Құрылтай • 19 Шілде, 2024

Жастар жаманнан жирене білсін

165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысында тұжырымды ой айтып, Үкімет пен Парламентке салмақты тапсырмалар берді.

Жастар жаманнан жирене білсін

фото: Ақорда

Президент бүкіл әлемге қауіп төндірген жаһандық сын-қатерлерді, соның ішінде қоғамды жегі құрттай жеп жатқан жағымсыз әдеттерден арылу керектігін санамызға сыналап кіргізді. Бабаларымыздан қалған өсиетті – жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білу керектігімізді ескертті.
«Шын мәнінде, озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жа­ғымсыз қылық және қауіпті ке­­сел­­ден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қа­­лыптастыру жолындағы өте маңыз­­­ды қадам», деп ұлы Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген еш­­қашан ескірмейтін, мән-маңы­­зын жоғалтпайтын өсиетін қайталады.

Әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар екенін көзі-қарақты, көкірегі ояу адамдар жақсы білуге тиіс. Прези­дент айтпақшы, жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Осы орайда Қ.Тоқаев нашақорлық, лудомания, вандализм, зорлық-зомбылық және ысырапшылдық сынды бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керектігіне тоқталды.

Ашық мәліметтерге сүйен­­сек, құмарпаздық құры­ғына ілінген­дердің саны 400 мыңға жуық екен. Бір сөзбен айтқанда, бұлар – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті.

Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсет­кіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесі­рінен талай шаңырақ шайқал­ды. Талай азамат заң бұзып, қыл­­мы­сқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұр­паққа өте үлкен зиян келтіреді. Он­лайн ойындар балалардың күн­де­лікті ермегіне айналып барады.

«Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудомания­мен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бас­тамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет», деп Мемлекет басшысы тапсырма бергендей, лудоманияға қарсы күрес шараларын күшейтетін, яғни құмар ойындардың алдын алып, оның БАҚ беттеріндегі жарнамасына тосқауыл қоятын заңды Мәжіліс тыңғылықты даярлады.

Біз жастардың құмар ойын­ға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болатынын қоғам болып түсіндіріп-ақ жатырмыз. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған құ­мар ойындарға тұсау салатын заңның қабылдануы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Бұл ұлт болашағына дер кезінде араша түскен тірлік болды. Әйтпесе, «заңы жоқ елде қылмыс та жоқ» деген ежелгі философияға салсақ, тиісті заңнаманың сол­қылдақтығы бұл бағыттағы кү­рес шараларының қолын байлап, аяғын тұсаулап тастағаны жа­сырын емес. Заңның мысы бас­паған соң әр нәрсеге елірт­кен жас­тар ойына келгенін істеп, ойын­құмарлықтың құрығына ілігіп кетіп жатыр.

Осы ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасын жалпы отырыста таныстырған депутат Елнұр Бейсенбаев бұл ең көп талқыланған заң жобасы болғанын айтты. Жастардың уланған санасына тоқтау салар, көзсіз құмарлығын тыятын заң жобасы екі жыл үздіксіз талқыланды. Осының өзі-ақ бұл жүрдім-бардым қарап, атүсті шешім шығаратын қатардағы мәселе емес екенін көрсетіп отыр. Ендеше, Президент қол қойған ойын бизнесі мен лудоманияны тоқтататын заң қоғам бірлігі мен жастардың дұрыс жетілуіне әсер етеді деп санаймыз.

Асқарбек СЕЙІЛХАН,
Қазақстанның еңбек
сіңірген әртісі