Олимпиада • 06 Тамыз, 2024

Балуандар бозкілемге шықты

64 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Францияның бас шаһарын­­да өтіп жатқан XXXIII жаз­ғы Олимпия ойындары­ның кезекті күні еліміздің өрендері спорттың үш түрі бойынша сынға түс­ті. Бірақ осы аптаның басы біз үшін сәтті болмады. Жарыс жолына шыққан жерлестеріміздің барлығы да жеңілістің кермек дәмін татты.

Балуандар бозкілемге шықты

Стенд атудың скит түрі бо­йынша аралас коман­далық сайыста Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай ірік­теу турнирінде небәрі 140 ұпай жиып, 12-орынды қанағат тұтты. Бұл көрсеткіш жерлестерімізге финал­ға шығу үшін жеткіліксіз еді. Ольга Сафронова 200 метрге жүгіруде жұбаныш бәсекелеріне қатыс­ты. Бірақ ол да сенімді ақтамады. Бес қарсыласының бірде-біреуінен оза алмаған Сафронова ең соңғы орын­да қалып қойды.

Дүйсенбіде балуандардың бә­секесі басталды. Алғашқы болып бозкілемге грек-рим күресі ше­берлері шықты. 60 кг салмақ дә­режесінде өнер көрсеткен Айдос Сұлтанғали тұсаукесер кезде­суін Жоламан Шаршенбековке қарсы өткізді. Сыр бойынан келген сайыпқыранның әлем чем­пионатының алтыны мен күмісін екі реттен олжалап, Азия ойын­дарының жеңімпазы, Азияның үш дүркін чемпионы және екі дүркін финалисі атанған 24 жастағы атақты қырғыз балуанына әлі жетпеді. Ол 3:6 есебімен есе жіберді. Содан ке­йін тек қырғыздар ғана емес, барша қазақ жанкүйерлері де Жоламан­ның жолына үлкен үмітпен қарады. Өйткені ол ақтық сынға дейін алқынбай жетсе, Айдосқа қола медаль үшін таласу мүмкіндігі туындайды. Бірақ үкілі үміт ақталмады. Қырғызстанның саңлағы ширек финалда Румыния спортшысы Разван Арнаутты айқын басымдықпен (9:0) ұтқанымен, жартылай финалда Жапонияның жұлдызы Кэнъитиро Фумитадан айласын асыра алмады – 3:4. Енді шешуші айқас Фумита мен қытайлық Лигуо Цао арасында өтеді. Ал үшінші орын үшін таласатын Шаршенбеков пен солтүстіккореялық Ри-Се-Уннің қарсыластары жұбаныш белдесулерінен кейін анықталады.

130 кг салмақта Әлімхан Сыздықов күресті. Жарысты ол сәтті бастады. Шымкенттік балуан алғашқы айналымда әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, румыниялық Алин Чираруды 3:1 есебімен басым түсіп, жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады. Одан кейін Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем кубогінің иегері, Азия ойындары мен чемпионатының жүлдегері Сабах Шариатимен айқасты. Бұл тартыс Әзербайжанның намысын қорғап жүрген 35 жастағы ирандық легионердің пайдасына шешілді – 0:4. Жартылай финалда Сабах сан соғып қалды. Олимпиаданың төрт дүркін чемпионы Михайн Лопес оны еш қиналмай-ақ еңсерді – 4:1. Әзербайжандық жеңілгеннен кейін Әлімхан үшін де жарыс аяқталды.

Бір айта кетерлігі, Олимпиадада 3 (0 алтын+1 күміс+2 қола), әлем чемпионатында 10 (5+3+2), Еуропа біріншілігінде 13 (11+2+0), Әлем кубогінде 2 (1+1+0) реттен жеңіс тұғырына көтеріліп, Еуропа ойын­дары мен Дүниежүзілік уни­вер­сиадада топ жарған Рыза Каялп бұл жарысқа қатыспады. Дәп сол Түркияның тарланы даңқы жер жарған Михайн Лопестің дүбірлі додалардағы бітіспес қарсыласы еді. Екеуінің жолы үнемі шешуші тұста қиысатын. Алайда күні кеше ғана әйгілі балуанның допинг қолданғаны анықталып, Каялп бірер жылға үлкен спорттан шеттетілді. Содан кейін жер-жаһан жанкүйерлері Бостандық аралынан ат терлетіп келген апайтөсті 2023 жылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы сол жарыстың күміс жүлдегері, Азиаданың жеңімпазы, 26 жаста­ғы ирандық Әмин Мырзазаде тоқтататын шығар деп ойлады. Қанша дегенмен ол Лопестен ба­қандай 15 жас кіші. Қазір Парсы пехлеванының нағыз жалындап тұрған шағы. Біраз уақыттан бері көптеген байрақты бәсекеде Әминнің асқан шеберлігіне тәнті болып, зор әлеуетін байқаған едік. Алайда Париж төрінде 41 жаста­ғы азулы арыстан жас жолбарыс­қа алдырмады. Бұл бәсекеде Бос­тан­дық аралының балуаны асық­пай-аптықпай жүріп-ақ, сауатты тактикасы арқылы Мырзазадені жолынан ығыстырды – 3:1. Сөйтіп, финалда Михайн Лопес пен чилилік Ясмани Акоста күш сынасады. Ал Сабах Шариати мен қытайлық Линчжэ Мэннің қарсыластары сәл кейінірек белгілі болады.

Сол күні әйелдер күресі шебер­лері де өз өнерін ортаға салды. Олар 68 кг салмақ дәрежесінің жүлделері үшін тартысты бастады. Бастапқы бәсекелерде барлық қарсыласын сыпыра ұтқан Мейірім Жұманаза­ро­ва мен Эмит Элор жартылай фи­налда да жеңіске жетті. Қырғыз ­қы­зы үшін жеңіс оңайлықпен келген ­жоқ. Ол Токио Олимпиадасының кү­міс жүлдегері, Африканың 13 дүр­кін чемпионы, нигериялық Блес­синг Оборудудуданы әупірімдеп жүріп әзер ұтты. Ал АҚШ-тың аруы солтүстіккореялық Пак Сол-гумды жығып алды да, аяғынан мықтап ұстап, бозкілемде шыр айналдырды. Сөйтіп, есеп 10:0-ге жеткенде барып қана тоқтады. Дәл осы тәсілді Элор осыдан екі жыл бұрын Белградтағы әлем чемпионатының финалында біздің Жәмила Бақбергеноваға қар­сы сәтті қолданған еді. Сол кезде ­18 жас­тағы бойжеткен әлем чемпионы атанса, келесі жылы сол нәтижесін қайталады. Міне, енді 20 жасында Олимпиаданың алтын тұғырына көтерілуге шақ қалды. Ол үшін Эмит Элор Токиодағы ойындардың ­қола жүлдегері, әлем чемпионы Мейі­рім Жұманазарованы жеңуі керек. Бірақ Алатаудың бөктерінен кел­ген бұрымдының да оңайлықпен бері­ле қоймайтыны анық. Сол себепті де алда көрерменді кескілескен ай­қас күтіп тұр деп айтуға толық негіз бар.

Бұл күндері дүйім жұрт бокс­шылардың бәсекелерін де тағат­сыздана күтіп жүргені рас. Қазірдің өзінде кейбір салмақ дәрежесінде бас жүлде үшін айқасатын арлан­дар мен тарландар анықталып та қой­ды. Тарқатып айтсақ, 51 кг салмақ­та Хасанбой Дусматов (Өзбекстан) пен Біләл Беннама (Франция), 63,5 кг салмақта Софьян Умиа (Фран­ция) мен Эрисланди Альварес (Куба), 80 кг салмақта Нұрбек Орал­бай (Қазақстан) мен Александр Хиж­­­няк (Украина) және 92 кг салмақта ­Ло­рен Альфонсо Домингес (Әзербай­жан) пен Ләзизбек Муллажонов (Өзбекстан) жұдырықтасады. Тағы үш жұп алдағы күндері анықта­ла­ды. Сол секілді әйелдер де шаршы алаңға шығады. Бұл бәсекелерде күллі қазақ жанкүйерлері Назым Қызайбайға үлкен үміт артып отыр. Аса жеңіл салмақтағы қазақ қызы Қытай боксшысы У Юмен қолғап түйістіреді.