Атап айтсақ, Мәскеу қалалық Думасының төрағасы Алексей Шапошниковпен жүздесуде Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов жас елордамыздың тарихы тәуелсіз елдің жаңа тарихынан ажырағысыз екенін айта келе, осы жылдар ішінде еліміздің барлық өңірінен жүздеген мың адам елордамызды салуға және жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын атап өтті. Астана мәслихатының құрылымы, оның мақсаттары мен міндеттері, елорданың қалай дамып жатқаны туралы да баяндады.
«Астана мен Мәскеу арасында жақсы ынтымақтастық тәжірибе қалыптасты. Біз қала құрылысы, мәдени мұраны сақтау, креативті индустрияны дамыту саласында өзара іс-қимыл жасаймыз», деді Ерлан Каналимов.
Сондай-ақ шығармашылық индустрияны дамытуға арналған дөңгелек үстел отырысында Астана мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы саланы ауқымды дамыту үшін барлық жағдайды жасауды тапсырғанын атап өтті. Мәскеу үкіметінің министрі Сергей Черемин қатысқан жиында Ресей астанасы осы салада көш бастап тұрғаны, Астананың Мәскеуден бұл тарапта үйренері бары тілге тиек етілді.
«Астана – елорда ретінде бүгінде осы саланы дамыту бойынша елдегі көшбасшылардың бірі. Шығармашылық индустрия инфрақұрылымының тізбесіне концерттік қызметті дамыту, көрмелер өткізу, мұражай және театр қызметі, сондай-ақ цирк өнері және IT дамыту салаларындағы 26 нысан кіреді», деді Астана мәслихатының төрағасы.
«Қыз Жібек» операсындағы «Шашу» жарқын биімен ашылған Мәскеу Халықаралық музыка үйінің сахнасында өткен гала-концертте Қазақстанның халық әртістері Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі мен камералық хоры, «Turan» этно-фольклорлық ансамблі, «Terra» би театры, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ержан Тоқсабанов, Райымбек Тарихов, Мейрам Айтмағамбетов, Михаил Кандауров, Назым Сағынтай өнер көрсетті. Балет әртістері Бақтияр Адамжан және Әйгерім Бекетаева, «Үлкен опера-2023» тележобасының жеңімпазы Дінмұхамед Көшкінбаев, «Новая волна-2014» балалар байқауының жүлдегері Мұхаммедәли Жүгінісов, «Junior Eurovision-2020» халықаралық байқауының жүлдегері Қарақат Башанова, виртуоз-пианист Темірлан Бейсенбай өнерлерімен мәскеулік өнерсүйер жандарды тәнті етті.
Салтанатты жиында сөз алған Мәскеу үкіметінің министрі Сергей Черемин Астана мәдениет күндерінің Мәскеу фестивальдары мен халықаралық мерекелер тізбегіндегі маңызды оқиға екенін және екі ел арасындағы достықты айқындайтынын айтты.
Ал Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев екі елдің мәдениет күндерін өткізу өзара рухани байланысты нығайтып, достық пен одақтастықты күшейтетін маңызды дәстүр екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – мәдени дипломатиялық көпір салудың ең тиімді жолы.
Астана қаласының делегациясы Мәскеу қаласына ресми сапары аясында халқымыздың біртуар перзенттері, ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек еткен Әлихан Бөкейхан мен Жүсіпбек Аймауытұлының басына барып, зиярат етті.
«ХХ ғасыр басында Әлихан атамыз бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті. Ол ағарту ісінен бастап ел, ұлт тағдырына қатысты мәселелердің бәрімен айналысты. Талантты шығармалар қалыптастырды, тарих пен этнология саласында айтулы туындыларын жазды, қазақ ұлттық баспасөзінің дәстүрін түзді, әдебиет саласында елеулі із қалдырды. Жүсіпбек Аймауытұлы – шын мәнінде, қазаққа берілген, ұлты үшін жанын қиған, уақыт өткен сайын биіктей түсетін біртуар тұлға. Жүсіпбек атамыз – көрнекті жазушы ғана емес, сол еңбектерімен халық азаттығын мұң еткен, елінің ертеңін ойлап, еңіреген ұлтының болашағын ойлап еміренген азамат. Алаш ұстанымы – ұлт мұраты. Қазақтың маңдайына біткен арда азаматтардың ерлігін ардақтап, жастардың бойына сіңіру – азамат ретінде міндетіміз деп санаймын», деді Ерлан Ермекұлы.
Жалпы, бірлескен экономикалық және саяси жобалар ортақ мүдделерді жақындастырса, мәдениет ізгілік пен сұлулыққа ұмтылған жандарды үндестіретіні сөзсіз. Мәскеуде өткен Астана мәдениетінің күндері де осы бір ұлтаралық рухани жақындықты айқындай түсетіндей.