Қоғам • 03 Шілде, 2024

Тасқыннан зардап шеккендерге 775 үй салынады

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін 775 үй салынып, мемлекет есебінен қосымша 1 500 пәтер сатып алынады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Теректі ауданы Подстепное аулының тұрғындарымен кездесу барысында айтты.

Тасқыннан зардап шеккендерге 775 үй салынады

фото: Үкімет

Елді мекен Орал қаласынан 10 шақырым қашықтықта орна­лас­қан. Су тасқыны кезінде ауыл өзге елді мекендерге қара­ған­да көбірек зардап шекті – 481 отбасы баспанасынан айырылды.

– Барлық дүние-мүлік, төрт түлік су астында қалды. Үйді су басты. Біз көпбалалы отбасымыз. Алғашында бізге мектептегі эвакуациялық пунктте төсек-орын берілді. Қазір баспана жалдап жатырмыз. Мемлекеттен материалдық көмек алдық. Енді тездетіп тұрғын үй алғымыз келеді, – деді жергілікті тұрғын Мариям Қайратқызы.
Бүгінде Теректі ауданын­да бірқабатты 131 үйдің құры­лысы жүргізіліп жатыр. Әр үйдің жалпы ауданы – 80 шаршы метр. Подстепное аулында 106 үй салынады. Бұл жұмысқа 10 мердігер компания жұмылдырылған. 670 үй иесі 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде біржолғы материалдық көмек алды. 506 үй иесінің материал­дық шығынының орны толты­рыл­ды. Ауылда мектепті жөн­­деу жұмысы басталды. Жол жөндеу­ге және бөгеттерді қалпына келті­руге бюджетке өтінім берілді.

– Депутаттар алғашқы күн­нен-ақ оқиға орнынан табылды. Өз басым зардап шеккен отбасылармен бірнеше рет кездес­тім, су тасқынына қарсы іс-қи­мыл бойынша әкімдіктермен бірге жұмыс істедім, бағалау комиссияларының жұмысы­на атсалыстым. Барлық мәсе­ле Президент бақылауында болды. Қазір біздің басты мақсатымыз – зардап шеккен жандардың барынша тезірек байырғы өмірге оралуына жағдай жасау, үйлерді, жеке қосалқы шаруашылықтарды, әлеуметтік инфрақұрылымды, балабақшалар мен ауруханаларды қалпына келтіру, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары су тас­қынына қарсы іс-қимыл жұмы­сына барынша атсалысу ма­қ­сатымен зардап шеккен өңір­лерге барған болатын. Халық қалау­лылары тұрғындардың өті­ніш-тілегін құзырлы органдарға жеткізіп, қажетті ресурстарды жедел жұмылдыру жұмысын ұйымдастырды.