Тарих • 03 Тамыз, 2024

Сауыншыны жылатқан сиыр

175 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ілгеріде өткен оқиға бұл. Адам­ның көңілі кең уақытта бол­ған жайт еді. Мейірім құны жойыл­маған кездегі хикаяттан дәм татыңыз ендеше.

Сауыншыны жылатқан сиыр

Біздің ауыл бұрын «Карл Маркс атын­дағы кеңшар» деп аталды. Күріш те еге­тін, мал да бағатын. Қаба сақал көсем атын иемденгенмен нағыз қазақы ауыл болды. Адамы бейнеткеш, жері құнарлы өлке. Кейіннен сақалды көсемнің күні тайды да, Бекарыстан би аулы атандық. Тәуелсіздіктің арқасы еді бұның бәрі.

Бұрынғының сүйегінің бәрі асыл. Бүгінгімен салыстырсақ солай. Қазір­гінің бәрі тас емендей қатты. Жүрегі жылымайды. Жаны ашып жүргені аз. Осылай да осылай. Иә, мұндай жорға сөзбен сіздің басыңызды ауыртып қай­теміз, әңгімені баяндалық.

Король фермадағы ең сүтті сиыр еді. Сонысымен ғой «Король» атанғаны. Желіні бұлақ дерсің. Маржан апа сауса, тіпті шелегі меймілдеп толып келеді. Неге екені белгісіз, Маржан апа мен Король арасында өзара түсінетіндей тым жақындық бар. Аса ыстық. Апа қасына бара сала оны еркелетеді, сауырынан сипайды. Анау да соған бейіл. Құлағын қағып-қағып, көзі мөлие мөңірейді. Ықыласы бөлек бір-біріне. Фермаға алғаш келгелі бұл сиыр тек Маржан апаның шелегін лық толтырушы еді.

Маржан апаның еңбекқорлығы тым бөлек. Ауылдың «Шәйла» деген бөлімшесіндегі фермада сауыншы. Озаттар қатарында. Соның арқасында шығар, талай жиналысқа делегат атанып, құр­метке ие болғаны. Ана жылдары Қазақстанның бірінші басшысы Д.Қонаевтың өзімен де дидарласқаны бар. Димекең де еңбек адамын қалай қадірлеуді біледі ғой.

Содан бері бірнеше жыл өткен. Ауыл­ға кіреберіс жердің оң қапта­лын ала ­малшылар үйі түсті. Ферма да жаңар­тылды. Сауыншы мен малшы ағайын­ның айы оңынан туғаны бар. Тауар­лы-сүт фермасын Кітабия Құр­ман­баев басқаратын. Таң азанмен Мар­жан апа бастаған қыз-келіншектер осын­да ағылады. Дәмегүл, Зина, Ұлман, Зей­­­неп, Ұлбике, Жақсыбике, Қанзира, Тал­ма­гүл, Гүлдерай, Рабиға, Әліп, Дәме­гүл, Қансұлу сияқты сауыншылар­дың шелектері ертемен салдырлай дыбыс шығарады. Сауыншылардан соң сиыршылар мүйіздінің бәрін өріске айдайды. Данағұл, Шамаран, Айжігіт, Айдул­ла, Қалмаш, Орынбасар, Ақберген, Бөкен­бай сынды ағалар осы жұмыстың басы-қасында.

Осындай қым-қуыт, тынбайтын, толассыз шаруа барысында адам жанын тітіркенткен жайт болған. Иә, кейінгі жылы Король қартайып еді. Сүті де қашыңқыраған. Бірақ әлі де шелекті толтыруға қауқары бар. Маржан апа ғана сауса солай.

Әдетте қартайған сиырдың көбі етке өткізіледі. Үкімет тапсырмасы бұл. Соған сәйкес Корольдың де бұл кезде күтімі күшейген. Жем-шөбі мен суы үзбей беріліп, қоңы да қалпына келе бастады.

«Мына «Корольды» етке өткізетін уақыт болды. Байқаңдар, Маржан апа көрмесін. Сойғызбасы анық әйтпесе». Завферма Кітабияның шешімі бұл. Бәрі үнсіз келіскен. Олай қылмасқа амал жоқ, Маржан мен сиыр Корольдың бір-біріне ықыласын мұндағылар әбден білетін.

Бәлкім түн, бәлкім түс, онысын кім білген, бірақ сүтті сиыр Король сойысқа жығылды. Екі-үш жігіт нұсқау бойынша бір сағат ішінде бұтарлап үлгерген. Тұздалған теріні жайып тастады.

Ертеңіне болды қызықтың бәрі. Қыз-келіншектер Корольдың орнында жоғын байқаған. Маржан апа көрсе не болмақ? Бәрі іштей білсе де, озат сауыншыға айтуға батылы бармады. Бұл кезде жаулығы ағараңдап Маржан апа да көріне берген.

Енді қызық емес, шыжық басталды. Сиырдың орнында жоғын байқаған Маржан апа состиып сәл тұрған. Өңі құп-қу. Завферма Кітабияның бетіне жалтақтап қарай береді.

– Король қайда?

– Сойыстыққа кетті. Етке өткізе­тіні­мізді білесіз.

– Құдой-оу! Қолындағы шелек даң­ғырлай жерге түсіп, әудем жерде аунап жатты.

Талай жыл сауған сүтті сиырына адам­­ша бауыр басқан Маржан апа да­уыс сала жылады. «Ақұдайым-ау, ақ Ко­ро­лім-ау, кеткенің бе шынымен...» Кәдім­гі жоқ­таудың мақамына салып сыңси­­ды Маржан апа. Қасындағы қыз-келін­­шек­тер үнсіз егіледі. Мал жайын ұғып ­өскен ауыл азаматтары бұл көрініске шыда­­май теріс айналып та жатты...

Еңбегімен еленген Маржандай анамыз өз кәсібіне осылай шын берілген деседі. Соның өтеуіндей болып біз­дің елде Маржан Ізмағанбетова атында көше де бар.