Еңбек • 25 Шілде, 2024

Тапсырыс түкпір-түкпірден түседі

183 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Арбаға таңылғанымен, жұмыстан қол үзбей келе жатқан Дархан Хамитовтің өнеріне, өмірге деген құлшынысына қа­ра­­саңыз, сандалып, жұмыс таппай жүрген зіңгіттей жігіт­тер­ді аяп кетер едіңіз. Дархан шеткері жатқан Бозша ауы­лында тұрады. Соның өзінде электр техникаларын жөн­де­ту­ге ауданның түкпір-түкпіріндегі ауылдардан тапсырыс түседі.

Тапсырыс түкпір-түкпірден түседі

Суретті түсірген – автор

Техниканың тілін жақ­сы мең­герген шебер кәсібін дөң­ге­летіп отыр деген соң, күре жолдан үш шақырымдай жер­дегі Бозша ауы­лына арнайы бұ­рыл­ғанбыз. Дархан шебер магни­то­фон, шәугім секілді ұсақ-түйек тех­­н­и­­каларды арбасы айнала қой­май­­­тындай шағын бөлмеде оты­рып жөн­дейді. Ал жаздың күні аула­­сын­д­­а­ғы гаражды шебер­ханаға ай­нал­д­­ы­р­ады.

– Теледидар, көліктің магнитофонын, «Отау тв» секілді тұр­мыстық техникаларды жөн­дей­мін. Қыстың күні ұсақ заттар­ды үйдегі шағын шеберханада жөн­де­сем, теледидар секілді дүниені бас­қа бөлмеге шығарып алып, құрастырамын. Жазда жақсы, кең гаражда жұмыс істей беруге болады, – дейді Дархан Төлепқазыұлы.

Оның еңбекқорлығына, білі­міне жерлестері риза. Алайда жер бетіндегі пенде тағдырдың жазуы­нан қайда қашып құты­ла­ды? Шебер биылдан бас­тап денсау­лы­ғына байланысты І-топқа өткен. Үкімет тарапынан 569 мың теңге бөлініп, жаңа арбаға қол жеткізген. Айтуынша, ол арбасы төрт жылда бір жаңартылып отырады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан арнайы аяқкиім берілген. Одан бөлек, дәрі-дәр­мек, ем-дом жағынан да көмек бар деседі. Белгілі бір уақытта сауық­тыру санаторийлеріне барып та тынығады, емін алып келеді. Қам­қор­шы болып отырған жолдасына да тиісті төлем қарас­тырылған екен.

Дархан Төлепқазыұлы осыдан төрт жыл бұрын мемлекеттен 560 мың теңге грант алып, кә­сібін кеңейткен. Электр техни­ка­ларын жөндеу үшін құрал-жаб­дықтар алған, тағысын тағы. Бай­қа­ғанымыздай, Дархан авто­көлік­тердің дабыл белгілерін де орнатады. Шындықты айтсақ, бі­лім­­ді автоэлектриктер қалалық жер­­дің өзінде тапшы. Мұндай ше­бер­­лікті қайдан үйрендің дейміз ғой Дар­ханға, сөйтсек бала күнінен әке­сі баулыпты.

– Өзім техникаға кішкентай күнімнен қызықтым. Магнитофон секіл­ді дүниелерді бұзып, қайта құ­­рап жүретінмін. Сол қызы­ғу­шы­­лығымды байқаған әкем ­­
12 жа­сы­м­нан бастап, бағыт-бағ­дарын бере бастады. Оқытты, тәрбиеледі. Соның арқасында нан тауып отырмыз, – дейді шебер.

Дарханның шеберлігін шың­дауға тағы бір себеп болған – ауылға 4G интернетінің тартылуы еді. Оған дейін техника жөндеудегі түйткілді сұрақтардың жауабын өзі іздеп, шарқ ұрып жүрсе, қазір интернет иірімінен кез келген сұраққа жауап табады. Тіпті этап бойынша көр­сетіп тұрып береді. Дарханның қо­лы ұзартқаны – сол. Айтып отыр­ғандай, тапсырыс үзілмейді. Күніне кемі екі-үш электр техникасын жөндеп жібереді. Осылайша, от­ба­сын асырап, қарапайым күн ке­шіп жатыр. Кәсіп мұнымен тоқ­та­майды дейді. Әкімдік тарапынан тағы қолдау болса, шеберханасын ­ау­дан орталығы Ақжардан ашуды көз­деп отыр. Ол дегеніміз, жалпы ау­дан тұрғындары үшін қолайлы болмақ.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Бозша ауылы