Зерде • 18 Шілде, 2024

Ерлік ескірмейді

260 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Катонқарағай ауданының тумасы Дүйсенбі Бөлкебаев ­1943 жылдың күзінде Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік ­Жастар одағының мүшесі ретінде алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Елде соңынан ерген бір інісі мен екі қарындасы қалған еді. Майданда 32-гвардиялық атқыштар дивизиясына қызыл гвардияшы болып қатарға алынады.

Ерлік ескірмейді

Қазақ жауынгері 1944 жыл­дың 27 ақпанында Қырым түбегін­де алапат шайқаста көзсіз ер­лік көрсетті. Шабуыл кезіндегі ұрыс­тың бірінде екі немістің көзін жо­йып, әрі қарай траншеяға түсіп, үш фашисті қоян-қолтық ұрыста жан тапсыртқан. Жалғыз өзі қарсылық көрсетіп, қаруластарына жол ашады. Ержүректілікпен көзге түскен Дүйсенбі Мәмежанұлын әскери бөлім басшылығы «Ерлігі үшін» медаліне ұсынады. Бұл медаль сержант құрамы үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағына пара-пар болатын. Басшылықтың бұл шешіміне қазақ жауынгері­нің бір ғана ерлігі себеп болған жоқ. Қызыл гвардияшы әр ұрыста өжет­тілігімен көзге түсетін, онымен қоса құралайды көзге атқан мерген болыпты. Оның оғынан талай фашист қаза тапқан. Осын­дай ерлігімен ерекшеленген жерлесіміз, өкінішке қарай, өз марапатын көрмей, бұл фәнимен қош айтысады. «Батыр бір оқтық» демекші, 1944 жылдың наурыз айында жаудың атқан бір түйір оғы батырдың өмірін қиған. Өкініш­ті­сі, соғысқа аттанар алдында отба­сын құрмаған, жалындаған жас жігіт Дүйсенбі Мәмежанұлы Қырым соғысындағы төбелердің бірінде мәңгілік мекенін тапты. Бір-ақ оқ жас өмірді жұлып алып кетті. Сонау алыста ағайын-туыс, қазақ жері, өр Алтай қалды. Ерлік үшін берілген медалі де иесін таппай жарты жолда қалған еді. Ауылдағы ағайынға үш бұрыш­ты қара қағаз ғана жетіпті. Бәл­кім, қазақ­тың бір ұлының есімі сол алыстағы түбекте ескеріл­мей қалар ма еді? Егер қарын­дасы Мәукеннен туған жиендері болмағанда.

Дүйсенбі Мәмежанұлының жиені Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің запастағы полковнигі Жанболат Қошанаев араға жылдар салып, нағашы атасының есімін жаңғыртты. Жанболат Елубайұлы – өмірін Отан қорғауға арнаған жан. 2016 жылы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін тағы да бес жыл өз саласында елеулі еңбек еткен. Тек осыдан бір жыл бұрын жұмыстан қолы босағанда есіне анасының аманаты түседі. Бұл жөнінде ардагердің өзі: «Бала кезіміз. Анам жалғыз қалғанда ағасын еске түсіріп, білдіртпей көз жасын сығып алатын. Мен бала бол­сам да анамнан неге жылап отыр­ғанын сұраймын. Сонда анам туған ағасының сұрапыл соғыста із-түссіз кеткенін айтып береді. Бір жыл бұрын осы оқиға жиі есіме түсе бастады. Оған дейін нағашымды табайын деген ой мазалап, қызметтің бағытымен іске кіріспеген едім. Өткен жылдан бастап нағашы атамды іздес­тіру жұмысына кірістім. Ең бірін­ші кезекте Астана қаласының Алматы аудан­дық қорғаныс істері жөнін­дегі әскери комиссариатына бардым. Олар маған барлық дұрыс жо­лын айтып, кеңестерін берді, көме­гін көрсетті. Алғашында, Ресей Федерациясы Подольск қала­сындағы орталық архивке рес­ми түрде хат жолдадық. Ара­да біраз уақыт өткеннен кейін жол­данған хат­қа жауап келді. Анам­ның амана­тын орындай алға­ныма, наға­шымды тапқаныма қуаныш­тымын», дейді.
Ресми сұрау жіберілгенімен оны соңына дейін күту, дерек пен дәйектерді жинау, құжаттарды реттеу оңай шаруа емес. Жанболат Елубайұлы алған бетінен қайт­пай, іздестіру жұмысын жалғасты­рып, үмітін үзген емес. Біраз уақыт­тан кейін Астанадағы Ресей Феде­рациясының елшілігінен хабар келеді. Олар сонау 1944 жылы қаза тапқан Дүйсенбі Бөлкебаев­тың жиені Жанболат Елубайұлы екені расталған соң, елшілікке аға­йынды Қошанаевтарды ша­қыр­­тып, нағашысына жетпей қал­ған «Ерлігі үшін» медальін табыс етеді. Шаң басқан архивтен бүкіл құжат көтеріліп, Дүйсенбі Мәмежанұлының ерлігі сипат­талады. Нәтижесінде Ресей Пре­зиденті Владимир Путиннің қолы қойылған «Куәлік» пен медаль қазақ жеріне оралды. Медальді жиен­дері нағашысының көзіндей кө­реді. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі», дегеніміз осы болар.

– Қазақстан Республика­сын­дағы Ресей Федерациясының ел­шілігі, Қорғаныс ми­нистр­лігі және Подольск қала­сын­да­ғы ор­та­лық архивінің қызмет­кер­леріне айтар алғысы­мыз шексіз. Осы меке­мелердің қыз­мет­керлері соғыста із-түссіз ж­о­ғалған нағашымды тауып берді. Бұл – екі мемлекет аралы­ғындағы достықтың тікелей көрі­нісі. Осындай бейбіт күндерді сыйлаған ержүрек нағашы атам Дүйсенбі Бөлкебаевқа және барша соғыс ардагеріне мың тағзым, – дейді Жанболат Елубайұлы.

Қуанышқа орай, нағашы­ларының жатқан жері де белгілі болыпты. Жиендері мен ағайын-туыстары биыл Катонқарағай ауданының Аққайнар (бұрын­ғы Черновая) аулында үлкен ас беріп, батырды еске алуды жоспарлап отыр. Нағашы ата­сының кіндік қаны тамған аулынан бір көшені соғыс ардагері Дүйсенбі Бөлкебаевтың атына берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда сонау 1943 жылы Алтай­дан Қырым өлкесіне соңғы сапарына шыққан соғыс ардагері туған жеріне оралғандай болар ма еді? Болашақта киелі Катонқарағай жерінен бір уыс топы­рақ алып, Қырым өлкесіне мәңгі мекен тапқан төбеге апарсақ деген жоспар да бар. Ұрпақтары Жеңістің 80 жылдығы тойлана­тын 2025 жылы Дүйсенбі атаның ­100 жылдығы да аталып өтілетіні­не сенімді. Бейбіт күнді сыйла­ған батырларымызға мың тағзым!

Шығыс Қазақстан облысы