Атап айтсақ, еліміздегі индустрия салаларын қазіргі заман талаптарына сай ілгері дамытудың қадамдары, су, жер қатынастарын реттеу, инфрақұрылымдық қауіпсіздік мәселесі, ең бастысы, ел қауіпсіздігін жаңаша бағалау, соған қажетті нақты шаралар қабылдау реті айқындалды. «Прогрессивті ұлт болу үшін Қазақстан барлық азаматтардың дүниетанымын өзгертіп, қоғамдық санада жаңа құндылықтарды сіңіруі керек», деп мәлімдеді Президент.
Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып есептелінеді. Ал олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендеген мемлекет құру. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Осылайша, ел экономикасының басым секторларын дамытуға ден қойылуы керек.
Яғни Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабтарының біріне айналдыру үшін түбегейлі қадамдар жасау қажет. Соның бірі – Қытайдың сыртқы саясаттағы соны жетістігі «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы аясында іске асырылып жатқан көлік-логистикалық орталықтарды қолға алу мәселесі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет елді мекендерді газдандыру деңгейін едәуір арттырып, кемінде 1700 шақырым желіні жаңғырту қажет екенін айтты. Еліміздің жол желісін салу және қайта құру экономиканың дамуына қуатты серпін беретіндігі, кем дегенде 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жұмыспен қамту мәселесі қадап айтылды. Нәтижесінде, елді мекендердің көліктік қолжетімділігі айтарлықтай жақсарады. Адамдардың іскерлік белсенділігі мен әлеуметтік ұтқырлығы арта түседі.
Елдің негізгі қозғаушы күші – идеялар мен инновациялар. Біз қоғамның постиндустриалды моделіне біртіндеп жақындап келе жатырмыз. Озық технологияларға негізделген білім экономикасын құру керек. Қазақстан жаппай цифрландыру және жасанды интеллектті жедел дамыту аумағына айналуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз.
Технология жақын арада әлемді түбегейлі өзгертеді. Біз заманауи цифрлық көшпелілер өркениетінің прогрессивті стандарттарына сай болуымыз қажет. Бұл салада жастардың әлеуеті, менталитеті мен таланты «қазақстандық серпіліске» нақты мүмкіндігіміз бар екенін көрсетіп отыр.
Жаһандану үрдісі қарқын алған заманда жоғары білім беру мен ғылым саласындағы дамудың инновациялық бағыттары өз жемісін береді. Міне, осыған орай ғылым және жоғары білім саласы тарапынан айқындалған міндеттерді іске асыру жолында барлық әлеуетті жұмылдыру сапалы кадрлар даярлаудың негізі болатыны айқын. Яғни «Біздің негізгі миссиямыз – еліміз үшін білікті, бәсекеге қабілетті және талантты жас мамандарды даярлау».
Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі. Әділетті Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің мақсат-мұратына жылдам қол жеткізеді. Саналы ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгеріс әкеледі. Сондықтан жастар тәрбиесіне қатты көңіл бөлуіміз керек. Құрылтайда әрбір азаматымыз, әсіресе жастар, ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажеттігі баса айтылды.
Жаппар ЖҰМАН,
экономика ғылымдарының докторы, профессор