-біріне қонақ екен», –
деген қос тармақ туралы қабат-қабат түсіндірме жасауға болары анық. Дүние неге шолақ, неге бүтін емес? Бұл туралы Шал ақын бүй дейді:
«Дүние деген шолақ депті,
Жан денеге қонақ депті.
Ақирет деген бір киім,
Алып қайтарың сол-ақ депті.
Дүние деген осы,
Ешкімнің емес досы.
Болар еді досы,
Аумаса егер қосы».
Дүниенің шолақтығы сол, оның келесі қосы ақыретте екен. Бұл дүние қысқа құстың тұмсығындай ғана екен. Ал «адамдар бір-біріне қонақ екен» деген терең мағыналы тармақты, тіпті Шекспирден, әрісі Дантеден кезіктіргеніміз жоқ. Осындайда қазақ болып туғаныңа қуанасың. Тәубе етіп, бай тарихыңа сүңги бергің келеді. Себебі осы тармақтарда біз іздеген құндылықтың бәрі бар. Адаммен адамның заңды бауырластығы, достығы, арманының ортақ шағылысы бар. Абай хәкім не деуші еді? «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ақыретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен» Иә, осы философияның бәрі «адамдар бір-біріне қонақ екен» деген жалғыз жол тармаққа сыйып тұр.
Қазақ халық әндерінің артық тұсы – қазақы жанның іңкәрлігіне, терең аңсарына құрылуында. Жалғыз ғана ән жұртымыздың ұлағатты бітім-болмысын айшықтап тұрғандай. Бақсақ, қайбір халық әніндегі күрсіну де, мұңаю да, шаттану да шұңғыма гуманизммен тыныстап тұр.
Алтын бу айна көлдің
бетін жабар,
Ақ сәуле көктен төніп
маржан тағар.
Осы екі тармақтағы сөзбен салынған сурет арқылы көзді жұмып, көңілді ашып, ұзақ қиялға енуге болады. Мұны тек қазақ қана түсінеді, қазақ қана нәзік жанымен ұғына алады. Ұлттық әндердің ахлақ-әдебі, иман таразысы кісінің жүрегіне жас үйіреді, жүрек талшығын елітеді. Шіркін-ай, «нағыз қазақ болу қиын, бірақ ол бақыт!» дегенді айтқан ағалар қандай дана еді!
Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,
Сылдырап шашбауың мен
алтын сырғаң.
Жай жүріп, шаттанасың
әсерленіп,
Әсемсің жүйрік аттай
мойнын бұрған.
«Гауһартас» – қазақ қызының бірегей автопортретін жасап шыққан ерекше сиқырлы ән. Дүниедегі барлық иба-әдеп пен ұяңдықты бойына жиған ар сақшысы, ұят маршына ұқсаған қазақ аруының бипаз болмысы әннің әр тұсынан менмұндалайды. Өнер құдіреті деген осы болар, сірә.
Қазақтың халық әндері – тәрбие көзі, адамгершілік негізі. Жаһандану дәуірінде әртүрлі кеселді шаң-тозаң жұқтырған әр жан осы бір тұма айдынға жиі-жиі сүңгіп жаңбырмен жуған жемістей тазарып тұрса артық емес.