Құқық • 19 Шілде, 2024

Онлайн тұтынушының қамын ойласақ...

94 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары онлайн сауда-саттық кең өріс алғанымен, тұтынушылар құқының бұзылу фактілеріне қатысты шағымдар да жиілеген. Өтініштердің негізгі үлесі бөлшек және электронды сауда саласындағы сапасыз көрсетілетін қызметтерге тиесілі. Мәселен, жыл басынан бері Алматы қалалық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындардан 4 мыңға жуық өтініш жолданып, жауапсыз кәсіпкерлерден жапа шеккендерге 101 млн теңге қайтарылған.

Онлайн тұтынушының қамын ойласақ...

фото: gov.kz

Сапаға салғырт қарау өз алдына, талапқа сай емес тауарды қайта айырбастап беруін сұрап, алдына келген тұтынушылар­дың заңды құқығын аяқасты еткен кәсіпкерлер көбейген. Заң талаптары мен өз құқықта­­рын лайықты деңгейде білмеген­дер, олардың ығына жығы­­лып, тіпті ары қарай талап-арыз жазу туралы ойламайды дейді заңгерлер.

«Алматы – еліміздің сауда-экономикалық орталығы. Мұн­да қызмет көрсетушілер де, тұ­ты­нушылар да аз емес. Мегапо­лис тұрғындары мен қонақтары тауарлар мен қызметтерді сатып алған кезде сатушылар тара­пынан сапасыз немесе жосық­сыз қарым-қатынасқа жиі тап болады. Мұндай келеңсіздікке ұрынбас үшін әрбір азамат «Тұтынушылардың құқықта­рын қорғау туралы» №274-IV заңын жетік білгені жөн. Қазір­гі қоғамда бұл заң өте қажет. Тұ­тынушы мен сатушы, тауар өндіруші, қызмет көрсетуші арасындағы қатынастарды рет­тейтін нормативтік акт, бар­лық талапқа жауап береді. Қазіргі уақытта тарап­тар арасындағы құқықтық қаты­настардың ұтымды тетігі – осы. Кез келген тұтынушы да, қыз­мет ұсынушы да бұл заңды бі­луге тиіс. Азаматтар заңды құ­қық­тары бұзылған жағдайда Алматы қаласы, Мақатаев кө­ше­сі, 45 мекенжайындағы «Тұты­нушылардың құқықтарын қор­ғау жөніндегі қалалық орталыққа» жүгіне алады», дейді заңгер Талғат Қасымғалиев.

Тұтыну құқығын бұзудың көптеген мысалы бар. Көбі­несе азаматтар жиһаз жасау және жөндеу қызметіне шағым­данатын көрінеді. Мұндай жағ­дайлар тек Алматыда емес, бар­лық аймақта кездеседі. Ма­ман­дар талаптардың өсуін тұты­ну мәдениетінің өсуімен бай­ла­ныстырады. Алматы қа­ла­сы бойынша сауда және тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындарға тү­сін­діру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық көмек көрсетеді.

Департамент басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев ТКШ қызметтері, сондай-ақ білім беру, медицина, қоғамдық та­мақтану және байланыс сала­ларына қатысты өтініштер қала­ның жергілікті атқарушы органдары, Ішкі істер органдары және ұялы операторлармен бірлесе пысықталатынын айтады. Тіпті жауапты басқарма іс насырға шапқан жағдайда, сотқа үшінші тұлға ретінде қатысады.

Әлемдік тәжірибеде азамат­тарға тұтыну құқын үйрету мақ­сатында арнайы сабақтар жүр­гізіледі. Жыл басынан бері мұндай бастама Алматыда да жү­зеге аса бастады. Халықтың құ­қық­тық сауаттылығын арт­ты­руға бағытталған жобаны қала би­лігінің қолдауымен «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қоры қолға алған. Алматы қаласы Өңір­лік коммуникациялар қыз­меті алаңында журналистермен жүздескен қоғамдық қор мамандары, күні бүгінге дейін 500-ге жуық алматылық кеңес алу мақсатында қор көмегіне жүгінгенін жеткізді.

– Жоба осы жылдың соңына дейін жалғасады. Жоғары оқу орындарының студенттеріне, қаланың сауда нүктелері мен мекемелеріндегі тұтынушыларға оқыту жұмыстары жүргізіледі. Instagram, Facebook, Telegram әлеуметтік желілерінде «Тұты­нушы-Потребитель» ақ­па­раттық аккаунттары бел­сен­ді жұмыс істейді. Сауда орындарында тұ­тынушылар құ­қын қорғау са­ла­сындағы жаңа заңнама бойын­ша кеңес бе­ретін мобильді заң қызметі іске қосылды. «Сапалы өнім» жобасының мақсаты – ішкі на­рықта азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жаңа заңнама қоғамның өмір сүру сапасын жақсартуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерінде үкімет­тік емес институттардың рөлін нығайтуға бағытталып отыр. Әлбетте, бізде әлі сауда мәде­ниеті қалыптаспаған және тұты­нушылардың құқықтық сауат­тылығы дамымаған. Сондық­­тан жоба аясында біз азаматтар­дың құқықтық сауаттылығын арттыруға барынша күш саламыз. Қала тұрғындарын өздері үшін жасалған мүмкіндікті тиімді пайдалануға және белгіленген заңдарды сақтауға шақырамыз. Өз құқықтарыңызды білу және уақтылы қолдану алданып қалу­дан сақтайды.

Қоғамның әрбір мүшесі құқықтық сауаттылық­қа ие болуы және тұтыну құқы­ғын қорғауға жауапты болуы керек. Бұл өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасайды. Аудан басшыларынан бастап сауда нүктелері мен жоғары оқу орындарына дейінгі әртүрлі деңгейдегі басшылар тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын белсенді қолдауға тиіс. Тек осы жағдайда ғана нәтижелер мүмкіндігінше өнімді болады. Ежелгі дәуірлер мен өркениет дами қоймаған кезде де сауда қатынастарында тұтынушылардың құқықтарын қорғауға баса назар ауда­рыл­ған. Тарихи деректер тұтыну­шылардың құқықтары қоғам­да әрқашан маңызды рөл ат­қар­ғанын көрсетеді. Тұтынушы­лар­ды құқықтық қорғау – ежел­ден қалыптасқан және өрке­ниет дамуының ажырамас бө­лігі, – дейді «Жана­шыр» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова.

Бүгінгі таңда халықаралық Тұтынушылар одағы әлемнің көптеген елімен қоян-қолтық жұмыс істеп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымда­рын біріктіреді. Ұйым халық­тың сауатына, қауіпсіздігіне, таңдауына мән береді. Сарап­шы біздің елімізде де азамат­тық қоғам мен құқықтық мем­лекет қалыптастыру бағы­тын­да ауқымды істер атқары­лып жат­қанын атап өтті. Азамат­тар­дың құқықтық мәдениеті­нің дең­гейі неғұрлым жоғары бол­са, құқықтық нормалар соғұр­лым жақсы сақталады.

«Дамыған мемлекеттің аза­маты «заң талаптарын қатаң сақтау керек, өйткені бұл менің өмі­рім үшін және қоғамның да­муы үшін маңызды» деген қағи­даны түсінеді. Жалпы, өз құқы­ғы туралы хабардар тұтынушы болыңыз. Тұтынушылардың құқықтары біздің елде кең таралуы үшін осы құқықтарды зерттеу, оларды қолдана білу, өзіңізді қорғау және қажет болған жағдайда достарыңыз бен жақындарыңызға көмекте­су қажет. Тұтынушы өз құқықта­рын неғұрлым жақсы түсінсе, оның өз мүдделерін заңды қор­ғауға мүмкіндігі жоғары болады. Тұтынушылардың құқық­тары маңызды және оларды сақтау қоғамдағы әділеттілік пен жауапкершілікті дамытуға ықпал ететінін есте ұстаған абзал», деп атап өтті маман.

АЛМАТЫ