Қаланың Қазанбаев көшесіндегі Әліпбай мен Айнұрдың үйін сол маңдағылар жақсы біледі екен. Көп қинала қоймадық. Біз кеш естіп қалған тәріздіміз, әйтпесе, бұлардың ешкі өсіре бастағанына биыл бесінші жылға аяқ басыпты. Әліпбайдың айтуынша, «Бәрін бастаған Айнұр» екен.
Олар 2002 жылы шаңырақ көтеріпті. Айнұр Жәйрем кентінің, ал Әліпбай Байқоңыр ауылының тумалары. Айнұр Жезқазған университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген болса, Әліпбай – кен өндірісінің маманы. Екеуі Жезқазғанда танысып, көңілдері ұғысып, жүректері жарасым тапқан. Қазір олар 3 қыз, 2 ұл өсіріп отыр. Бала-шағасы туралы айтып отырғанымыз бекер емес. Өйткені әке-шешелерінің ешкі «бизнесімен» айналысуларына олардың да жанама болса да әсері тиген. Қалай?
2017 жылы Айнұр бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шықты. Санитарлық-эпидемиологиялық стансада жұмыс істейтін еді. Арада үш жыл өткен соң, жұмысқа қайтадан қосылу қажет. Мемлекеттік мекеменің жалақысы шамалы ғой. Айнұр кәсіпкер болып та көргісі келді. «Үйде қарап отырғаным болмас» деген ол «Кәсіпкерлікке оқыту» курсына жазылды. Білетіні – біреу, білмейтіні – тоқсан тоғыз екен. «Қандай кәсіп тиімді болмақ?». Ойына қайынатасының «бір-екі ешкі бір отбасын асырайды», деп айтатыны есіне түсе кетті. «Шынымен де солай ма екен?». Бұған көз жеткізудің еш қиындығы жоқ. Әлеужелі арқылы «ешкі сүтін сатамын» деген хабарландыру берді. Ал содан соң не болды дейсіз ғой?! Адамдар бірінен соң бірі хабарласа бастағанда ол қайда қашып тығыларын біле алмай қалды. «Сүт өтіп кетті» деген жалтарма жауаппен құтылды.
«Е, ата білгесін айтып жүр екен ғой» деген Айнұр ешкі өсіруге мықтап ниеттенді. Ешкі негізі етті, түбітті және сүтті болып үшке бөлінеді. Айнұр «Бизнес–жоспар» жазып, ұтып алған 555 мың теңге грантқа сүтті бағыттағы асыл тұқымды ешкі сатып алуды ойлады. Қызық болғанда, мұндай ешкі сататын Жезқазған төңірегінде жалғыз-ақ кісі бар болып шықты. Ол мұны өзіне бәсекелес болады деді ме екен, әні-міне деп, «сатамын» деген ешкісін сата қоймай, бірталайға дейін соңынан жүгіртіп қойды. Ақыры, қоярда қоймай жүріп, сол кісіден бір ешкі, үш лақ сатып алды.
Беріле кіріскен іс нәтижеге жеткізбей қоймайды екен. Айнұрдың ешкі сауып, сүтін сата бастағаны көрші-көлем арқылы көпшілікке жайылды. Сұраныс көп, орындауға мүмкіндік болмаған соң, «Сіз бүгін, ал сіз – ертең келіңіз» дегендей адамдарды кезекке қоятын тәртіп енгізді. Енді қайтсін?!
– Менің ең кішкентай «клиентім» – екі айлық бүлдіршін болды. Анасының сүті қайтып кетіп, бөпесін екі жыл бойы менің ешкілерімнің сүтімен асырап өсірді. «Сіздің ешкіңіздің сүтінің нәрі ме екен, баламыз ширақ болып өсіп келеді», дейді оның ата-анасы. Шынында, ешкі сүті дәрумендерге керемет бай ғой, бұл ғылымда дәлелденген, – деген Айнұр сөз арасында сүт сату арқылы тек табыс табуды ғана көздемейтінін, адамдарға жақсылық нұрын себелеп жүргенін де сездіріп қойды.
Ешкінің сүтінен айран ұйытуға да, ірімшік істеуге де болады екен. Әрине, мұндай өнім түрлерін өндіру үшін Айнұрдың мүмкіндігі аз. Өйткені сауған сүті артыла қоймайды.
Ол ешкілерінің әрқайсысына ат қойыпты. Сауатын кезде қайсысының атын атайды, сол Айнұрдың алдына келіп тұра қалады екен. Ғажап қой! «Бұлар осыншалық ақылды болады деп ойламаппын», дейді ол.
Қалалы жердегі бір қиыншылық жайылым мәселесі. Таңертеңгілік және кешкілік бірер сағат балалары сыртқа шығарып, жайып келеді. Қолға үйренгендері мұндай оңды болар ма, егер кім жаюға шықса, сол адам көздерінен таса бола қалса, ешкілер өздері соны іздеп, маңырап мазалары қашады деседі. Яғни тастан тасқа секіріп беталды жайылып, жоғалып кетпейді екен. Бұл да бір олардың өзіндік ерекшеліктері тәрізді.
Айнұрдың қайынатасы Қайсар Жұмабайұлы Ұлытау ауданының «Байқоңыр» ауылында тұрады. Сексеннің сегізіне қараған ақсақал әлі күнге дейін ешкіні өзі сауатын көрінеді. Әліпбай әкесінің ширақ қимылы «бала кезінен ешкі сүтін ішуіне байланысты», деп пайымдайды.
Қазір Әліпбай мен Айнұрдың қолдарында альпі, заанен және нуби тұқымдары болып табылатын 5 сауын ешкі және солардың 11 лағы бар.
– Ұрғашы лақтарды өсіруге қалдырамыз да, еркектерін көже-қатыққа пайдаланамыз. Сенесіз бе, өзіміз өсіргесін союға да қимайды екенсің. Әсіресе балалар сойдырмайды. Сосын басқалармен айырбастаймыз, – деген Әліпбайдың сөзінен мал өсіру адамды мейірбандыққа да баулитынын түсінгендей болдық. Жомарт кенішінде ұнтақтаушы болып істейтін Әліпбай жұмысты вахталық әдіспен істейді. Яғни он бес күн жұмыста жүреді. Вахтадан келген соң Айнұрдың ешкі шаруашылығына көмектеседі. Өзінің негізгі қызметіне қоса осы істі дөңгелетіп, адал кәсіппен айналысып, қосымша табыс тауып отырған Айнұр Ізбасованың ісі әркімге де үлгі болғандай-ақ емес пе?
Ұлытау облысы