Абай • 10 Тамыз, 2024

Хакімнің сөзі – ақылдың көзі

178 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ғибадат (Он екінші сөз)

Иман ұғымы қазақ санасына ислам діні арқылы енгенмен, келе-келе ар, білім­нің басты ұғымына айналған. Халқымыздың жақсы жанды иманжүзді дей­­тіні де содан. Мұсылмандық түсінікте иманды адам ғибадатсыз болмай­ды.­

Хакімнің сөзі – ақылдың көзі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ғибадат дегеніміз – мұсыл­ман­ның өткеретін парыздары. Абайдың айтуынша, кімде-кім иман келтіріп, қадір-халінше ғибадат жасап жүрсе, оны құп алу керек. Себебі адам білгенін істейді, білмегенін одан талап етуге болмайды. – Бірақ, – дейді Абай, – ол кісі осы білгенім жетті, енді әрі үйренудің қажеті жоқ деген түсінікке келсе, оны «құдай ұрды», ғибадаты ғибадат болмайды. Білуге құмарлықты шектеу, талаптанбау имансыздық. Бұл – Абайдың ислам дініне жасап отырған реформалық қарекеті. Білуге құмарлық – имандылық мәнісі деу – асқақ ой, ол – адамның өзінің шексіз кемелденуін мойындау деген сөз. Иман келтірсең, өз қарекетіңе салғырт қарама, салғырттық – көзбояушылық.

Абай иман арқылы адам­шы­лық таби­ғатын ашуға тал­пын­ған. Иманды Абай діни сенім мағынасында ғана емес, өзге мәнде де қолданған. Мұнда ақын­ның жас шағында көп оқыған сопы­лық әдебиеттің де әсері аңға­ры­ла­ды. Иманды сенім емес, та­ным тұрғысында талдау – пәл­са­па­да бар дәстүр. Абай бұл жер­де осы дәстүр кеңістігінде қал­май, ха­лық түсінігіне орай олар­дың тұр­мыстағы, қаре­кетін­дегі сал­ғырт­тық дінінде де орын алып отыр­ғанын көріп, қын­жыл­ған­дық­тан туған ойларын ортаға салған.

 

Кербез (Он сегізінші сөз)

Адам баласының бойын түзеп, ұна­сымды киім киінуі табиғи нәрсе. Келісті киім адамға өң беріп, көңілін көтеріңкі етеді әрі өзге кісілерге жағымды әсер қалдырады. Әсем киіну адамның әсемдікті қабылдау қабілетіне де қатысты. Сондықтан Абай таза киініп, дұрыс жүруді құп ала отырып, әсіре кербездікті сынға алған. Ол ондай кербездіктің екі түрі болады дейді. Біреуі – адамның бет пішініне қатысты, яғни сақал-мұртын, жүріс-тұрысын, қас-қабағын сәндеумен әуреленушілік. Екіншісі – киімге, атына әуреленіп, «...әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?» дейтұғын болмаққа ойланбақ.

Мұндай істерді Абай жағымсыз қы­лықтар ретінде бағалаған. Сон­дықтан ол: «Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», дейді.

Ойды ой қозғайды, Абай бұл сөзде кербездің тұрмыстағы мәніне талдау жасаған. Кербез деген сөз туралы жан-жақты ойласақ, оның мағыналық жағының өрісі кең екеніне көзіміз жетпек. Оның жағымсыздау қабылдана­тыны – кейбіреулердің кербез атануға әуестенушілігі. Не ақылы, не ғылымы, білімі жоқ, тек әншейін кербез атану – боскеуделік.

Өмірде өзі де кербез, ойы да кербез ерекше жандар болады. Ой кербездігі білімділіктен, парасаттылықтан, мінез байлы­ғынан туса керек. Бөтен сөз сөй­ле­мейтін, алыстағыны аңдап, аузынан шыққан сөзі алтынға айналған қазақ­тың атақты билеріндегі қасиет осы ой кербездігі емес пе? Абай­дың: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы», деуі де ой кербездігіне бас­тайды. Сірә, нағыз ой кербез – Абайдың дәп өзі. Мен мұн­дай қоры­тындыға оның мұрасын зерттеу үстінде келдім, ол кербездіктің бол­­мы­сын жазып қалдырған. Олай болса, Абай – ойшылдардың ішін­дегі кер­безі.

Кербез деген – ұлағатты сөз. Оның құнын әлдекімдер түсіргісі келгенімен іс бітпейді, кербездік – сүбелі ұғым. Кербездік сұлулыққа ұмтылу, ізденуді талап етеді, ойы таяз, көкірегі қараңғы жандар кербездіктің не екенінен хабары жоқ, тек еліктеушілер. Абай осылар туралы айтқан. Кеудесі кең сарай ғұламалар – нағыз кербездер. Себебі кербез деген – адамның адамнан табиғи артықшылығын білдіретін ұғым, ғұламалар болса – ерекше жандар., Олар – өзгелерден ақылымен, ғылымымен, арымен, мінезімен озғандар.

Солардың бірі – осы сөзді жазушы, кербез туралы ой айтушы хакім Абай.

 

Естілік (Он тоғызыншы сөз)

Қазақта мақал бар: «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың». Естілік дегеніміз, мақалда айтылғандай, адамның туа­біткен қасиеті емес, дүниені тану нәти­жесінде болатын нәрсе. Есті болу үшін естілердің сөзін ескеріп жүру керек. Жалпы, естіліктің жеке өзі іске жарамайды. Естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескере, жаманнан сақтанса, сонда іске жарайды. Абай естілердің сөз­дерін ескеретін адамдардың тап­шылығына қынжылады. «Сөз таны­майтын жұртқа сөз айтқанша, өзіңді танитын шошқаны баққан жақсы» деген екен бір хакім», дейді Абай.

Сөзді ұғып, сөз тыңдайтын адам­­дар Абай заманында аз бол­ған, қазір де солай. Білімге бой ұрғандардың, естілердің сөзінде жұмысы жоқ, солай бола тұр­ғанымен, естілік дегеніміз – қоғамдық сана, пікір деңгейін білдіретін өлшемнің бірі.

 

Жалығу (Жиырмасыншы сөз)

Абай тақуалықты (сопылық) мойын­дамаған, ол адамның еңбегін, тұрмыс үшін жасайтын қарекеттерін хош көрген. Себебі тақуалық адамды өмір қызығынан бездіреді. Тақуалық – жалған өмірден түңілудің, оны тәрк етудің бір түрі. Абай мұндай дүниетанымды қабыл алғанмен, осы сөзінде «жалығу» туралы пікірлер өрбіткен.

Өмірдің мың сан көрінісінен, қисапсыз әрекеттен жалығу – тақуа­лыққа бастайтын соқпақтың бірі. Мұны Абай дөп басқан. Ол: «Жалығу деген әр нені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын – бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады», дейді. Ойлы адам әр нәрсенің түпкі мәніне зер салса, ойсыз жанның өмірі сауық-сайранға толы. Соған қарап ақын: «...ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет пе деп ойлаймын», дейді.

Абай айтқан бұл мәселе әлім­сақтан шешуін таппай келеді. Анығында дұрыс өмір сүру деген не? Ананы-мынаны ойлап, барша жайдың жай-жап­сарын, себеп-салдарын зерттеумен күн өткізу ме әлде ойын-күлкімен, сауы­қ­пен күн кешу ме? Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Ақын бұл сұраққа жауап­ты өлеңдерінде берген. Ол наданның сүйгені көппен дүрмек деген. Бірақ шолақ ғұмыр адамға бір-ақ рет беріледі екен, оның өзі жаныңды жеп, қай­ғы­мен өтсе не болғаны? Сондықтан өмір қызығынан жалық­қандар, оның шолақтығын білгендер тіршіліктен де жалығады. Ондайлардың атқа­рар қарекеті – негізінен тақуалық, яғни құдай жолына түсу. Одан бер­гіде ойлы адамның жалықпайтын бір ісі бар. Оның не екенін ақын айт­паған. Адам (ойлы адам) білімнен, ғылымнан жалықпайды, суреткер өмір көріністерін бейнелеуден жалықпайды, қысқасы, шебер өз ісінен тан­бай­ды.

Жалығу дегенде Абайдың айтып отырғаны тек өмір қызығы емес, тереңірек мәселе. Ол: «Дүние бір қалыпта тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бір қалыпта тұрмайды», дейді. Әрине, қуаттың азаюы, ғұмырдың қысқаруы адамның ісіне, мінезіне өзгерістер әкелмей тұрмайды. Бірақ мен білмекке, құмарлыққа, сірә, ойлы адам жалықпаса керек деп ойлаймын.

 

Ғарифолла Есім,

академик