Өнер • 16 Сәуір, 2025

«Берейін жүрегімді тиек қылып...»

332 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ә.Мәмбетов атындағы мемле­кет­тiк драма және комедия театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2019–2023 жылдары мәдениет вице-министрі қызметін атқарған Нұрғиса Дәуешовтің «Тиек» атты шығармашылық кеші дүркіреп өтті.

«Берейін жүрегімді тиек қылып...»

Өнер иесі әңгімесінің әлқис­са­сында:

– Қазақта «тілге тиек ету» деген тіркес бар. Әр істің тиегін ағытып, тетігін тапса, нә­тижелі болады. Домбыраның қос іше­гін тиек көтеріп тұрмаса, сол тиек дәл орнында тұрмаса, қоңыр үннің шықпасы да белгілі. Ақын Жұмекен Нәжімеденов:

Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,

Жанымның жазығына күй ектіріп,

Ой, арман – екі шегің болса сенің,

Берейін жүрегімді тиек қылып, – деп домбыраның тиегін аспаптың жүрегі деп бағалаған. Ендеше, біз аса ескере бермейтін тиектің мағынасы зор, – деп шығармашылық кештің атауы мен мән-мағынасын тарқата айтты.

в

Кеш барысында Нұрғиса Дәуешов әр күйдің шығу тарихын сөзге тиек етіп, әсерлі күй тартысты өнердегі өзі куә болған сәттермен, хикаяттар­мен тұздықтап отырды. Әсіресе қазақ күй өнерінің хас шеберлері Қали Жантілеуов, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Қырымгерей Қажымов, Тұяқберді Шәмеловтің ғибратты өмірінен сыр шертіп, олардың шығармаларын ерекше ықыласпен орындауынан Нұрғисаның өзі де қазақ күй өнерінің кәнігі насихатшысы екенін аңғардық. Қайда жүрсе де, қазақтың күмбірлі күйін төрге шығару үшін тер төгіп жүрген Нұрғиса тұлғалар амана­тына адалдығын білдіріп: «Мынау қолымдағы қазақтың дәулескер күйшісі Қали Жантілеуовтің домбырасы. Бұл домбыраға 75 жыл болған» деді.

Шығармашылық кештің тағы бір ерекшелігі – Сүгір мектебін жалғаған Төлеген Момбековтің сүбелі күйі «Салтанат» алғаш рет Е.Рахмадиев атындағы академиялық филармония Камералық хорының және «Қорқыт» ансамблінің сүйемелдеуімен орындалды. Хордың азалы дауысы мен күй күмбірі қосылғанда, жиналған қауым ерекше тебіренді.

Концертте күй тарихын әсерлі жеткізудің тағы сәтті шешіміне куә болдық. Нұрғиса Дәуешов Қаршыға Ахмедияров ағамыздың Қытай еліне бүйрегін емдетуге барғанда, ауруханада шипасын зарыға күтіп, Жаратушыдан медет тілеп жатқан көршілес қырғыз бауыры Руслан есімді азаматқа арнап шығарған «Күткенде» күйін орындады. Сол кезде анимация өнерінің шебері Айжан Жаркешова құммен сурет салып, оқиғаны көз алдымызға келтірді.

Ал кеш иесінің өнердегі әріптесі – Қырғызстаннан арнайы келген қомызшы қыз Гүлшат Таалайбековамен күй айтысына таң-тамаша болған көрермен осындай рухани ләззат сыйлаған кеш үшін майталман шығармашыл тұлғаға алғысын жаудырды.