Ғұмырын балық аулауға арнап келе жатқан ақсақал айтқандай, көл жағасындағы халық байлығы – балық. Зайсан көлінің оңтүстігінде қоныс тепкен Тұғыл, Байтоғас сынды ауылдардың негізгі кәсіп көзі балық шаруашылығы. Уылдырық шашу кезінде ғана шектеу қойылады. Әйтпесе, ала жаздай көл бетінде, қыстай мұз үстінде жүреді. Айта кетейік, олар балық аулаумен ғана емес, балықты көбейтумен де айналысады. Жыл сайын мемлекеттің белгілеп берген нормасымен көлге шабақ жібереді. Әлбетте, таңның атысы, кештің батысы белуардан су кешіп, көлде жүру оңай емес-ті.
– Ата-бабаларым балықшы болған. Өзім де жетпіске келдім, әлі күнге атакәсіптен қол үзген жоқпын. Жастармен жағаласып, көлге шығамын, асай-мүсейлерін әзірлеп беремін. Әйтеуір ұсақ-түйек шаруаға жараймын. Балаларым да жолымды қуып, балықшылық кәсіпте жүр. Зауыт ақшасын уақтылы төлеп тұрады. Ал жұмысымыз қиын. Неше рет таудай толқынның астында қалдық. Толқын соққан күндері шыбын жанымызды шүберекке байлап отырамыз, – деп ардагер балықшы Сабырбек Құрманғалиев жұмыстың ауырлығын да айтып өтті.
Ауланған балықтарды 2003 жылдан бері өнімді жұмыс істеп тұрған «Зайсан балықшылары» мекемесінде қабылдайды. Бұл кәсіпорын алғашында балық аулаумен ғана айналысқан. Қазір оны өңдеп, экспорттауды қолға алған. Атап айтсақ, балықтың сұрпы еттерін жеке алады, табаннан фарш дайындайды, тағысын тағы. Өнімнің көбін Ресейге жолдайды. Кәсіпорын мамандарының сөзіне сенсек, күніне 1 тонна балық өндіруге мүмкіндіктері бар екен. Ал табан балығының 3 тоннасын өңдеп жіберуге қауқарлы. Бұл кәсіпорынның ең үлкен ерекшелігі – өнімді қалдықсыз өңдейді. Балықтың қалған-құтқанын шағын цехқа жіберіп, балық ұнын жасайды.
«Мекеменің лицензиясы бар. Биыл 600 тонна табан балығы, 172 тонна көксеркеге лимит белгіленді. Одан басқа да балықтарға рұқсат алдық. Жалпы көлемі – 800 тоннадай. Оның бәрі орындалады. Алайда табиғатқа зияны жоқ. Сонымен қатар «Даму жоспары» бойынша дайын өнім шығару керек деген талап бар. Сол бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Зауыттан 80 пайыз дайын өнім шығады», дейді кәсіпорынның технологі Ләззәт Қайырбекқызы.
Кооперативтің 7 мүшесі, 5 цехы бар. Әр цех әртүрлі жұмыс атқарады. Ауылдықтардың бірнешеуін жұмыспен қамтып отыр. Жалақыларын уақтылы төлейді. Есеп-қисапқа көз қырын салсақ, жалақылары 150 мың теңгенің көлемінде.
Иә, өндіріс ошағында қарбаласқан тіршілік. Бірі балық тазалап жатса, енді бірі сұрпы етін сүйектен ажырата турайды. Әр жұмысшы өз міндеттерін жетік меңгерген. Кәсіпорында мастер болып қызмет атқаратын Жаңыл Мейрамбекова жұмыстың жолға қойылғанын айтады.
Мұндағы бар мәселе, электр энергиясының қымбаттауы қалтаға соғып тұрған көрінеді. Бұрын киловатына 22 теңге болса, қазір 37 теңге төлеуге тура келеді. Бағаны түсіру мүмкін болмаса, субсидияға ілінсек деседі кәсіпорын басшылығы. Оның үстіне балық аулау лимиті де азайып кетті. Бес жылға берілетін рұқсаттың мерзімі де ұзарса екен дейді кәсіпорын басшылығы. Бұл аталған мәселе оң шешімін тапса, өндіріс ошағы үшін тиімді болмақ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Тұғыл ауылы