Қоғам • 16 Шілде, 2024

Дерт дендемесін десек...

81 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен жолы бір танысымыз жап-жас інісінің есірткіге әуес болғанына күйініп, «қазір жастардың жаман әдетке шатылмай тыныш жүр­ге­нінің өзі жарты бақыт екен ғой» дегеніне үнсіз бас изегеніміз бар. Ғасыр дертіне айналған наша­қорл­ық оң-солын танымаған мектеп оқушыларына да ауыз сала бастағалы қашан. Алматы қаласын­дағы «Психикалық денсаулық орта­лы­ғының» деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы 1 шілдеде «нашақорлық» диагнозімен диспансерлік есепте 1 154 адам тіркелген. Оның 180-і әйел адам болса, 7-еуі кәмелет жа­­сына тол­мағандар. Ал есепте тұр­май, есірт­кіге есі кетіп жүрген­дердің саны қаншама?!.

Дерт дендемесін десек...

Шырмауына бір алса оңайлықпен шығармайтын індет талайдың басын шыр­ғалаңға салып, шаңырағын шайқады. Тажал тұзағына еліріп түскендер мен ойнап жүріп от басқан жүздеген жан жыл сайын дәл осы есірткінің салдарынан өмірмен қош айтысады. Сан тағдырды талқандаған нәубетке азаматтардың көзсіз шырмалып жатқанына көңіл жүдейді. Ең өкініштісі, күн өткен сайын есірткі тектес заттардың формасы түрленіп келеді. Заңсыз айналымда олардың ондаған түрі бар. Әсіресе бұл жастар арасында белең алып тұр. «Наркостоп» жобасының өкілдері шаһарда жыл басынан бері есірткі заттарын жарнамалайтын 4 185 жарнамалық бояудың көзін жойса, тиісті құрылымдар жымысқы әрекетін желі арқылы жүзеге асырып келген 337 интернет-ресурстың жолын кескен.

Алматы қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бас­қармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев ағымдағы жылдың 6 айында қала аумағында есірткінің заңсыз айналымына байланысты 319 құқық бұзушылық анықталғанын мәлімдеді. Қыл­мыстық іске тартылғандардың дені есірткі зат­тарын заңсыз сақтағандар және оны тара­ту­мен айналысқандар. Есірткімен күрес ша­­ра­­лары аясында 165 кг марихуана, 26 гр ге­роин, 73 кг гашиш, 27 кг синтетика және 2 ки­лоға жуық басқа да препараттар жойылған.

Психолог Дина Хасенова есірткіге тәуелділердің орташа жасы тез жасарып бара жатқанына налиды. Маманның қа­былдауына синтетикалық есірткі мен пси­хостимуляторларды қолданған 11-12 жас­тағы жеткіншектерден бастап алпысты алқымдаған азаматтар да жүгінген.

– Нашақорлық дертіне ұшырағандар ресми статистикадан бірнеше есе көп. Олар диспансерлік тіркеуге тұрсақ болашағымызға балта шабамыз деп ойлайды. Сондықтан өз бетінше емделуге тырысады. Дегенмен нашақорлықты емдеу мен оңалту оңай мәселе емес. Жеке орталықтарда емделу құны тым қымбат болғандықтан, әркімнің қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне баласы есірткіге салынған ата-аналар мұндай мекемелерге сеніңкіремейді. Өкініштісі сол, сауықтыру мекемесінің өзінде сырттан сәлемдеме жеткізетін жағдайлар орын алған тұстар бар. Бұл тақырыпқа сауатты көзқа­распен қарайтын мамандардың қатарын қалыңдатқан абзал. Әркімнің теріс жолға түсу оқиғалары әртүрлі. Біреу тойынғаннан, ал біреу торыққаннан есірткі дәмін татады. Есірткімен проблемамды жеңілдетем деп ойлайды, ал шын мәнінде өзінің өміріне балта шапқанын тым кеш түсініп, бармақ шайнайды. Емделудің ең негізгі алғышарты адамның жеке сана сезімінен басталады. Санасына сілкініс жасай алмағандар, сыртқы фактордың әсеріне түсіп, әлсіздік таныта береді. Ондай емделушілермен арнайы жұмыс жүргізу қажет, – дейді Д. Хасенова.

Мамандар денесін есірткі дерті денде­гендерді дереу емдемесе соңы азапты өлімге әкелетінін айтады. Синтетикалық заттарға бір әуес болған жан уақыт өте келе одан да күштісін пайдаланып көргісі келеді. Бірте-бірте ең қауіпті түрлеріне дейін көтеріледі. Есірткіден оңалту орталығында отбасы мен бар дүниесінен айырылған қаншама адам бар. Олардың нашақорлыққа нәлет айтып, жылағанын көзімізбен көрдік. Аты-жөнін атамауды өтінген емделуші өзінің мүшкіл халге қалай түскенін айтып берді.

«Жап-жақсы жұмысым, әйелім мен балам да болды. Бәрінен айырылдым. Сат­паған затым қалмады. Туысқандарым да менің оңалмасымды біліп, теріс айналды. Әркімнен ақша сұрап, дос пен таныстарды да бездірдім. Қазір бәрі үшін шын өкінемін. Денсаулығымнан да айырылдым, бәріне кінәлі өзім. Өмірімді қайта бастау мүмкіндігі берілсе, бәрі басқаша болар еді», дейді жасы елуге таяған азамат.

Өткен аптада Алматыда нашақорлыққа қарсы күрес айлығы қорытындыланып, жергілікті атқарушы органдар, құқық қор­ғау ведомствосының өкілдері, қоғам бел­сен­ділері мен еріктілер қатысқан жоба аясында 3 мың адамды қамтитын 23 іс-шара ұйымдастырылған. Солардың бірі жасөспірімдердің ата-аналары мен Түрксіб ауданының ювеналды полиция инспекторлары үшін «Кепілгерлермен кездескен жағдайда қауіпсіздік шаралары» тақырыбында өткен шеберлік сабағы. Сондай-ақ қаланың Медеу, Әуезов, Жетісу аудандары аумағында да Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқар­масымен бірлесіп, есірткі құралдарын таратумен айналысатын сайттардың сыртқы жарнамасының граффитиін анықтауға бағыт­талған акция өтіп, оған 600 белсенді үн қосқан.

«Өткен жылы жүргізген сауалнама нәтижесінде, жастардың 10%-ы өмірінде бір рет болса да синтетикалық есірткі қа­былдағаны анықталған еді. Синтетикалық есірткіні пайдаланушылар әлеуметтік топтарға бөлінбейді. Ал жалпы бұл әлем­дік деңгейдегі қауіпті үрдіс. Біз есірткі қыл­мысымен қоғам болып күресуіміз керек», дейді Алматы қалалық Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Әзиз Қажденбек.

2022 жылдан бастап Жастар саясаты басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс (МӘТ) шеңберінде «Наркостоп» жобасын іске асырып келеді. Граффитидегі суреттерді өшіруден басталған жоба бүгінде бағытын кеңейтіп, синтетикаға тәуелділікпен күрес мәселесіне ден қойған. Былтыр белсенділер дәріханадағы нашақорлық мәселесін бірнеше рет көтеріп, бірқатар министрліктерге тиіс­ті хаттар жолдаған. Нәтижесінде, Үкімет «Трамадол» препаратын есірткі заттарының тізіміне енгізген болатын. Жоба шеңберінде қаланың 8 ауданында 8 мамандандырылған орталық іске қосылған. Олардың міндеті – 14 пен 35 жас аралығындағы жастар арасында нашақорлықтың алдын алу.

«Жоба аясында жыл басынан бері 60-тан астам іс-шара өтті. 4 185 трафарет пен граф­фитилер боялып, 3 мыңнан астам парақ­ша таратылды, 20 бейнеролик дайындалды. Қазіргі уақытта қоғамдық орындарда бейне­роликтерді іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. «Лудомания», «Киберқауіпсіздік­ке қарсы күрес», «Әлеуметтік қосымшаларды басқару», «Дербес деректерді қорғау» тақырыбында екі мың қатысушыны қам­тыған онлайн-курс өткізілді», дейді жоба жетекшілері.

2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде, Алматы қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес есірткіге қарсы профилактикалық іс-шараларды жүргізуге биыл 19 млн теңге бөлінген. Ал өткен жылы бұл бағытта 6 млн теңге жұмсалыпты. Белсенділер жеке оңалту орталықтарының барлығы бірдей стан­дартталмағанын, соған қарамастан бірнеше жеке емдеу мекемесімен келісімге қол жет­кізілгенін айтады. Қаржыландыру мәсе­лесін Жастар саясаты жөніндегі басқарма қолға алған. Жоба жүзеге асқалы көптеген науқастар тегін оңалтудан өткен.

«Наркостоп» жобасының кураторы Нұржан Жақыпов: «Биылғы жыл біз үшін ерекше, себебі біз профилактикалық жұмыста тұлғаның есірткіге дейін қандай болғанына баса назар аудардық. Бұл – адамның әлі есірткіге ұшырамаған, бірақ психологиялық жай-күйі, отбасылық ахуалы, әлеуметтік ортасы секілді түрлі факторларға байланысты тәуекел тобында болуы мүмкін кезеңі. Тиімді жұмыс – тәуекел тобымен жұмыс істеу. Биыл біз өзіміз үшін осы жұмысқа баса назар аударуды таңдадық. Бір айдың ішінде осындай жастарды ерте анықтауға және қолдауға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткіздік. Мек­тептер мен жоғары оқу орындарында дәріс­тер мен тренингтер ұйымдастырылды, онда ма­мандар өзін-өзі реттеу тетіктері және есірт­кіге тәуелділіктің алдын алу жолдары тура­лы әңгімеледі. Біз жеке консультациялар мен топтық сабақтар өткізген психолог­тер­мен, әлеуметтік қызметкерлермен және еріктілермен белсенді жұмыс істедік», деп атап өтті.

Өз өмірін өксітіп қоймай, жақындарын да сарсаңға салатын нашақорларды емдеуге жыл сайын қыруар қаржы бөлінгенімен, нәтиже көңіл көншітпейді. Диспансерге жатып ем алғандардың оннан бірі ғана құлан таза айығып шығатын көрінеді. Дерттің бетін қайтаратын басты қару – қоғамдық тәрбиені жетілдіру һәм есірткімен күрес мәселесін мемлекеттік деңгейде қолға алу. Жастармен жүргізген сауалнамада қаладағы кейбір түнгі клубтарда синтетикалық заттардың еркін сатылатыны туралы көп естідік. Құзырлы орындар бұған бей-жай қарамауға тиіс.

АЛМАТЫ