Білім • Кеше

Магистратураға құжат қабылдау басталды

113 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау ­басталды. Осы аптаның басы, яғни 12 тамыз күні басталған құжат қабылдау 15 тамызға дейін (қоса алғанда) жалғасады. Үміткерлер өз құжаттарын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы тапсыра алады.

Магистратураға құжат қабылдау басталды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Магистратураға түсу үшін 39 мыңнан аса адам емтихан тап­сырған. Сол үміткерлердің тек 43%-ы шекті балл жинады. Міне, сол шекті балл жинай алғандар ғана грант конкурсына қатысады. Жоғарыда жазылғандай, талапкерлерге құжаттарын дәстүрлі және онлайн форматта тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр.

Конкурсқа қатысу үшін: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы); кешенді тестілеу сертификаты және шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттарды (бар болған жағдайда) тапсыру қажет. Ал жоғары оқу орнына түскен жағдайда 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы тапсырады. Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.

Магистратураға түсушілер 13 мың мемле­кеттік білім грантына үміткер болады. Осыған дейінгі материалымызда жазғанымыздай, магистратурада оқуға ең көп грант «Инже­нер­лік, өңдеу және құрылыс» салалары бо­йын­ша мамандықтарға (3 227) бөлінген. Одан ке­йінгі ретте «Педагогика ғылымдары» бағыты бо­йын­ша мамандықтар (3 347) қарастырылған. «Жа­ратылыстану ғылымдары, математика және статис­тика» салаларындағы мамандықтарға – 1 265, «Ақпараттық-коммуникациялық технология­лар» салаларындағы мамандықтарға 1 235 грант бө­лін­ді. Ал ең аз грант бөлінгені – «Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік қамтамасыз ету» (225), «Қызмет көрсету» (315) салаларындағы мамандықтар.

Магистратурада оқуға арналған білім беру гранты талапкерлер тапсырған кешенді тесті­леу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады. Магистратурада оқуға білім гран­тын иеленгендердің тізімі 26 тамызға дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлт­тық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады. Ал бола­шақ магистранттардың оқуға қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.