Қоғам • 21 Тамыз, 2024

Психология институтының қажеттілігі

248 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары жастар арасында зиянды әдеттердің белең алуы, оның ішінде нашақорлық, вейп, насыбай, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия секілді проблемалар қоғамға, отбасы құндылығына қауіп төндіріп тұр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында баса айтты.

Психология институтының қажеттілігі

Фото: eadaily.com

«Нашақорлық, әсіресе балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейптердің таралуы­на тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым.

Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен кази­но­лардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көр­сеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да – қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес», деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде «Тұрмыстық зорлық-зом­былық профилактикасы туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы Үкіметтің қау­лысы қабылданды. Бұл – еліміздегі әлеу­мет­тік проблемаларды шешуге бағыт­талған маңызды қадам. Алайда осы қа­был­данған іс-шаралардың тиімді жүзе­ге асы­­рылуын қамтамасыз ету үшін қосым­ша ғылыми және практикалық қолдау қажет.

Себеп пен салдарды сарапқа салсақ, бұл мәселенің барлығы психология­лық аспектілермен тығыз байланыс­ты. Біріншіден, отбасы – адам қалыптасатын, бой түзейтін, ең алғашқы әлеуметтік инс­титут. Демек балаға моральдық бағдар береді, әлеуметтік дағдыларды үйрете­ді және эмоционалды қолдау көрсете­ді. Ашып айтсақ, моральдық негіздер бала­ның жеке тұлғалық және әлеумет­тік мінез-құлқына әсер етеді. Отбасындағы тәрбие арқылы бала жақсы мінез-құлықты үйренеді, әділдік, жауапкершілік және жанашырлық сияқты моральдық нормаларды меңгереді. Бұл қасиеттер адамның қоғамда дұрыс бейімделуіне, әлеуметтік қарым-қатынастарда жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.

Ал отбасындағы эмоционалдық қолдау мен сүйіспеншілік балалардың өзін-өзі бағалауын арттырады, эмоционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қолдаушы және сүйіспеншілікке толы отбасы, ортасы жасөспірімдердің күйзелісте төзімді болуына көмектеседі. Психологиялық тұрғыдан алғанда, отба­сындағы эмоционалдық климат баланың психикалық денсаулығына және жалпы әл-ауқатына оң әсер етеді.

Өз кезегінде әлеуметтік дағдылар қоғамда сәтті бейімделу үшін маңызды. Балалар отбасында әлеуметтік өзара әрекеттесу, коммуникация, проблемаларды шешу сияқты дағдыларды үйренеді. Бұл баланың қоғамдық өмірде өздерін жақсы сезінуіне және тиімді қарым-қатынаста болуына сеп болады.

Жастар арасындағы белең алған зиян­ды әдеттер осындай психологиялық аспектілердің бірінің ақсауынан туындайды. Мәселен, нашақорлық – отбасылық проблемалар, әлеуметтік қысым, және психологиялық бұзылулар себебімен байланысты. Ал оның психологиялық әсеріне депрессия, алаңдаушылық және психикалық бұзылулар жатады. Вейп қолдану да күйзелісті арттырады. Насыбай ату тәуелділік, әлеуметтік оқшаулануға итермелейді.

Лудомания немесе құмар ойындар­ға тәуелділік те – жастар арасында кең тарал­ған проблема. Егер отбасында құмар ойыншы болса, бала оның мінез-құлқын бойына сіңіре бастайды. Кейде бала тәуелділік әсерінен қайталанатын қозғалыстарды орындауға бейім болады. Тіпті кей азаматтар өзінің жалғыздығын, әлеуметтік ортадан оқшауланып қалған сезімін құмар ойындармен толтырады. Яғни ойын арқылы олар психикалық бос орынды толтыруға, сағыныштан арылуға және зеріктіруді жоюға тырысады. Бұл тәуелділік қаржылық қиындықтардан бөлек, күйзеліс, депрессия, тіпті суицид туралы ойларды тудыруы ықтимал.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық психо­логиялық, физикалық және эмоционалдық жарақаттарды қамтиды. Негізі бұл мәселе отбасындағы проблеманың жылдар бойы басылып, ушыға беруінен туындауы мүмкін. Бір-бірімен ашық сөйлеспей, эмоциясын жеткізе алмағандықтан, күйзеліс, агрессия, қорқыныш секілді неше түрлі сезімді басқара алмауы салдарынан болуы ықти­мал. Адам эмоциясын іштей басып, сыртқа дұрыс күйде шығара алмағандықтан туындайды. Сондықтан психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйелерін дамыту маңызды.

Буллинг пен агрессия да – жастар ара­сындағы психологиялық зорлық-зом­былықтың көрінісі. Бұл құбылыстар депрессия, өзін-өзі бағаламау және әлеу­меттік оқшауланудан туындайды.

Қоғамның әлеуметтік құрылымында отбасы құндылықтары аса маңызды орын алады. Отбасы құндылықтарының ма­ңыздылығы мен жастар арасындағы зиян­ды әдеттердің психологиялық аспекті­лері елімізде психология ғылымының қажет­тілігін көрсетеді.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстар­дан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн», деген еді. Осы орайда жоғарыда атап өткен мәселелердің өзегі мен өткір­лігін ескере отыра, кеселмен күресте, алдын алуда психологиялық ғылыми зерт­теу инс­титутын ашу қажет. Институт түйт­кілді тарқатуда негізгі рөл атқарады. Өйткені жас­тар психологиясын, қоғамның әлеуметтік мінез-құлқын зерттеу арқылы себептері анықталып, оңтайлы шешімдер мен интервенциялар ұсынылады.

Одан қалды ғылыми зерттеулерді жүйе­леуде, психологиялық қолдау көр­сетуде, кәсіби білім беруде, әлеуметтік жобаларды қолдауда, қоғамдық сананы оятуда және халықаралық ынтымақтастықты дамытуда жастар мен жалпы қоғамның психикалық денсаулығын сақтау және жақсартуда үлкен үлес қосады. Әлемдік тәжірибе зерттеліп, мамандар білім-білігін жетілдіреді. Заманауи психологиялық құралдар мен жабдықтарды пайдалану зерттеулердің дәлдігін арттырады. Мәсе­лен, нейропсихологиялық тесттер, биообрат байланыс құралдары және басқа да инновациялық жабдықтар психика­лық денсаулықты зерттеуде қолданылуы мүмкін. Бұған қоса әлемдік психология­лық зерттеулердің нәтижелерін интегра­ция­лау жаңа ғылыми түсініктер мен тео­рия­ларды қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл – қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

 

Балабек САҚТАҒАНОВ,

PhD, психолог