Білім • 05 Шілде, 2024

Университетте қазақ тілін оқытудың зәруліктері

274 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жоғары оқу орындарындағы филологиялық емес мамандықтардың қазақ бөлімдерінде мемлекеттік тілді оқытудың жай-күйі «Қазақ тілін оқытудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде талқыланды. Мемлекеттік тілді зерттеу институты ұйымдастырған бұл жиынның тізгінін ұстаған филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекова оқытуға қатысты туындаған бірқатар жайтты тілге тиек етті.

Университетте қазақ тілін оқытудың зәруліктері

Ал бұған дейін өткен семинар, дөңгелек үстелдер барысында білім бағдарламалары мен оқулықтар, оқу-әдістемелік кешенге қатысты айтылған сын, ұсыныс-пікірлерді тиісті орындарға жеткізу көзделіп отыр.

Алқалы жиында Қорқыт Ата атын­дағы ҚМУ қауымдас­ты­рылған профессоры, филология ғылымдарының докторы Аман Абасилов «Жоғары оқу орындарындағы тілдік емес маман­дықтардың қазақ то­бындағы қазақ тіліне» қатыс­ты зерт­теуінде жоғары оқу орында­рын­дағы қазақ тобындағы қазақ тілінің жай-күйі және қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау мәселесін қарастырды.

Ғалымның айтуынша, тіл­дің дамуы, жетілу көрінісі, фоне­тикалық жүйесі, лексикалық бай­лығы грамматикалық құры­лымында ғана емес, қоғам өмі­ріндегі рөліне, жүкте­месіне байланыс­ты. Тілді қолдану аясының кеңдігі сол тілде сөйлеушілер­дің санымен анық­талады. Осын­дай әлеуметтік лингвис­тикалық ­аксиома негіздеріне сүйене отырып, А.Абасилов тіл өздігінен емес, сөйлеушілер арқылы дамитынына тоқ­талды. Ғалым атап өткендей, тілді дамытуды рет­теудің арнаулы тетіктері бар. Оның бірі, қоғамдық өмірдің өзекті ­саласы – білім жүйесі. Сондықтан жоға­ры оқу орындарында қазақ тілінің оқы­ты­луына басымдық беру қажет. Мұн­дағы басты жайт – қазақ аудито­рия­сына назар аудару. Ал мемлекеттік тілді өз саласына жеткізетін де, академия­лық стилі мен ғылыми терминдерін дамытатын да қазақ бөлімінде оқып жат­қан студенттер.

«Ендігі кезекте қазақ тілін оқыту­дың дұрыс жолын таң­дамасақ, пәннің мақ­са­тын нақ­тыламасақ, тілді меңгер­ту­дің құқықтық талаптарын бел­гі­­ле­месек, бүтіндей бір ұлттың, әрбір адам­ның ­танымы мен бі­тім-болмысының қалыптасуы­на нұқсан келтіреміз. Сол үшін қазақ тілі, әсіресе мектепте оқытылатын негізгі пән болуы керек. Өйткені қазақ тілі – қазақ әдеби тілінің нормаларын сақ­тап, дұрыс қол­дана білуге, еркін сөйлеуге және сауатты жазуға үйрететін функционал­дық пән. Оның басты мақсаты – ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру. Өкінішке қарай, қазіргі таңда кеңестік заманнан мұра етіп алғанымыздай, жоғары оқу орындарында қазақтілді аудиторияда – орыс, ал орыс тілділерге қазақ тілі пәні оқы­тылып, «қазақ тілі тобындағылар қазақ тілін мектептен оқып келген, олар тілді меңгерген» деген қасаң қағи­даны бұлжытпай орындап келеміз», деп қын­жылды ол.

Ал жоғары оқу орындарын­дағы тіл­ге қатысы жоқ маман­дықтардың қазақ то­бында оқып жатқан жастар қазақ тілінің өзіндік жүйесін, деңгейін, қазір­гі жай-күйін мықтап меңгерсе, бола­шақта тілді дамытатын да солар болады. Олардың қата­рынан мамандығы бойынша қазақша мәтін жазып, сол сала­ның терминін жасап, ғылым тілі­не айналдыратындар шығады. Сон­дықтан қазақ тобында қазақ тілі пәнін міндетті пән ретінде енгізуге және дұрыс оқытылуына мән беру керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде жоғары оқу орындарында орыс және қазақ топ­та­рында қазақ тілін оқы­туда бірізді­лік жоқ. Бірінде ресми іс қағаздары, енді бірінде кәсіби қазақ тілі, тағы бірінде іскер қа­зақ тілі, сол сияқты академиялық жазылым деген пәндер болып келеді. Міне, осыны біріздендіріп, жүйелеп оқытуды міндеттеу керек.

Осы мәселені құптап, пікірін біл­дірген Мемлекеттік тілді дамыту инс­ти­тутының атқарушы директоры, тілші-ғалым Бижо­март Қапалбек ­­«Қа­зақ тілін, мем­лекеттік тілді, жалпы ­тілді да­мы­­тушы кімдер?» баяндамасында ­тіл студенттердің сөйлеуі, жазуы ар­қылы ­дамитынын жеткізді. Ғалым­ның ­айтуынша, тілді сөйлеуші ғана дамыта алады. Ал барлық сөйлеушіні тілді ­дамытады деп айту негізсіз.

«Мемлекеттік тілді өз саласында да­мы­тып, академиялық стилін қалып­тастырып, ғылыми терминдерін тудыратын да қазақ бөліміндегі студенттер. Жоғары оқу орындарының орыс тобындағы студенттер қазақ тілін қан­ша оқығанымен, қазақ тілінің қолдану­шысы болып қала береді. Сондықтан назарды қазақ аудиториясына салып, академиялық білімді де, коммуника­тив­тік оқытуды да қолға алатын уақыт кел­ді. Өкініш­ке қарай, бұл сала кен­же қалып келеді. Егер Президент тапсырмасын жүзеге асырғымыз келсе, қазақ тобына қазақ тілін оқытуды жетілдіру қажет. Ал орыс тілі шет тілі қатарында таңдау пәні ретінде оқытылуға тиіс», дейді Б.Қапалбек.

Жиын барысында «Акаде­­мия­лық жазылым» пәнін оқыту­дағы түйткіл­ді мәселелерді қоз­ға­ған Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ фи­лология факультеті қазақ тілі білімі кафедрасының аға оқытушысы Салтанат Иман­құлова, Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ профессоры Анар Сал­қын­бай, Абай атындағы ҚазҰПУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылым­дарының кандидаты Еділ­бай Оспанов жоғары оқу орын­дары­ның қазақ бөлімінде академия­лық жазылым пәнін оқытудың негізгі мәселелерін сөз етті. Оның барысында ғалымдар осы салаға қатысты оқулықтардың аздығын, зерттеу ісінің кенжелеп қалғанын назар­ға алды.

Қазақ тілінде дамыту жолы ең қиын сала – медицина. «Меди­цина ғылымы қазақ тілінде дамуы үшін термині де түсінікті болуы керек. Бүгінгі сабақ беріп жүрген оқытушылар үшін латын, грек тілінде кездесетін терминдердің баламасын табу қиын. Медициналық мәтін нау­қасқа түсінікті тілде жазылуы керек, ал аудармадағы қателік­тер мен дұрыс құрылмаған сөйлем­дер терең ой­лану­ды қажет етеді. Халықаралық тер­мин­дерді тілге бейімдеу уақыт күттір­мейді», дейді С.Асфендияров атындағы ­ҚазҰМУ ­­­қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафед­ра­­сы­­­­ның доценті Төлеубек Зайсанбаев.

Жиында көтерілген мәселе­лерді әлі де зерделей түсу қажет­тігін алға тартқан Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешев мәселеге орай жан-жақты мамандарды тарта отырып, кең көлемде жиын өткізу қажеттігін айтты. Осы орайда ғылыми ойлау деңгейінің тиісті дәрежеде еместігін айтып, ғылым тілі аударма калькаға айналып бара жатқаны, дайын теорияларды көшіріп алу, ғылыми тепе-теңдіктің сақталмай отырғандығына қатысты пікірін ортаға салды.

Мемлекет және қоғам қайрат­кері, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазының пікірінше, жиында көтерілген мәселе билікке жетуге тиіс. Ал өңірлерге жол тарт­­қан халық қалаулылары сайлау­шы­лармен кездескен кезде мем­лекеттік тілді дамыту мәселесіне баса назар аудар­ғаны абзал.

Елімізде мектеп оқулықта­ры мемлекет есебінен жарыққа шығып келеді. Алдағы уақытта жоғары оқу орындары оқулық­тарын басып шығару шығыны республикалық бюджеттен қарас­ты­ры­луы керек. Жиын бары­сында Ұлт­тық құрылтай мүшесі, тәуелсіз білім са­рап­­шысы, академик Кәрімбек Құрман­әлиев «Президент қазақ тілі мәселесіне терең үңіліп, нақты тапсырма берді. Соның бәріне арқа сүйей отырып, жоғары оқу орындары үшін қазақ тілінде сапалы оқулықтар шығару ісін қол­ға алу қажет. Еліміздегі оқу орындары бөл­ген азын-аулақ қаражат сту­дент­терді оқулықтармен толық қа­мта­масыз етуге жетпейді. Со­нымен қатар ака­демиялық атақ-дәрежелер алу үшін оқы­тушылардың аз таралыммен шығара­тын оқу-әдістемелік құралдары басты мәселені шеш­пейді. Бір орталықтан тара­тылмағаннан кейін әркім өз қарекеті­не қарай оқулық жазу­мен айналысып кетті. Қазақ тілі­­нің мәртебесін көтере алмай отырғанымыздың бір себебі де осында. Сондықтан жо­ғары оқу орындарының оқулық шығару үрдісін бюджеттен қар­жыландырып, оқулық жазатын топ құру керек», деп атап өтті.

Бұл мәселені Ұлттық құрыл­тай оты­рысында да көтеріп, орта білім ұйым­дарының оқулықтарын респуб­ликалық қаржы тетіктері арқылы қамту керетігін ұсынған академиктің пікірінше, сонда ғана кәсіби оқулық авторларының ұжымы қалыптасып, білікті сарапшыларды жұмысқа тартуға мүмкіндік туады. Осы айтылған ұсыныстар шешімін тауып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасы аясында іске асып жатса, нұр үстіне нұр.

«Мемлекеттік қызметшілер­ді жұ­мыс­қа қабылдағанда мем­лекеттік тілді талап ете алмай келе­міз», деп қын­жыл­ды Алматы қаласы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет.

Бүгінде Алматы қаласы бо­йынша бір­ыңғай кадр жүйесі жасақталған. Қыз­меткерлер бір ғана конкурстық комиссия ар­қылы жұмысқа қабылданады. Мем­лекеттік қызметшілерді жұ­мысқа қабылдаған кезде тілді білу деңгейіне қатысты талап қойылмайды. Яғни қай тілде тапсырғысы келеді, ерік әркім­нің өзінде. Тапсырушы орыс тілін таң­даған болса, қабылдаушылар да сұрақ­ты орыс тілінде қояды. Алайда тапсы­ратындардың 99,9 пайызы – қазақ­тілді азаматтар. «Олардың орыс тілін соншалықты сауатты меңгеріп тұрғаны шамалы. Мәтін жазып, сөйлей де алмайтын, сұхбат та бере алмай­тындар көптеп кездеседі. Кейінгі отыз жылда мемлекеттік тіл­де амандаса алмайтындарды оқытып, көптеген жобаны іске асырғанмен, сол орыннан жылжи алмай келеміз», деп атап өтті Б.Қалымбет. Мұнымен қоса қазақ тілінде мәтін жазып, құжат әзірлейтін мемлекеттік қыз­метшілер мүлдем аз. Ал іс қағаз­дары көп жағдайда орыс тілі­нен қазақ тіліне аудары­лады. Нәтижесінде, іскерлік, кәсі­би стилі, орфографиялық, грам­ма­ти­калық заңдылықтары, тілдің норма­лары сақталмаған мәтін шығады.

Қазақ тілін жоғары оқу орын­­дарын­да оқытудың түйт­кілді мәселелерін қозға­ған ғалым­дар арнайы қарар қа­был­дады. Ендігі кезекте осы бағыт­тағы жиындар өңір­лерде жалғаса­ды. Ал қоры­тын­­ды шешімді жауапты министрлік респуб­ликалық оқу-әдістемелік кеңеспен бірігіп қабыл­дайды деп үміттенеміз.

АЛМАТЫ