Статистика өсіп барады
Салдарынан жарты жылдың өзінде ғана еліміздің күре жолдарында 607 адам қаза тауып, 2 770-і түрлі жарақат алған. Ал оның сыртына елді мекендер мен қала ішіндегі апат санын қоссақ, жол үстінде жазым болғандардың санынан жаңылатын секілдіміз. Демек цифрлық технологияға сенім артып, жол-патрульдік полиция полкінің санын арттырғанымен, жағдайды түзеу мүмкін болмай отыр.
Кейінгі жылдары заманауи магистралдарды жабдықтау белсенді жүріп жатыр. Ішкі істер министрлігі бұл жол қауіпсіздігіне оң әсер етеді деп есептейді. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 24 мыңға жуық автоматты камера орнатылған. Мұндай құрылғылардың көмегімен барлық бұзушылықтардың 50%-ы тіркеледі. Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70%-ға жеткен. Алайда қабылданған шаралар аймақтардағы адам өліміне алып келіп жатқан жол-көлік апатының алдын алуға септігін тигізе алмай тұр. Мысалы, бір ғана Қарағанды облысы жолдарындағы жағдай күрделі. Айталық, биыл алты айда облыста жол-көлік оқиғалары 58,6%-ға артқан. Ал қаза тапқандар – 54,5% , жарақат алғандардың саны 69,1%-ға өскен.
Жақында Бас прокуратурада өткен ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбеков жол қозғалысы қауіпсіздігінің жай-күйіне тоқталып, жол апатының артуына жүгенсіз жүргізушілердің де, жауапсыз жаяу жүргіншілердің де септігі тиіп отырғанын айтты. Сондай-ақ жол инфрақұрылымының жағдайы сияқты теріс факторлар әлі де әсер ететінін жеткізді.
Бұл мәселе Үкімет отырыстарында үнемі талқыланып, заң шығарушы органның қабырғасында да жиі тілге тиек етіледі. Әйтпегенде осыған дейін жыл-он екі ай жөнделіп бітпейтін жолдардың жағдайын депутаттар талай мәрте көтерген. Биылдың өзінде аймақтағы халықтың базынасын жеткізген халық қалаулылары жол саласындағы жемқорлықпен тиімді күрес жүргізілмей, күре жолда қаза тапқандардың санын азайту қиынға соға беретінін айтты.
Сапалы жолдардың үлесі 60 пайызға жетпейді
Сенатор Талғат Жүнісов елдегі трассаларда жарық пен сервистің нашар екендігін, ал шамадан тыс жүктелген жүк көліктері асфальтпен бақылаусыз жүріп жатқанын көтеріп, сауал жолдады. Оның айтуынша, кейбір өңірлердегі облыстық маңызы бар сапалы жолдардың үлесі 60 пайызға жетпейді. Ең қызығы, материалдардың төмен бағаларын ұсынатын шетелдік мердігерлер конкурстарға жиі қатысады.
Стандартқа сәйкес келмейтін күре жолдардың жайын депутат Амангелді Толамисов та айтып жүр. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Жетісу облысына қарасты Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық тасжолды жөндеу кезек күттірмейтін міндет деп нақты тапсырма берген. Әйткенмен екі жылдан бері ешқандай өзгеріс жоқ. Кеген мен Райымбек аудандарындағы республикалық маңызы бар тасжолдардағы жағдай жұрттың жүйкесін жұқартып бітті. Осы орайда депутат «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмыс сапасын да сынға алып, олардың бюджет қаржысын пайдалану тиімділігіне күмән келтірген. Себебі Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері пайдаланылатын қиыршық тас-құм қоспасының нұсқалары ұлттық стандартқа сәйкес келмейді екен.
Сондай-ақ биыл Мәжіліс депутаты Қазбек Әлішов те автокөлік жолдарының сапасын сынға алып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, Ақтөбе облысы аумағынан өтетін Самара – Шымкент республикалық тасжолының Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын аралығы аса қауіпті жол учаскесіне жатады. Былтыр облыста 648 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 748 адам зардап шеккен. Ал осы жолда бір жылда 118 адам қаза тапқан. Өйткені жол саласын жауапсыздық пен жемқорлық жайлап барады. Осылай деген ол: «Биыл бірінші тоқсанда облыстық прокуратура жүргізген тексеру барысында жергілікті атқарушы орган мен «Қазавтожол» АҚ Ақтөбе филиалының жұмысында көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Мысалы, биыл «ҚазАвтоЖол»-ға Самара – Шымкент трассасында шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы 8 ұйғарым берілген. «Қазавтожолдың» жауабына сәйкес жол төсемінің ақаулары шұңқырларды жөндеу арқылы жойылды деп көрсетілген. Алайда көктемгі қарғын судан зардап шеккен тұрғындармен кездесуде Әйтеке би ауданында былтырғы, яғни жөнделгеніне бір жыл болмаған жолдан түк те қалмағанына көзіміз жетті», дейді. Бұдан бөлек, көпірлер мен су өткізу құбырларының ақауларының нәтижесінде көктемгі қарғын су тасу кезінде Самара – Шымкент республикалық тасжолында бірнеше көпірді су шаю фактілері де орын алды. Облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар Ақтөбе – Орск, Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз, Ақтөбе – Мәртөк, Қарабұтақ – Т.Жүргенов, Қарабұтақ – Ырғыз тасжолдарында, қолда бар 78 көпір мен 847 су өткізу құбырларының 34 көпірі мен 274 су өткізу құбыры күрделі жөндеуді қажет ететіні
анықталған.
Қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы қажет
Жол сапасына қатысты әлемдік рейтингте Қазақстан тек 93-орында тұр. Өңірлерді дамыту жөніндегі парламенттік тыңдау кезінде сенатор Серік Шайдаров осылай дегені бар. Депутаттың сөзіне сенсек, елдегі жолдардың тек 52%-ы жақсы жағдайда, ал 66%-да әр бағытта бір ғана жолақ бар. Ал республикалық жолдардың 22,5 мың шақырымының 12,8-і жақсы жағдайда екен. Сондай-ақ ол жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіретін жағдайлар жиі кездесетінін атап өтті. Осындай ұзақ құрылыстарға Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Балқаш, Қалбатау-Майқапшағай, Мерке – Бурылбайтал, Қызылорда – Жезқазған, Қарағанды – Жезқазған және Жезқазған – Арқалық трассалары жатады. Өңірлер арасындағы жолдар сапасында да айтарлықтай алшақтық бар. Мысалы, Маңғыстау облысында жолдардың 95%-ы нормативтік жағдайда болса, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 2,5 есе төмен. Демек жол сапасы мәселесін шешу үшін депутат бірыңғай оператор құру мәселесін қарауды ұсынған. Осы арқылы жол жұмыстарының орындалуын тексеріп, жергілікті жолдардың барлық учаскелерін диагностикалау және паспорттау қажет.
Экономист Айдар Әлібаев нашар жолдардың себебін сыбайлас жемқорлықпен байланыстырған. Яғни тендерлер конкурсы барысында әрдайым пара беру, кері қайтару, шенеуніктердің «өз» компанияларын және барлық күрделі схемаларды сүйреуге тырысуы қылаң беріп жатады екен. Оның соңы келісімшарттарды бірдей «тамақтандырылған» мердігерлер алады. Бұдан кейін мердігер келісімшарт сомасының 50%-ын қосалқы мердігерлік жұмыстарға беруге құқылы. Алынған сомадан мердігер шенеунікке кері қайтару ретінде белгілі бір үлес береді. Ақшаның қомақты бөлігін өзі алады, ал қалғаны барлық жұмысты атқаратын қосалқы мердігерге кетеді. Осы азайтылған сомаға сәйкес келу үшін қосалқы мердігер бәрін үнемдеуге, ең арзан және сапасыз материалдарды сатып алуға, есеп бермеуге, біліктілігі жоқ жұмысшыларды жалдауға, қымбат, сапалы техникасыз жол жасауға кіріседі. Құрылысшылар мен инспекторлар арасындағы сыбайлас жемқорлық қарым-қатынас және қадағалау органдарының ресми жұмысында да күмән көп. Сапасыз немесе толық орындалмаған жұмысты тексермей, актке қол қоюдың соңы жол сапасына әсер етеді. Делдалдардың қолдан жасаған бағасы материал сапасының төмендігіне алып келеді. Сондықтан елдегі жолдардың өмір сүру ұзақтығы аз. Сонымен қатар экономист жол сапасына қойылатын талаптарды қайта қарап, жарамсыз жолдар үшін мердігерлер ғана емес, тексерушілер мен қабылдаушыларға да қылмыстық жауапкершілік қарастырылу қажеттігін айтады.
Жол сапасы – қашанда ел дамуының өлшемі. Жөнделген жолға 3 жыл, жаңа жолға 5 жыл кепілдік беретін елімізді осындай кепілдігі 15-20 жыл, тіпті 25 жылға лайықталған Еуропамен салыстырудың ауылы әлі алыс. Бірақ бізде бір шақырым жолды салу құны – 600-700 млн теңге. Бұл – қомақты қаржы. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, жолдардың жағдайы нашар, себебі бір уақытта ақша бөлінбеген. Айтпақшы, 2019 жылдан бері құрылысы тоқтаусыз жүріп жатқан Екатеринбург – Алматы автожолының Қарағандыдан Ақбастау кентіне дейінгі учаскедегі негізгі жұмыстары аяқталғалы біраз болды. Бірақ дайын жолды пайдалануға берудің өзі ұзаққа созылып кетті. Қазір 50 шақырымдық сегменттегі қозғалыс төрт жолақ бойынша жүзеге асырылып жатыр екен. Ал бұл жұмыс біткенше жолаушылардың жүйкесі тозатын болды. Тозғаны былай тұрсын, автожолда аман қалуын Алладан сұрап, жанын шүберекке түйетін болды.