Заң • 16 Тамыз, 2024

Эндаумент-қорлар туралы заң: мәжбүрлі қажеттілік пе әлде жаңа жол ма?

145 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бюджетке қысым көрсетілуі білім беру, медицина және мәдениет сияқты салаларға мемлекеттік субсидиялардың азаюына әкеледі. Алайда Қазақстан билігі шығындарды қайта қарастыруды және білім беру бағдарламалары, әлеуметтік жобалар мен ғылыми зерттеулер үшін тұрақты қаржыландырудың жаңа көздерін табуды ниеттеніп отыр. Парламенттің қарауына мақсатты капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасы ұсынылды. Құжат жеке инвестицияларды жинақтау мен осындай ұйымдардың жұмыс механизміне қатысты егжей-тегжейлі сипаттама береді.

Эндаумент – даму құралы

Бірнеше жыл бұрын сарапшылар қайырымдылық саласындағы қолданыстағы заңнаманы белсенді түрде талқылай бастады. Нәтижесінде мамандар көңілге қонымсыз қорытынды жасады, себебі Қазақстанда меценаттарға арналған преференциялар жоқтың қасы. Тіпті, ғылыми зерттеулер мен әлеуметтік бастамаларға жасалған кез келген жеке инвестициялар жалпыға бірдей салықтарға ұшырайды. Елде бірнеше онжылдық бойы мақсатты капитал қорлары жұмыс істегенімен, мұндай ұйымдастыру-құқықтық форма кеңінен таралмаған.  Нәтижесінде эндаументтер инвестициялық қызмет құралдары жоқ қайырымдылық ұйымдарының бір түріне айналған.

Әлемдік тәжірибе бойынша, эндаумент институты мақсатты капиталды қайырымдылықтар есебінен қалыптастыру көзделген. Бұл қаражаттардан түскен табыс ұйымның түрлі жобаларын қолдауға жұмсалады. Мұндай механизм білім беру саласында кеңінен таралған. Мысалы, америкалық және британдық университеттердің бюджеттерінің шамамен 35% эндаумент-қорлар арқылы қалыптасады. Сонымен қатар заң деңгейінде қордың қызметінің ашықтығы және инвестицияланған қаражаттардың жұмсалуын бақылау қамтамасыз етіледі.

Эндаумент-қорлардың негізгі артықшылықтарының біріне - донорлық қайырымдылық ретінде алынған қаражаттардың ұзақ мерзімді инвестициялар, мысалы, акцияларға, облигацияларға және басқа қаржылық құралдарға тартылуы жатады. Бұл қосымша табыс табуға және тұрақты төлемдер жасауға мүмкіндік береді. Бұл білім беру ұйымдарына бюджетін ұзақ мерзімге жоспарлауға ғана емес, сонымен қатар қаржылық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Оқу орындары үшін ғылыми зерттеулер жасауға, инновациялық бағдарламаларды енгізуге және мамандандырылған инфрақұрылымды салу үшін қажетті сенімді қаржыландыру көзі болады.

Ranking.kz зерттеу агенттігінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда бүгінгі таңда шамамен жиырма мақсатты капитал қоры тіркелген. Сонымен қатар эндаумент-қорлар ассоциациясы құрылды. Дегенмен табысты жұмыс істеп жатқан тек үш ұйымды атап өтуге болады: Назарбаев Университетінің (NU) және Назарбаев Интеллектуалды мектептерінің (NIS) білім беру қоры, Республика физика-математика мектебінің (РФМШ) эндаументі, сондай-ақ Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың «Жүрек орталығы» медициналық эндаументі. Ең көнесі – NU университеттік қоры, оның жиынтық активтері миллиард доллардан асады. Қор инвестициялардан түскен табысты ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыруға, құрал-жабдықтар мен бағдарламаларды сатып алуға, талантты студенттерді қолдауға жұмсайды.

Қабылдаудың қажеттілігі

Белгілі бір жетістіктерге қарамастан, Қазақстандағы эндаумент институтының болашағы әлі де анық емес. Оған заңнамалық олқылықтар мен нақты жұмыс алгоритмдерінің болмауы себеп болып отыр. Елде мақсатты капитал қорларының қызметі қайырымдылық туралы заңмен, ішкі ережелермен немесе арнайы заңдармен (мысалы, Назарбаев Университетінің мәртебесі туралы заңмен) реттеледі.

Сарапшылар мұндай белгісіздік Үкіметтің әлеуметтік және білім беру жобаларын қаржыландырудың жаңа жоспарын жүзеге асыруына кедергі келтіруі мүмкін деп санайды. Эндаументтің дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселелер ретінде ашықтықтың болмауы, салықтық ынталандырулардың жоқтығы және қолжетімді қаржылық құралдардың аздығы айтылып отыр.

Дегенмен билік қазіргі жағдайды жақсы түсініп отыр. Жақында Жоғары білім және ғылым министрлігі Парламентке мақсатты капитал қорлары туралы заң жобасын ұсынды. Құжаттың түсіндірме жазбасында негізгі кедергілер көрсетілген, қорларды басқарушы компаниялардың инвестициялық қызметке ерекше көңіл бөлуі қажеттілігі ерекше атап өтілген. Нормативтік актіні қарау 2024 жылдың соңына дейін өтеді деп күтіліп отыр.

Сонымен, заң жобасы не нәрсені көздейді? Авторлардың мәліметтері бойынша, заң актісі жұмысты толық реттеу керек. Келесі түсініктерді бекіту ұсынылады: «мақсатты капитал қоры» – заңда көзделген тәртіппен инвестициялық табыс алу және меценаттық қызмет объектілерін қаржыландыру үшін эндаумент-қорын басқарумен айналысатын коммерциялық емес ұйым», «эндаумент-қор» – мақсатты капитал қорының бөлігі, ол эндаументтер мен инвестициялық табыстар есебінен қалыптасады және (немесе) толықтырылады, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымның өз қаражаттарын пайдалана отырып, меценаттық қызмет объектілерін қаржыландыру үшін қолданылады.

Заң жобасында ұйымдар меценаттық қызмет объектілеріне қаржылық қолдау көрсетуі қажет екені айтылады. Ол үшін эндаумент-қордан инвестициялық табыс алу және пайдалану қарастырылған. Қорлар қаражаттарды әртүрлі құралдарға инвестициялау арқылы өздігінен табыс таба алады.

Құжатта эндаументтің жұмыс механизмдері, басқару құрылымы түсіндірілген және барлық қаржылық өзгерістердің ашықтығы міндеттелген. Мемлекет тарапынан негізгі бақылау функциялары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүктеледі.

Жеке заңның қабылдануы Қазақстан эндаументін нақты нарықтық механизмге айналдырып, жаңа даму бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді деп үміттендіреді.

Сәуле Исмағамбетова