Атақты қобызшы туралы жан-жақты болмаса да, бірсыпыра мәліметті біз жаңаарқалық ақсақал, ескі сөздің білгірі, марқұм Әліп Жайлыбайдың «Әліп әлемі» атты кітабынан кездестірдік. Оны жалпыға жарияламасақ, күнә болар дедік. Көкірегі көмбе Әліп ақсақал жазбасында Әбікей күйшінің өмірінен сыр шертіп қана қоймай, соңында қалған туындысының қауашағын жарып, өзегін ұсынғандай мынадай әңгіме өрбітеді. Бір қызығы, бұл кісі күйшінің есімін Әбікей демей, Әбекей деп жазыпты.
«Жаңаарқа, Нұра өңірінде Әбекейдің көзін көрген көнекөздер оның таңды таңға ұратын ірі күйші болғанын, қылқобызға талай әуезді әуендерді салып, күй толғағанын айтып отырушы еді:
– Әбекей мен есімді біліп, әңгімені толық түсінетін кезімде қайтыс болды, – деп бастаушы еді сөзін Құлжамбек ақсақал. Әбекей – Әлке қазының немересі. Әлкеден Иса, Мұса, Тоқтамыс туады. Исадан Әбекей, Мұсадан Сыздық туады. Ал Тоқаңның балалары көп болды. Әбекең қартайғанда 1916 жылы баласы Қали, қызы Жібек, соңында әйелі де қайтыс болып, Сыздекең үйінде қалды. Бірде ауылға Түркістаннан Мұсахан ишан келді. Әбекеңе көңіл айтуға барғандағы әңгімелерін естіп отырдым. Әдеттегі көңіл айту мен Құран оқу біткен соң, Әбекең сөзге араласып:
– Я, ишан, сен келіп-кеткеннен бері осындай-осындай оқиғалар болып жатыр, Алланың ісіне ризалық, өз бергенін өзі алады. Өзің білесің, қобызды балама беріп, енді қолға алмауға ант етіп, Құдайға құлшылық етуге көшкен едім ғой. Мына тұрған қобыз – Ықыластың қобызы. Ықаң менің балаларыма қобыз дарымады, көгенді айналдырар түрі бар, осы қобызды келесі ұрпаққа апаратын сен боларсың, – деп менің балама берген еді ғой дегенде Ишан: – Сіз шерлі адамсыз, ертелі-кеш қобызды ермек етуіңізге болады, – деді. Сол жолы ишанның батасын алған Әбекең жан серігі қара қобызды қолға қайта алды.
Арада біраз уақыт өтті. Бір күндері Әбекең жол жүретін болды. Атын ерттеп, жолсерігі бәрін дайындап болғанда, Сыздекең келіп: – Осы қартайғанда қайда барасың, далада өліп қаласың, ұятқа қаламыз ғой, білгеніңді Көбжанға үйретіп үйде отырмайсың ба? – деді (Көбжан – Әбекейге туыс, ірі күйші болған адам).
– Е-е-е, Сыздық-ау, Көбжанда әуен ұғатын құлақ болғанымен, қобызға келетін тұяқ жоқ. Егер иесін тауып мен ұстатып кетпесем, бақсының нар қобызы болмаса, саз қобыз бұл Арқада иесіз қалғалы тұрған жоқ па, – деді де атқа қонды.
Сол кеткеннен Әбекең Ақтау, Ортау, Ақой, Сарытау, Тоғызқұдық, не керек, сонау Ертіс бойына дейін барып, белгілі ауылдарды аралап, қайтқанда Нұра бойындағы елді сүзіп өтіп, Құланөтпесті қуалай келіп, Қорғалжыңдағы Әупіктің аулына түскенде, іздегені табылады. Ол шәкірт бала қазақтың болашақ үлкен қобызшысы Дәулет Мықтыбаев болатын.
...Иә, Әбекең содан аулында бір жыл жатып, Дәулетке қобыз үйретеді. Қобызды шәкірт бала меңгеріп, күйлерді өз бетімен тартатын болған кезде Әбекең шәкіртіне жаңа бір күй үйретіпті. Дәулет осы күйді тартып үйренгенде: – Бұл күйдің аты «Жалғыз аяқ». Қобызды біздің заманымыздан келесі заманға жеткізетін сен жалғыз аяқ жол болдың, осы күйді саған арнадым, – деген екен.
Содан елге қайтар кез келгенде Әупік баласына қобыз үйреткен Әбекейге ат мінгізіп, алғысын айтыпты», деп қайырады Әліп ақсақал жазбасын.
Бұл жерде біз бір нәрсеге айрықша көңіл бөлуді жөн көреміз. Өнертанушыларға күйді зерттеушілерге құлаққағыс. Әбікей Дәулет Мықтыбаевқа арнап қалдырды деген «Жалғыз аяқ» күйін кейбір орындаушылар телеарналарға Ықылас Дүкенұлының күйі ретінде таратып, жаздырыпты. Ол жөнінде Дәулет Мықтыбаев не деді екен кезінде? Ол кісі «Жалғыз аяқты» таспаға кімнің күйі деп жазып қалдырғанын білу керек шығар мүмкін. Әлде әлгіндей атаулы күй Ықыласта да, Әбікейде де бар ма екен? Бұл алдағы уақытта күйтанушылар тоқталар тақырып деп білеміз.