Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Отандық тауарларға басымдық беріледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер қойнауын пайдаланушылардың, квазимемлекеттік және мемлекеттік сектордың сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін 60%-ға жеткізу туралы тапсырмасы бойынша Үкімет жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде бірқатар салада оң нәтиже байқалады. Бұл ретте импорттың тұрақты түрде қысқарып келе жатқанын және өндіріс көлемінің артуын атап өтуге болады. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде әкелінетін өнім көрсеткіші 7%-ға төмендесе, отандық өндіріс көлемі 4%-ға артты. Машина жасауда, металл бұйымдарын, қағаз өнімдерін өндіруде сыртқы жеткізілімдерге тәуелділік төмендеді.
«Қазір экономикасы қарқынды дамыған көптеген мемлекет ішкі нарықты қолдау және қорғау саясатын белсенді жүргізіп жатыр. Халықаралық валюта қоры мұндай қорғау шараларының жартысына жуығы Қытай, Еуропалық Одақ және АҚШ экономикаларына тиесілі екенін атап көрсетті. Қазақстан әлемдік тәжірибені ескеріп, импорттық тауарлардың үлесін төмендетуге және өз өндірушілерін қолдау шараларына кеңінен басымдық беріп отыр. Үкімет экономикалық патриотизм қағидатын қатаң ұстанады. Біз қашанда отандық өндірушіні қолдаймыз. Бұл – әрбір әкімнің, әрбір салалық министрдің міндеті. Ол тек сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде орындалуға тиіс», деп атап өтті О.Бектенов.
Ішкі нарықты қолдау жөніндегі шаралар заңнамалық деңгейде бекітіледі. Президент сатып алу рәсімдерін жүргізу кезіндегі талаптарды қатаңдататын «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңға қол қойды. Бұл ретте бүгінде сатып алу сапасын бақылауды одан әрі күшейтуді көздейтін түзетулер Мәжіліске енгізілді. Өзгерістер жаңа тетік – отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін енгізуді көздейді. Бұған өнім шығарып отырған, өндірістік қуаты жетерлік, одан әрі дамуға әлеуетті, жоспары нақты кәсіпорындар кіреді. Бұл платформаны құрудың негізгі мақсаты – еліміздің негізгі өндірістерін жүйелеу және отандық бизнесті қорғау. Тізілімге енген кәсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларын басым тәртіппен алады. Оларға өндірісті жаңғырту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жалақыны өсіру бойынша қарсы міндеттемелер қойылады. Компаниялардың қызметін бақылау онлайн режімде цифрлық скрининг негізінде жүзеге асырылады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Мониторинг салық және кеден қызметтері, еңбек инспекциялары және басқа да ведомстволар тарапынан жүргізіледі.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Оның айтуынша, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету аясында жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия, металлургия салаларындағы және қағаз, жиһаз, құрылыс материалдарының 4 201 тауарына мемлекеттік сатып алуда басымдық беріліп отыр. Бүгінде аталған тауарлар бойынша отандық өндірушілерімен жасалған келісімшарттар саны 1,4 есеге өсіп, 106 млрд теңгені құрады. Ең үлкен өсім химия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, қағаз өнімдері бойынша байқалды.
«Шағын және орта кәсіпорындарды қолдау шаралары өз тиімділігін көрсетті. «Мәселен, Петропавлдағы «Радуга» кәсіпорны қағаз өнімдері бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысу есебінен 1 млрд теңгеге өнім шығарып, 100%-ға жүктелді. Сондай ақ Павлодардағы «Лакра» кәсіпорны лак бояу өндірісі көлемін 27%-ға, Алматыдағы «Marschall» тұрмыстық химия өндірісін 15%-ға ұлғайтты. Астанада осы сәуірде өнім шығаруды бастаған «Metal Former» кәсіпорны «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 100%-ға жүктеліп, төрт айда 3,6 млрд теңгеге өнім шығарды», деді Қ.Шарлапаев.
Министрдің айтуынша, биылғы жобалар пулында 1,3 трлн теңгені құрайтын 180 жоба бар. Бұл жобалар іске қосылғанда, 15,2 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері 158 млрд теңгеге 43 жоба іске қосылып, 2 мыңдай жұмыс орны ашылды. Оның ішінде Маңғыстау облысындағы КазАзот аммоний сульфаты, Қызылорда облысындағы «Orda Glass» энергия үнемдейтін шыны, Батыс Қазақстан облысындағы Каспи Мұнай Капитал мұнай газ жабдықтар өндірістері бар. Бұл жобалардың негізгі мақсаты – импортты алмастыру. Сонымен қатар жыл соңына дейін Шымкент қаласында «Wan Sheng Ceramic» керамикалық плиткалар өндірісі, Қостанай облысында «KamLitKZ» жүк автомобильдер компоненттерінің өндірісі, Қостанай облысында Пружина теміржол вагондарына арналған серіппелер өндірісін іске қосу көзделген.
Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алуды реттеу мәселесінде бірқатар міндет қойды. Өзекті мәселелердің бірі – отандық тауарлар каталогтерінің қайталануы. Бұл өнімді импорттауға және одан әрі оны отандық тауар ретінде сатуға мүмкіндік береді. Қаржы министрлігі халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Мемлекеттік сатып алудың электронды каталогін әзірледі. Премьер-министр Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге сараптап, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің артық каталогтерін жоюды тапсырды.
«Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, отандық шикізат пен материалдарды пайдалану бойынша ірі мердігер компаниялардың міндеттемелеріне мониторинг жүргізудің пәрменді тетігін әзірлеуге тиіс. Қазақстандық өнімдер бола тұра, импорттық тауарларды сатып алу жалғасып келеді, мұны доғару керек», деді О.Бектенов.
Фармацевтика өндірісі 14,5%-ға ұлғайды
Сонымен қатар жиында фармацевтика саласын дамыту және отандық өндірушілерді қолдау бойынша бірқатар міндет белгіленді. Осы орайда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова отандық фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта елімізде отандық фармацевтикалық өндіріс көлемі 95 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсеткіші 14,5%-ға артты. Бүгінгі таңда 4 мыңға жуық фармацевтикалық өнім жеткізу бойынша 35 отандық өндірушінің қатысуымен ұзақмерзімді 94 шарт жасалды. Жыл соңына дейін өзге 24 отандық өндірушімен ұзақмерзімді шарт жасалуы арқылы 1 412 дәрілік зат пен медициналық бұйымдардың жеткізілуі қарастырылып отыр. Алдағы 3 жылдың ішінде жасалған ұзақмерзімді шарттарда белгіленген көлемге кезең-кезеңімен шығу жоспарланып отыр.
«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басым түрде қолайлы жағдай жасалды. Нәтижесінде, биылғы 6 ай қорытындысы бойынша 29,5 млрд теңге көлемінде 196 дәрілік зат түрі жеткізілді», деп мәлімдеді А. Әлназарова.
Елімізде дәрілік қауіпсіздігінің тұрақты әрі базалық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған кең таралған аурулар тізімінің негізінде басымдық беретін дәрілік заттар тізімін қалыптастырды. Нәтижесінде, 283 дәрілік зат іріктеліп алынды. Бүгінде аталған тізімдегі 107 дәрілік зат (37,5%) Қазақстан аумағында өндіріледі. Алдағы уақытта қалған 178 дәрілік зат (62,5%) өндірісін жүргізу басымдыққа ие болады.
Үкімет басшысы еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін фармацевтика саласын тұрақты әрі сапалы дамытудың маңызын атап өтті.
«Осы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің фармацевтика өндірісі 14,5%-ға ұлғайды. Алайда саладағы әлеует бұдан әлдеқайда жоғары. Денсаулық сақтау министрлігіне осы көрсеткішті жыл соңына қарай одан әрі ұлғайтып, шығарылатын препараттардың көлемі мен тізбесін кеңейту жұмысын жүргізуді тапсырамын», деді О.Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр медициналық ұйымдарды электрондық форматқа көшіру арқылы фармацевтика өнімін сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Өз өндірушілерімізді қолдауға тиіспіз
Үкімет отырысы барысында О.Бектенов мұнай-газ саласындағы мемлекеттік сатып алу саласын реттеу жөнінде тапсырма берді. Аталған саладағы атқарылған жұмыстар жөнінде Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов біршама дерек келтірді.
Вице-министрдің айтуынша, бірінші жартыжылдықта көмірсутек шикізаты мен уранды пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жалпы көлеміндегі елішілік құндылық үлесінің (2,8 трлн теңге) орташа салалық көрсеткішінің өсуі байқалады. Бұл 61,6%-ды, яғни 1,7 трлн теңгені құрады. Осы көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен (57,3%) салыстырғанда 4% тармаққа жоғары.
«Жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің сатып алу қағидаларына қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталған өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тауарларды сатып алу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар ескеруі үшін отандық тауар өндірушілердің міндетті тізілімі енгізілді; тізілімде жалғыз отандық тауар өндіруші болған кезде, одан тауарды бір көзден сатып алу тәсілімен жүзеге асырылады; тізілімде екі және одан да көп отандық тауар өндіруші болған кезде, тауарды сатып алу олардың арасында ғана өткізіледі (қазақстандық тендер); импортталатын тауарды сатып алуға арналған шарт тауарды өндірушінің Қазақстан аумағында жергіліктендіру бағдарламасын міндетті түрде ұсынуымен және оны өндіруді қамтамасыз етумен 5 жылдан аспайтын мерзімге жасалады. Бұдан басқа, министрлікке ұсынатын елішілік құндылық бойынша есептердің нысаны өзгертілді. Бұл жер қойнауын пайдаланушылар жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде отандық тауар өндірушілерден тауарларды сатып алудың сапалық және сандық динамикасын қадағалауға мүмкіндік береді», деді вице-министр.
Биыл 10-12 шілде аралығында отандық тауар өндірушілер хабардар болуы үшін Атырау қаласында сатып алынатын мұнай-газ жабдықтары бойынша 3 ірі жобаның Ашық есік күндері өткізілді. Аталған іс-шараға отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды жеткізушілердің 300-ден аса өкілі қатысты.
«Қазіргі кезде ірі мұнай-газ жобаларының негізгі жер қойнауын пайдаланушылары отандық тауар өндірушілермен 240 млн долларға келісімшарттарға қол қойды. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Сондай-ақ мұнай-газ өнеркәсібі үшін өндірістің жаңа түрлерін игеру бойынша 65 меморандум бекітілді. Оларды қазірден бастап офтейк-келісімшарттарға трансформациялау қажет», деді О.Бектенов.
Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне қыркүйек айының соңына дейін ірі мұнай-газ компаниялары мен отандық өндірушілер арасында 5 жылдан асатын ұзақмерзімді келісімшарттардың кепілді жасалуын қамтамасыз ете отырып, тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.