Әдебиет • 25 Шілде, 2024

Құмнан қашып қайда барасың?

88 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әңгіме құм дегеннен шығады. Әйгілі жапон жазушысы Кобо Абэнің Ники Жумпэй атты 31 жастағы энтомолог кейіпкері сирек кездесетін жұмбақ жәндікті іздеп жүріп, теңіз жағалауындағы құм-шағылдардың қуысына қоныстанған бейтаныс ауылдан бір-ақ шығады.

Құмнан қашып қайда барасың?

Күн кешкіріп қалған соң, Ники жергілікті бір қарт­тан түнеп шығатын жер сұрайды. Шал шұңқырда жалғыз тұрып жатқан бір әйелдің қасына түсі­реді де, сатыны алып тайып тұ­ра­ды. Сөйтіп Ники өмір бойы сол шұң­қырда қалады. Романның ұзын-ырғасы осы. Туындыны қай тұрғы­дан да қандай ракуста да талдауға болады. Өйткені бұл ең әуелі нағыз сим­воликалық роман.

Символизм және философия

Құм – өмір яки уақыт. Әйел – тіршілік. Еркек – қозғалыс. Романның философиялық астары да құмның ағысы тәрізді. Баяу, тоқтаусыз сыр­ғыған өмір секілді құм философиясын суреттеуімен сұлу. «Менің қолымнан құм күреуден басқа да нәрсе келеді», дейді Ники үн шығармай қоятын жоғарыдағыларға. Кейде өзің де солай айтқың келеді. Жан-жағыңа қарап, құм күреп тырбаңдап жатқан әлде бір бейбақтарды көресің.

Біздің кейбір әдебиеттанушылар Никиді әлсіз кейіпкер ретінде қарас­тырыпты. «Ақыр соңында күйбең тіршілікке мойынсынды. Алғаш­қы мақсаты далада қалды» дейді. Бұл үс­тірттеу тұжырым тәрізді. Өйт­­кені Никидің әуелде арманы асқақ, мақсаты айқын еді. Бірақ өзі­нен тысқары күштің айдауымен шұң­қырға түсті. Сонда да мойыған жоқ, қапастан қашып шығуға талпынды. Жай ғана талпынып қоймай, өзінше бүлік жасады.

Кобо бір сөзбен айтқанда, Камю­дегі Сизифтың жұмбағына терең үңілді. Камю тіршіліктің мәні немесе бақытқа ұмтылудың жолы қарсы­лық деп есептегенімен адам бәрібір тысқары күштен жеңілетінін іштей мойындайды. Қарғысқа ұшыраған Сизиф бәріне көнеді, құл секілді жү­реді. Іштегі адамдық һәм азат жаны оянады да тағы қарсыласа түседі. Ақыр соңында сол өнімсіз тірлігін мәнсіз болса да жалғастыра беруі­нен барақат табады. Ники де өзінен тысқары күштің бұғауынан сытылып шыға алмаған соң, өнімсіз тіршілігін жалғастыра береді. Бірақ Никиде үміт зор. Ақыры бір күні Ники «үміт» тәжірибесі арқылы құмнан су шы­ғарып алудың тәсілін тапты. Су – болашақтан үміт. Ол су тауып алған соң жоғарыдағыларға деген мұқтаж­дықтан құтылды. Міне, бұл романның жанды тұсы. Жапонның самурай жаны. Оны қалай «тіршілікке мойынсынды, жеңілді» дейміз? Әрбірден соң тіршілікке мойынсыну – жеңілу емес.

Әйел тіршілікке әбден көндік­кен, яғни жаны жеңілген адам ретінде айтыла береді. Оған да келіспеуге болады. Әйелде де арман бар. Арманы – айна мен радио алу. Үлкен бе, кіші ме, әйтеуір арман. Айна мен радио әйел жанының тереңінде жат­қан құпия. Бәлкім, өзгеріске деген ұмтылыс. Айна – өзіңді көру, өзіңді тану. Радио – өркениет көшінің қалай кетіп бара жатқанын бағамдауы шығар. Тағы бір символикалық деталь – ит. Біз ғой «иттің жүні жүн емес» дейтін. Ал Кобоның иті үстін­дегі қырқылған жүнге қарап қың­сы­лайды, денесінің бір мүшесін кесіп тастағандай. Кобоның «ішкі иті» қылдай әділетсіздікке жаны­мен қарсы. Қарап отырсақ, әр жақсы шығарманың ішінде осындай бір «ит» жүреді.

Реализм және жағдай

Роман әлемдік деңгейдегі проб­леманы көтерген адамзаттың ортақ рухани мұрасы. Әйткенмен бұл жапон романы. Әуелі жазушы романды өзінің жапондары үшін жазды.

Жапония тарихта үлкен дағда­рысты бастан кешті. Қазіргі жағдайын мен білмеймін. Бірақ мекені арал, жері кішкентай, халқы көп екені анық. Жан-жағын қаумалаған Ресей, Қытай, Моңғолиямен соғысты. Қайбір жау іздеп, ерлік көрсетейін деп соғысты дейсің, «ел өседі, жер өспейді» деген уайым. Қай тұрғыда алғанда Америкаға кіріптар болды. Мұның бәрін Кобо Абэ терең түсінді. Мұн­дай тұйықталған уайымнан шығару­дың жолы – жапон рухын көтеру және оптимистік ой сыйлау. Сондықтан да жапондар мықты болуды өзіне парыз санады. Былайша айтқанда, ол жапондарды белгілі бір деңгейде өзгертті. Мәселен, ХХ ғасырдың басында Жапонияда жастардың шетке босуы, елге деген сенімсізді­гін суреттейтін шығарманың бірі – Сато Харуоның «Минору мырза­ның өкініші» әңгімесінде де көрініс береді. Сато Харуоның шығармасы сол кездегі Жапонияның әлеумет­тік-патриоттық жанайқайы болып шықты.

Құм құрсауындағы бір жұтым суға зәру әйелді сол кездегі Жапония­ның жағдайымен шендестіріп қарауға да болады. Бұл тығырықтан қалай шығу керек? Шұңқырды (Жапонияны) тастап шығуға мүмкіндік те болды. Роман соңында саты мен шұңқыр иен қалды. Бірақ Ники сол шұңқырда қалуға бекінді. Романның ғажап тұсы осы ғой. Талай оқырманның аңқасын кептірген, миын ашытқан тұсы. Мен бұл жерде Жапонияның сол кездегі ахуалы тұрғысынан қарап отырмын.

Сизиф те жеңілетінін, тасы өрге домаламайтынын білсе де, бәрібір жалғастыра береді. Демек «Сизиф бақытсыз емес!» деп тұжырымдай­ды Камю. Сондықтан Ники нағыз самурай кейіпкер. Тағдырдың қай сынағына тап болса да «келсең кел» дейтін батыр. Бұл жапон санасына Кобо Абэ орнатқан «программа».

«Сахнаның сырты»

Романның қалай жазылғаны ­жай­лы шындықты айтайық. Роман­ның кіріспесі – сол қоғамдағы көз­ге көрінбейтін құбылыстар мен же­ке­леген пенденің жасырын пиғы­лынан басталады. Жазушы роман­ның екінші тынысында сізге кәдімгі ғылыми оқиғаны көлденең тартады. Шығарма желісі қызықты оқи­ға, лирикаға ұласады. Осыдан кейін роман ширығып, драмалық шие­леніске ұласады. Философиялық-пси­хологиялық тартыстар оқып отыр­ған кісіні үзілдіре түседі. Бір кішкен­тай шұңқырда үлкен өмір қайнап жатыр. Сәйкесінше, әдебиеттің барлық тәсілін, өнердің неше алуанын көре­сіз. Мысалы, Никидің шұңқырдан сытылып шығып, қуғыншылардан қа­шуы кішігірім шытырман. Шұңқырда бәрі бар. Ән, сурет, ғылым. Мұ­ның сыры, әлбетте жазушының сәтті тә­сіл қолдануында жатыр. Роман белгілі график бойымен өрбіген. Мысалы, Джеймс Джойстың «Улисс» романын жазғанда қолданатын кестесі секілді.

Кобо Абэның бұдан басқа да шығар­маларынан мол ізденістің нә­тижесі көрінеді. «Құм құрса­уын­да­ғы әйел» романының желісімен тү­сі­рілген киносын да көрдік. Әдетте қа­ғаз­дағы шығарманы экранға көшір­генде біршама өзгеріп, яки құбы­­лып шығушы еді. Мұнда тіпті пар­қы арта түскендей. Жазушының сурет­теген ойын кинорежиссер Хироси Тэсигахара экранда қапысыз жеткіз­ген. Екіншінден, Кобо Абэ өзі де мық­ты киносценарист (Өзі дәрігер­дің оқуын оқыпты. Онысы ұстазымыз Таласбек Әсемқұловқа ұқсайды). Оның тағдыры да қызық. Қытайда тұрып, Жапонияға қайтты. Сол орта­дан өзін өгей сезінді.

Кобо Абэ небәрі 150 беттік романмен әлемді таңғалдырды. Се­бе­бі ол роман жазуды тек сұлу сөй­лем мен қиял деп қараған жоқ (Бізде неге кезінде мода болған көптеген ро­ман қазір өзге түгіл өзімізге жарамай кү­ресінде қалды?!) Әдебиетіміздің ақ­сақалы, жазушы Мұхтар Мағауин «Шақан шері» романының қалай жазылғаны жөніндегі бір лепесін­де: «мен он роман жазатын мате­риал жинадым да бір роман жаздым» дегені бар. Оқырман алдындағы жауапкершілікті жазушы осылай түсіну қажет пе дейсің.