Абай • 10 Тамыз, 2024

Дананың жүрегі

94 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ғұмырының соңғы бел-белесінде Абайдың ішкі әлемінде үлкен рухани реставрация жүреді. Қоғамды түзетпек болған хакім ендігі жерде өзімен айналысуды құп көреді. Осылайша, әлемді жөнге салу адамның өзін жөнге салуынан басталатынын іс жүзінде сезінеді. Ақыры «тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» деп, оның көзін ашуға ­барын салады.

Дананың жүрегі

Абай ұғымындағы жүрек – адам мен ақи­қат арасындағы терезе. Осы терезеге ғаді­­лет пердесі тұтылғаннан кейін оған хақ­­­тың сәулесі түспейді. «Бұлардың бас көзі со­қыр емес, бірақ көкіректеріндегі жү­­­рек көзі соқыр» деген Құран аяттары осы шын­дық­ты меңзесе керек. Жүрек кө­зіне сәуле түс­пеген адамға хикмет ілімі қон­­бай­ды.

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».­

Ақын өлеңіндегі «жылы жүрек» концепциясы – терең гуманистік ұғым. Бұл, әрине, даналардан жалғасып жатқан тұ­ғыр­лы тұжырымдама. Әл-Фараби трак­татында «Жүрек – ішкі табиғи жылы­­лық­тың көзі. Басқа мүшелерге жылы­лық нақ осыдан тарайды, олар осыдан нәр алып оты­рады», деген жазбасы бар. Сәй­­ке­сін­ше Абай да осы идеяны өз сарап­та­уында:

«Сол жүректен жылылық, достықпенен,

Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы», десе, тағы бір өлеңінде:

«Жүректен қызу-қызба кете қалса,

Өзге тәннен еш қызық іс табылмас», деп оның маңызын нақтылайды. Жүрек­тің жиырма төрт сағат суынбауын қада­ғалап отыру керегін айтады.

Абайдың жүрек туралы ұғымымен кеңірек танысу үшін, оның «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінің танымдық тамырына зер салу керек деп есептейміз. Онда құдайға бастайтын жалғыз көпір – жүрек, жай ғана емес, ынталы жүрек еке­ні­нен хакім алғашқы шумақта-ақ хабар береді. Әрі қарай өлең былайша өріледі:

«Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса Тәңірі үшін».

Ақиқат ғашық адамға ғана танылады. Бұл сезім – болмыс бірлігіне ұмтылу. Бұл халге жеткен бақыт иелері «мен» деп емес, «біз» деп сөйлейді. Шайда еріген шекердей, жарының жүрегіне мәңгілік сіңіп кетеді. Осы орайда «менің жарым – қыз емес, хақиқаттың шын нұры» деген Шәкәрімнің сөзін есте ұстаған абзал.

Құдайды ақылмен танығысы келген топтар қай заманда да болған. Қазір де мұндай пікір иелері жиі ұшырасып жатады. Алайда бұл беймүмкін әрекет екенін айтады Абай атамыз. Себебі өлшеусізді өлшеулі ақылмен сарапқа сала алмаймыз.

«Ақыл мен хауас барлығын

Білмейдүр, жүрек сезе-дүр.

Мұтәкәллимин, мантикин

Бекер босқа езе-дүр».

Мұндағы «мұтакәллимин, манти­кин» сөздері – исламияттағы тео­ло­гиялық терминдер. Ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абай және Шығыс» еңбегінде бұ­ларға кең көлемді талдау жасайды. «Мұта­кәл­лимин бағытының негізін ІХ ғасырда ал-Аашари (874–935) салған еді. Бұл сөздің мағынасы арабша «кәлам» (логос), ал «мұта» сөзі кәлам ілімін насихаттаушы, таратушы дегенді білдіреді. Мұтакәлламистер орта ғасырда ислам дініне грек философиясын пайдалану арқылы теологияны үстемдікке жеткізді. Таби­ғат, адам, қоғамдағы құбылыстарға осы мұтакәлламин ілімі тұрғысынан жа­уап беріп, ұғындырып отырған. Ал ман­­ти­кин сөзі де арабша, ол логика сөзіне келеді».

Бұдан түсінетініміз, адам білім жинау­мен ақиқатқа жақындамайды. Жү­рек түбінде жасырынған түрлі дерт-мерез­дер­мен күресу арқылы шын­дық­тың шы­ңына жетеді. Барлығы адам кеу­де­сін­дегі он сегіз мың ғаламның қазынасы жа­­сы­рынған жұдырықтай жұмыр етке байланысты.