Қоғам • Кеше

Интернет алаяқтар қашанғы алшаңдайды?

78 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деп Үкіметке интернет алаяқтықпен күресті күшейтуді тапсырған еді.

Интернет алаяқтар қашанғы алшаңдайды?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Себебі кейінгі жылдары елімізде интернет алаяқтардың алдауына түсіп, қыруар ақ­ша­сы­нан айрылып зар илеген адамдар көбейіп кетті. Осыған орай Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2021 жылдан бастап интернет алаяқтық статистикасын бөлек жүргізуге көшті. Осы ведомствоның мәліметіне сүйенсек, сол жылы интернет алаяқтық фактілері 2020 жылғымен салыстырғанда 50,5 пайызға ұлғайып, 21 405-ге жеткен. Бұл қылмыс көрсет­кіші 2022 жылы 3,9 пайызға азайып, 20 569 болған. Ал былтыр интернет алаяқтар өзіндік «рекорд» орнатып, 21 777 қылмыс жа­­сапты.

Интернет алаяқтық биыл тіпті үдеп кетті. Өткен жылдың бірінші жартысында 9 545 адам интернет алаяқтарға жем болса, биылғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 4 пайызға артып, 9 936 адамға жетті.

Ғалам­тор­дағы көзге көрін­бейтін қыл­мыс­керлер, әсіресе Астана қала­сы­ның тұр­ғын­да­ры­на шабуылда­рын жиілетіп тұр. Өткен 6 айда елордада 2 204 интернет алаяқ­тық тіркелген. Алматы қала­сын­да осындай 1048 қылмыс жа­салған. Өңірлердің ішінде Қара­ғанды облысы «көш бас­тап» тұр. Көмірлі аймақта 813 адам интернет алаяқтардан зардап шеккен. Биыл бұл қылмыс Павлодар облысында былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 83,3 пайызға ұлғайып, 715-ке жетті. Сондай-ақ Алматы облысында – 44,9 пайызға (613 адам) Қызылорда облысында – 43,6 пайызға (158 адам), Ақмола облысында – 42,2 пайызға (600 адам), Қостанай облысында – 23,6 пайызға (619 адам), Жамбыл облысында – 19,3 пайызға (105 адам), Маңғыстау облысында – 18,3 пайызға (142 адам), Атырау облысында – 17,3 пайызға (482 адам) көбейді.

Интернет алаяқтықтың саны ғана емес, жұртқа келтірген за­ла­лы да ұлғайып барады. 2022 жылы ішкі істер органдарына азаматтардан екінші дең­гейдегі банктер бойынша жүр­гізілген алаяқтық операциялар ар­қылы жалпы сомасы 6,6 млрд тең­геден айырылғаны туралы 5 814 өтініш түскен. Бұған қоса, микроқаржы ұйымдары бойынша жалпы сомасы 342 млн теңге болатын 619 өтініш тіркелген. Ал өткен жылы интернет алаяқтар екінші деңгейдегі банктер бойынша азаматтарға келтірген залалдың жалпы сомасы 7,5 млрд теңге болған 6 246 өтініш қабылданған, сондай-ақ микроқаржы ұйымдары бойынша жалпы сомасы 255 млн теңге болған 451 өтініш түскен.

Жоғарыда келтірілген дерек­тер құқық қорғау органдары интернет алаяқтықпен кү­рес­ті пәрменді жүргізе алмай отыр­ғандығын көрсетеді. Бұған Пар­ламент депутаттары назар аударып, бірнеше мәрте да­­был қаққанымен, аяқтарын ал­шаң басқан интернет алаяқ­тар­ға айыл жиғызатындай ш­ара қолданылған жоқ. Мәсе­лен, Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков биылғы 15 ма­мырда Үкіметке, Бас проку­ра­тураға және Ұлттық Банкке жол­даған депутаттық сауалында интернет алаяқтар көбі­не зей­неткерлерді алдап-арбап қақ­пандарына түсіріп жүр­ген­ді­гін, бірақ құқық қор­ғау­шы­лар оларға араша бола алмай отырғандығын нақты дәлелдер келтіре айтты. Мысалы, Алматы қаласында 73 жастағы зейнеткер әйел интернет алаяқтардың сөзіне алданып, пәтерін сатып, одан түскен 18 млн теңгесінен, банктегі депозитінде жатқан 6 млн теңгесінен және кредитке алған 1 млн теңгесінен – барлығы 25 млн теңгесінен бір-ақ сәтте айырылып қалған. Қазір ол әлеуметтік үйге барып паналап, зейнетақысы есебінен банктен алған кредитін төлеп жатыр. Ал Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыскерлерді іздеуді тоқтатып тастаған болып шықты.

Оңтүстік астанада тұратын интернет алаяқтар тіпті қоғам­дық көлікте тағы бір зейнеткер әйелдің мобильді телефонын ұрлап алып, сол арқылы бір­неше күннен кейін екінші дең­гей­дегі банктен 577 мың теңге кредит алған. Зардап шеккен зейнеткер осы жайлы ішкі істер органына шағымданған. Алайда полиция қызметкерлері оның ақшасы кімге жіберілгенін біле тұра қылмыскерлерді құрықтау шараларын қолданбаған.

Өскемен қаласында интернет алаяқтардың тілін алған 72 жастағы зейнеткер екінші деңгейдегі банктен 2 млн теңге кредит алып, өзі танымайтын біреудің шотына аударған. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін тергеу іс-шаралары тоқтатылған. Полиция қызметкерлерінің қо­лында зейнеткердің ақшасын кімдер алып жатқандығы көрсе­тіл­ген фотосурет болғанына қа­ра­мастан, қылмыскерлер ұс­тал­маған.

Мәжіліс депутаты айтқан сын­ның әділдігін Бас прокура­ту­ра әшкерелеген көптеген заң бұзушылық та айғақтады. Жо­ғары қадағалау органы жүр­гізген талдаудың нәтиже­сін­де интернет алаяқтық факті­лері бойынша тергеудің толық­ты­ғы мен жан-жақтылығы қам­та­ма­сыз етілмей, қозғалған қыл­мыс­тық істердің 40-ы заңсыз тоқтатылғандығы және 185-і орын­сыз үзілгендігі анықталған. Мұндай шешімдердің күші жойылып, заң бұзуға жол берген 159 полиция қызметкері, оның ішінде 83 басшы, сондай-ақ 18 прокуратура қызметкері тәртіптік жазаға тартылған.

Бас прокуратура интернет алаяқ­тық қылмыстарды ашу­дың төмен болуының негізгі себептері – интернет алаяқ­тар көрші мемлекеттердің аума­ғынан əрекет ететіндігі, алая­қтық əдістерін жасанды интеллектіні пайдалану жəне «дроппер» деп аталатын дәнекер адамдарды қосу арқылы үздіксіз жетілдіретіні, бақыланбайтын СИП-телефония мен СИМ-бокс құрылғыларын заңсыз пайдаланатындығы, отандық СИМ-карталарды еш кедергісіз са­тып алатындығы және азамат­тар­дың жеке деректеріне оңай қол жеткізетіндігі деп санайды.

Бұл ретте биылғы 21 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне байланыс, цифр­ландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» акционерлік қоғамының базасында құрылған Антифрод-орталыққа үлкен үміт артылып отыр. Ол азаматтардың интернет алаяқтық белгісі бар төлем операцияларын талдап, шоттарын жедел бұғаттауға және қаржы ұйымдарының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастырып, интернет алаяқ­тарды іздерін суытпай әшке­релеуге мүмкіндік береді. Өйт­кені Антифрод-орталыққа екін­ші деңгейдегі банктердің, төлем ұйымдарының, мобильді операторлардың ақпараттық жүйелері қосылып, нақты уақыт режімінде ақпарат алмасу іске асырылады және күмәнді операцияларға қатысушылар бойынша салыстыру жұмысы шапшаң орындалады.

Интернет алаяқтықпен кү­рес­ті күшейту мақсатында был­тыр Ішкі істер министр­лігі барлық өңірде мамандандырылған «CyberPol» топтарын құрған бола­тын. Олардың жұмысын үйлестіріп, интернет алаяқтарды жалғанның жарығына шығару жұмысын күшейту мақсатында қазір ІІМ-де Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл департаменті құрылып жатыр.

Алдағы уақытта интернет алаяқ­тықтан зардап шеккен адам­дарды әлеуметтік қолдау шара­лары да қолға алынбақшы. Осы мақсатпен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың онлайн-кредитті өзде­рінің қатысуынсыз, алаяқ­тық әдіспен алғандығы сот арқылы дәлелденген жағдайда оларға қаржы ұйымдарының залалды өтеу жөнінде қойған талаптарын тоқтату туралы заң жобасын әзірледі. Ал Бас прокуратураның жанындағы Үйлестіру кеңесі Үкіметке интернет алаяқтық жасағаны үшін, соның ішінде «дропперлер» мен жеке деректерді таратқан адамдар үшін жауапкершілікті күшейту туралы заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды. Соны­мен қатар өткен жылы интернет алаяқтық қылмыстарды 77 пайызға азайтқан Беларусьтің оң тәжірибесін ескере отырып, онлайн-кредиттік өтінімдерді қарау мерзімін ұзарту ұйға­рылды. Бұл интернет алаяқ­тар­дың алдап-арбауына ұшыраған аңғал жандардың дер кезінде ес жиюына септігін тигізері анық.

Ұзын сөздің қысқасы, интернет алаяқтардың айылдарын жи­ғызып, адымдарын аштырмайтын күн алыс емес сияқты.