Театр • 19 Тамыз, 2024

Ел анасы – Ұлпан

126 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Әйел тұрмай, еркек оянбайды». Ер мен әйел табиғатын бірауыз сөзбен түйіндеген Ғ.Мүсіреповтің әйгілі «Ұлпан» романы осы эпиграфпен басталатын. Өз ортасынан озып туған қазақ әйелінің соны бейнесі сомдалған тарихи туынды ұлттық әдебиеттің үлкен табысы саналды, сонымен қатар әдебиеттің бір қанаты – театр режиссерлерінің де назарынан қағыс қалмады.

Ел анасы – Ұлпан

Етектен тартқан ескі замандағы ер мен әйел арасын бөлектеген теңсіздік құрсауын бырт-бырт үзіп, өзінен қырық жас үлкен Есенейге өз еркімен тұр­мыс­қа шығып, ел билеген Ұлпанның әде­биетте кестеленген көркем бейнесі театр сахнасынан да көрініс тауып, драма қаһарманына айналды. 1997 жылы бел­гілі қаламгер Қалихан Ысқақ «Ұлпан» ро­манының сахналық нұсқасын жасап, Бәйтен Омаровтың режиссерлігімен классик есімін иеленген жастар театрының сах­насында қойылған болатын. Қасым Жәкібаев, Раиса Мұхамедиярова, Айдос Бектемір, Жомарт Зейнәбіл, Меруерт Түсіпбаева сынды сахна саңлақтары ой­наған, өткен жылдар еншісінде қал­ған сол қойылымның афишасы мен фо­тосуреттерін, кейіпкерлердің костю­мі мен өзге де құнды жәдігерлерін жи­нақ­таған мазмұнды көрме көрермен жа­дындағы сахнаның сағынышқа ай­нал­ған тарихи бір белесін қайыра есіне салғандай болды. Араға 27 жыл салып «Ұлпан» туындысы театр сахнасына қайта оралды. Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің маңызын жоймай­тын мәйекті шығармасы балалар мен жасөспірімдер театрының биылғы маусым­дағы кесек туындыларының бірі ре­тінде көрерменге таныстырылды. Алма­ты театрлары демалысқа кеткенде, үшін­ші жыл қатарынан шілде айын­да көрермендеріне спектакльдер ұсынып келе жатқан Ғ.Мүсірепов театры 78-мау­сымын «Ұлпан» қойылымының тұ­саукесерімен жапты.

Мәскеудегі Вахтангов атындағы ака­демиялық театрдың көркемдік жетекшісі Римас Туминастың шеберханасынан тәлім алған Г.Балпейісованың қиялынан туған қойылымның басқаша болатыны о бастан белгілі еді.  Сахнадан бөрігін баса киіп, саптама етігінен қамшысын суырып алып, түйдегімен сөз ағытатын ХІХ ғасырдың типтік бейнелері жаңашыл көзқарастағы режиссердің батыл шеші­мімен тайталасқа түсетіні айтпаса да тү­сінікті. Расында, спектакль күтпеген шешімге толы, өз уақытына сәйкес «шапан киіп», заманауи пішін тапқан. Өзгеше талғам мен көзқарас, ерекше коллаборация, қайталанбас образдар ұш­тасқан драма салған жерден шиеленісті басталды.

Асауға құрық салып, аң атып, ен далада бұлаңдап, еркін өскен ерке қыз Есеней батырдың қырағы көзіне шалынған күні-ақ құрығынан құтылмасын біліп: «Ұлпан арзанға түспейтін қыз», деген жал­ғыз ауыз сөзімен алдағы көп арманы­ның астарын аңғартып өткендей. Өзі түгілі төсекке таңылған жарымжан ке­дей әкесінің күні де Есеней байға бай­ланғанын сұңғыла қыздың іші сезіп тұр. Әйелдің орнын төменге нұсқаған қараң заманның әлеуметтік озбырлығына қан­ша қайрат қылса да, қарсы шығуға қауқарсыз. «Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойладың ба?» дейді Ұлпан оңаша кездескен сәтінде. «Ойладым, жаным, қырық жыл болса, қайтейін. Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен болып қаларсың... Осы түннен бастап менің Есенейім сенсің», деп сыр ашады жасы еңкейген Есеней. Ұлпанның да түпкі ойы осы – есі кеткен ерінің билігі мен байлығын ел игілігіне жарату.

Ұлпанды дала заңына ғана бағынған, дамыған заманмен бірге жүруге талпынбайтын кертартпа дағдыларға қарсы қою арқылы өткен замандағы қазақ қоғамының қайраткер қызы дәрежесіне көтеру үшін Ғ.Мүсірепов қандай тың ізденістерге жүгінген болса, спектакльдің жүгін көтерген күллі шығармашылық құрам сахнада дәл сондай тың тәсілдер табуға тырысты. Есенейдің рөліндегі Әсет Иманғалиев, Ұлпанның жастық шағын бейнелеген Рабина Белгібаева, Түрікпен Мүсіреп кейпінде көрінген Ерден Жақсыбек, Айтолқын – Камалия Байтілеуова, Садыр бейнесіндегі Жомарт Зейнәбіл өз образдарын тың өрнекпен байытқан. Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері мен қайраткерлері Гүлжамал Қазақбаева, Тынышкүл Сұл­тан­­бер­диева, Күлжәмила Белжанова және Тол­қын Нұрбекова, Ернар Амандық сынды танымал талант иелерінің бой көр­се­туі спек­такль салмағын арттыра түсті.

Көпшілік сахнасына құрылған ауқым­ды премьераны дайындауға белгілі сән дизайнері Аида Қауменова арнайы шақырылған. Киім суретшісі кейіп­керлердің образын сол ғасырмен үйлесімді ашқан. Спектакль үшін музы­каның маңызы зор. Қойылымның композиторы Олжас Дәлелхан шығарма маз­мұнына сай, дәуір үніне лайық дыбыс пен ырғақты дәл тапқан. «Ұлпан» пье­сасында бүгінгі таңдағы ең өзекті тақы­рыптардың бірі әрі бірегейіне айнал­ған үлкен мәселе кеңінен қозғалды. Ол – қазақ қыздарының құқығы мен мәр­тебесі. «Аты жоққа ат берген, асы жоққа ас берген, кедейге пана болған» ел анасы, келешекке керуен тартқан көсем, еркелеп жүріп ерін биікке көтерген дана Ұлпан мен беделді би Есенейдің сыйластықпен отау құруы қазақтың жаңа өмір салтына тың қадам мен оң өзгеріс алып келді. Г.Балпейісованың режиссурасындағы қойылым нағыз ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен, халқының ризық-берекесін қара басының бақытынан артық санаған парасатты әйелдің тағдырын суреттеді.

«Ұлпан» қойылымын тамашалауға келген алматылық зиялы қауым, өнер қай­рат­керлері, белгілі өнер зерттеуші­ле­рі мен театр сыншыларының қарасы қалыңдау көрінді. Талғампаз көрермен арасынан белгілі өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер ака­демиясының профессоры Бақыт Нұр­пейісті кездестіріп, «Ұлпан» туралы пікірін сұрадық. Театртанушы қойы­лымды алдағы маусымда тағы да тама­ша­лағысы келетінін айтты, әйтсе де шы­ғар­маны әр қырынан көріп, талдауға ма­шық­танған кәсіби маман алғашқы әсерін былайша әдіптеді.

Бақыт НҰРПЕЙІС: – Ұлы жазушымыз Ғ.Мүсіреповтің қуатты қаламынан туған айтулы  шығарманың сахналық нұсқасын жасаған режиссер Г.Балпейісова  роман оқиғасын тұтас қамтуды қажет етпегені аңдалады. Ол спектакль атын «Ұлпан. Қыр суреттері» деп атап, Есеней мен Ұлпанның алғаш кездескен кезінен бас­тап Есеней қайтыс болғанға дейінгі аралықты алған.

Шымылдық ашылған кезден бас­тап режиссердің бұл шығармаға мүлде басқа көзқараста келгенін аңғару қиын емес. Біріншіден, қойылым 3,5 сағат уақытты қамтығанымен де, залда отыр­ған көрермендер жалықпай тамашалады. Мұның басты себебі – спектакль оқиғасының екпін ырғағы жылдам, бір оқиға келесімен сабақтасуымен байланысты болды. Режиссер сахналық әрекеті жеткіліксіз монологтер мен диа­лог­терге қимыл-қозғалыстар тауып, бөлек-бөлек оқиғаларды бір тартыс желісіне ба­ғындырып, бейнелі мизансценалар түзген.

Спектакльдің символдық-метафора­лық қатары – режиссер мен суретші Е.Есболатова жұмысының нәтижесін көрсетті. Сахна түкпірінен көрініп тұрған тау сілемдерінің төменгі жағындағы бас­палдақтардың үстіне шығып тұра қала­тын кейіпкерлер қап-қараңғы кеңістікте, ауада ілініп тұрғандай  ерекше әсер қалдырады.  

Қойылымдағы  боранды дала, базар, моншаға түсу, әйелдердің босануы, ағаштан салынған үйдің өртену кезіндегі сахналық  эффектілер  режиссер тарапынан дұрыс табылған. Түтін шашатын машинадан будақтаған түтін кейіпкерлердің көңіл күйін беруге ерекше көмектесті. Осы сахналардағы түрлі-түсті жарықтың құбылуы да, спектакль атмосферасын тудырудың басты тетігіне айналды.  Бұл жарық суретшісі Н.Туманян жұмысының жемісі екені сөзсіз.

Жаңа театр эстетикасында қойылған аталған қойылымның стилистикасы театрлық шарттылыққа құрылуы актер­лерден өз бейнелерін толыққанды әрі түсінікті етіп жеткізуге ықпал етті. Со­ны­мен қатар актерлердің суырыпсал­ма­лыққа баруына мүмкіндік бергенін атап айтуымыз қажет.

Қойылымды көруге келген көрер­мендерді «Ұлпан» романын оқып келгендер және роман мазмұнын білмейтіндер деп  екіге бөліп қарастыратын болсақ, онда сахнадағы Ұлпан бейнесіне қатысты екі түрлі ой туатыны анық. Жас Ұлпан рөлін сомдаған Рабина Белгібаева кең далада еркін өскен арудың қайсарлығын, ептілігін, аң аулап кете беретін батылдығын көрсетуге ерекше мән берген. Режиссерлік интерпретация­да  Есенейдің Ұлпанға ғашық болатын сәті айқындалмаған.  Сол тәрізді Ұлпан мен Есеней сөйлесетін сахналарда ішкі драматизм жетіспейді. Ұлпан шектен тыс ұшып-қонып, желпілдеп, алабұртып жүргендіктен, романда суреттелген қыздың ақылдылығы, көркем мінезі тасада қалып кеткен.

Ұлпанның есейген шағын кескіндеген Толқын Нұрбекова ойынында да бірсы­дыр­ғылыққа жол берілген. Режиссер ел тағдырына батыл араласып, әлеуметтік құбылыстарды өзінше барлап, соған жіті араласатын Ұлпанның кесек мінезін даралай алмаған. Біз көрген Ұлпанның бойынан  ел анасы дәрежесіне жеткен ірі тұлғаға лайық  сырмінезділік пен байсалдылық жетіспейді.  Актриса алдағы уақытта кейіпкердің ішкі толғаныстары мен ой арпалыстарын дауысын құбылтып, психологиялық тереңдікпен беруге мән берсе, көп ұтар еді.

Қорыта айтқанда, бүгінгі қоғам өміріндегі өзгерістер сахна өнерінен де жаңалықтар тілейтінін ескерсек, театр ұжымының аталған қойылымы режис­сер­лік тың ойларымен, өзіндік тұжы­рымдарымен, көркемдік стильді сезі­нуімен, кеңістікпен және дыбыспен жұ­мыс жасай алуымен ерекшеленді.

 

АЛМАТЫ