Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Шындығында, ұлттың тарихи құндылығы зор әр дәуірдегі сөздіктері тілді ғылыми зерттеуде айрықша орын алады. Бұған Махмұд Қашқаридың «Түрік сөздігі жинағы» атты еңбегі айғақ дер едім. Әсіресе халқымыз үшін қазақ тілінің күрделі даму үдерісінің зерттелуі өте маңызды. Өйткені қазақ тілінің тарихы түркілік тегінен бастау алғанымен, VIII, IX, X ғасырларда тікелей араб-парсы тілдерінің мәдени шабуылына ұшыраса да, негізінен барша түркі тілінің мұрагері саналады. Қазақ тілі түркі тілдері арасында тазалығымен өзгеше. Сондықтан қазақ тілінің бірнеше ерекшелігі бар. Бірінші – түркінің көне сөздерін іс жүзінде қолданып келеді. Мәселен, олжа, сауын сияқты сөздер өзге түркі тілінің сөздік қорында бар болғанымен, қолданыста емес. Екінші – қазақ тілі өзге тілдерден қабылдаған сөздерді қазақы береді. Мысалы, меруерт, жетімхана, сейсенбі, сәрсенбі, тағы басқа сөздер. Үшінші – қазақ тілінде диалект деген ұғым жоқтың қасы. Себебі оған кең-байтақ қазақ жеріндегі және Моңғолия, Қытай, Ресей, тағы басқа елдердегі қазақтардың бір-бірін еркін түсіне алуы дәлел. Мәселен, Иранның солтүстігінде қоныстанған парсы тілдес гиләки, мазани, хорасани сынды үш диалектіде сөйлейтін парсылар бірін-бірі түсінбейді. Неге? Бұл сұраққа жауап беру – ұзақ әңгіме. Ал қазақ тілінің диалектісіз дамуына халқымыздың жыраулық дәстүрі мен ауыз әдебиеті негізгі фактор болды.
Ұлт қайраткері Нұртас Оңдасынов қазақ тілінің осындай ерекшелігін түсіне отырып, «Парсыша-қазақша», «Арабша-қазақша» түсіндірме сөздігін құрастырғаны айғақ көрініп тұр. Оның «Адамға ауа қандай керек болса, қоғам өмірінде тіл де сондай екені баршаға мәлім...» деген пікірі оның тіл туралы терең парасатын көрсетеді.
Тілдің тарихи даму, өшу не өзгеру үдерісін зерттеуде түсіндірме сөздіктер аса маңызды. Сол себепті кейінгі жылдары Иранның әдебиетші және тіл мамандары гиләки, мазани, хорасани сияқты диалектілердің сөздігін жасай бастады. Себебі сөздіктер – тілді зерттеудің басты құралы. Тілдің зерттеуі мен дамуына осындай сөздіктердің мәні бар құрал екенін сезінген Нұртас Дәндібайұлы қазақ тілінің тарихи үдерісін зерттеуге қажет түсіндірме сөздікті дайындауды қолға алғаны бекер емес.
* * *
Нұртас Оңдасынов секілді замананың дана перзенттері адамзаттың қоғамдық өмірде бәсекелестік заңынан хабардар болуы керек екенін білді. Сондай-ақ өркендеудің негізі ғылым мен адалдықтың сара жолы екенін терең түсінді. Нұртас Дәндібайұлы қарапайым қазақ отбасында туып, үш-төрт жасында анасынан айырылып жетім қалса да, екінші анасының мейіріміне шомылып өсті. Ол өз өмірбаянында: «Мен 1904 жылдың 26 қазанында Түркістан ауданындағы Үшқайық ауылында дүниеге келдім. Анам Жұмагүл 3-4 жасымда дүние салды, екінші анам Дәрігүлдің қолында тәрбилендім. Ол топырағы торқа болғыр өте жақсы кісі еді, сондықтан туған ана мен өгей ананың айырмашылығын білмей өстім», деп жазған екен. Бұл сол замандағы әйел психологиясындағы аналық қасиеттің биік өресін көрсетеді.
Анасы бір күні оны жетектеп ауыл молдасына алып барып: «Баланың сүйегі менікі, еті сенікі, оған Құран оқуды үйретіңіз», деп тапсырады. Осы жайында Нұртас ағамыздың өзі: «Бұл жағдай осы уақытқа дейін менің өмірімдегі ерекше оқиға ретінде жадымда сақталып қалды. Екі жылда хат танып, қиссаларды, кітаптарды оқуды үйрендім. Сол кезде алған білімім зейнеткерлікке шыққаннан кейін қазақ тіліне енген араб-парсы сөздерінің түсіндірме сөздіктерін жазуға нақты көмегін тигізді», деп еске алады. Әрине, сол замандағы балалар араб әліпбиінде сауатын ашып, қасиетті Құранды үйренді.
Нұртас Дәндібайұлының өмір жолына үңілгенде, оның тарихымыздың талай қасірет шеккен жылдарына куәгер болғанын көреміз. 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, ол 1918 жылдың 11 қарашасына дейін созылды. Осы қанды қырғында 10 миллионнан аса адам ажал құшты. Бұл соғыстың халқымызға да залалы көп тиді. Өйткені 1916 жылдың 25 маусымындағы Ресей патшасының бұратана халықтар қатарында қазақтың өрімдей жастарын қара жұмысқа алу туралы жарлығы шығып, соқталдай жігіттерді әскердің қара жұмысына жекті. Солардың қатарында Нұртастың ағасы Көбелек те болды. 1917 жылы Сырдарияның суы сағасынан аспай, елдің ішін жұт жайлады. Осы Жылан жылы жұтында Нұртастың әкесі мен бауырлары қайтыс болды. Аштықтан тірі қалған жеткіншек Нұртас Ташкентке бара жатқан жолдағы Келес деген жерде аштықтан босып келе жатқан адамдарға арналған жәрдем пунктінде тамақ ішіп, аман қалған. Айтулы тұлғаның балалық шағы қиындыққа толы болса да, ол ешқашан мойыған емес. 1920 жылы жасынан қайсар болып өскен өрен Ташкенттегі №14 мектеп-интернатына қабылданды. Осы жылдан бастап Нұртастың өміріндегі жаңа белес басталады. Оған негіз болған Ғани Мұратбаев еді. 1921 жылы Ғани құрған комсомолға мүше болып, 1926 жылы коммунистік партия қатарына қосылды. Алайда Нұртас Оңдасынов партия мүшесі болса да, Алаш ардақтыларының тұяғы секілді елге жан-тәнімен қызмет етті.
Жазушы Әбіш Кекілбайұлы өзінің Нұртас Оңдасыновқа арнаған «Басшы» мақаласында: «Осы бір есімді естігенде мен ылғи елең ете түсемін. Оның себебі бар. Елуінші жылдар еді. Бір күні Маңғыстау түбегінің қақ ортасына сұлай көлбеген Қаратаудың күнгей бауырындағы шағын бұлақтың қасында отырған біздің ауылға үсті-бастары шаң-шаң бір топ жолаушы тоқтады. Қатты ыстықтап қалыпты. Әуелі шайға бас қойысты. Біраз шөл басқасын барып, қауқылдасып жөндерін айтты. Үстірт үстінен келеді екен... Ол кезде көптен ел жайламай, тусырап бос жатқан ұлан-ғайыр Үстіртті аралап көруге Министрлер кеңесінің басшысы Нұртас Дәндібайұлының өзі келіпті. Нұртас Оңдасыновтың өзі айтқаннан кейін Атырау мен Маңғыстау енді әбден гүлдейді. Келесі жаздан бастап Маңғыстауға жан-жақтан экспедиция шұбыра бастады. Маңғыстаудан көптеген жас оқуға Алматыға жіберіле бастады. Кейін Оңдасынов облысқа бірінші басшы болды. Ол кісінің тұсында Атырау, Үстірт, Маңғыстауға көптен жоламай кеткен Қызыр Ілияс қайтып оралғандай еді. Мал көбейіп, жайылыс, жетпей, көрші Ақтөбе мен Түрікменстандағы мемлекеттік жерлерден өріс сұрады. Өндірістің де өркені өсейін деді. Шалшыққа шашып тастаған сүйек-саяқтай қиқы-жиқы сиықсыз қалаға келбет кірейін деді. Құлазып жатқан Маңғыстау даласына Алматының экспедицияларын тобықтан қағып аттатпай қойған орталық Мәскеу, Ленинград, Киев, Уфа экспедицияларын үсті-үстіне шұбыртып, толтырды да жіберді. Олардың ашқан кен орындары жайлы мәлімет қырық құлыптың ар жағында сақталды. Олар салдырған қалашықтарға жергілікті жерден адам түгілі, ұшқан қаңбақты жолатпады. Маңайдағы елді мекендерден сынық шеге алғызбай, бәрі «үлкен жерден» ұшақпен тасылды. Жергілікті жерлердің табиғи байлықтарына ыссылай сұғынғанымен, адамдарына мұрын шүйіре қарайтын менсінбеушілікпен алғаш рет айқасқа шыққан да Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов еді», деп оның қайраткерлік қасиетін жоғары бағалайды.
* * *
Нұртас Оңдасынов мемлекет және қоғам қайраткері ретінде еліміздің өркендеп дамуына кең жол ашқан іргелі істерге бастамашы болғанымен, ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін өмірін қазақ тілі саласына арнап, артына өшпес із қалдырды. Ардақты азаматтың бір том «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» мен екі том «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі» – тіл саласындағы өте құнды ғылыми еңбек. Бұл түсіндірме сөздіктер – ана тіліміздің даму, жетілу, өзгеру барысын зерттеп, зерделеуде аса маңызды рөл атқарады. Біріншіден, аталған сөздіктер арқылы парсы, араб тілінен жалпы түркі тілдеріне енген сөздердің саны мен қалай айтылуын қарастырудағы өзгешелігін салыстыра аламыз. Мәселен, қарапайым екі сөз парсы тілінен өзбек пен қазақ тіліне енгенде қалай айтылуына назар салайық. Парсыдан енген Чай (چای) сөзін өзбекшеде сол күйінде қолданады. Ал қазақша «шай» күйінде айтылады. Парсының Мирза (میرزا) атауы өзбекшеде сол күйінде қолданылады. Қазақша айтылуында өзгешерек, «Мырза» деп «и» әрпі «ы» әрпімен дыбыстанады. Немесе парсының Чупан (چوپان) сөзі қазақшада «Шопан» болып қазақ тілінің дыбыстандыру заңына бағынады. Осылай Нұртас ағамыз қазақ тілінде өзге тілдерден енген сөздерді қазақы жазады. Оны Шығыс тілінің маманы болмаса, өзге халықтың сөзі екенін ешкім байқамайды. Соның арқасында қазақ тіліндегі өлеңдер мен жырлар өзіне тән буын-бунақ өлшеммен жырланады. Ал өзбек, әзербайжан, анадолы түріктерінде өлеңдер арудтық өлшеммен жырланады. Өйткені олар парсы-араб сөздерін сол күйінде қабылдаған. Себебі отырықшы ел болғандықтан, парсы-арабтың жазба әдебиетімен танысып, олардың қолданыстағы сөздерін қаз-қалпында өзгеріссіз қабылдаған.
Ал қазақ түркі жұртының соңғы көшпелі қауымы болғандықтан, парсы-араб сөздерін өзінің дыбыстандыру заңына сай қолданады. Сөздердің осындай өзгеру құбылысын зерттегенде Н.Оңдасыновтың сөздіктері зерттеушіге ауадай қажет. Екіншіден, қазақ тіліне парсы-араб тілдерінен енген сөздерін қаншалықты өзгергенін және бүгінде оны қалай қолданып келе жатқанын зерттеуге Нұртас ағаның түсіндірме сөздіктерінің орны айрықша. Мәселен, шам-шырақ, шамдан, сор, сор-азап, сауық-сайран, сыршай, шіршай, шіркүріш, шырын сынды парсы тілінен енген сөздерді бір саралап шығып, олардың қандай күйде еніп, бірте-бірте қалай өзгеріске түскенін зерделеп көрсек дейміз.
Араб тіліндегі (الشّمع) ashshama «әшшәмә» сөзінен бастау алған. Парсылар кезінде араб тілінен сөздерді молынан қабылдап алса да, оны тілдің айтылу заңына бағындырып қолданған. Сондықтан арабтың «әшшәмә» сөзінің парсы тіліне жай «шәм» күйінде қолданысқа енеді. Қазақ өз тіліне «шам» етіп алады. Яғни әр ұлт-ұлыстың тілі табиғи түрде өзінің тектілігін сақтауға тырысады. Өйткені әр ұлттың тіл тазалығы, әуезділігі өз тілінің дыбыстандыру заңдылығымен өзге тілдердің сөзін қабылдауымен сақталады. Бір түбірден шыққан «шәм» сөзі – парсы тілінде «нұр беретін пілтелі мумие немесе парафин шырағы». Қазақ тілінде шам атауы шырақ, шырағдан, жарық қылатын құрал мағынада қолданылады. Соған қараған парсы мен қазақ «шәм» сөзінің негізгі мағынасын алып, тек қана айтылуында біршама өзгеріс енгізген. Ал «шам шырақ» қос сөзінің «шырақ» сөзі парсының (چراغ) сөзінен алынған. Ол парсының ежелгі дәуір тілінен бастау алған. Ондағы (چر) «чер» май деген мағынада, оның жұрнағы (اغ) «ағ» май құйылатын орны, мекен. Майды сонда құйып сәулелендіру үшін жағады. Содан оның мағынасы (اغدان چر) «черағдан» болып шығады. Қазақшада «шамдал» түрінде мағыналас балама сөзге айналған. Содан-ақ (چراغ) сөзі ежелгі дәуірде қай елдің сөзі болғанын да зерттеуге болады. Анығы көптеген сөз бір халықтан өзге бір халықтың тіліне ауысып отырғанда көбінесе тікелей немесе жанама төл мағынасын сақтап отырса да, айтылуы өзгеріске ұшырап отырады. Осы тұста бір нәрсе айқын байқалатыны, қазақ тіліне араб сөздері жалпы алғанда парсылар арқылы еніп отырған. Себебі түркі жұрты арабтармен тікелей мәдени-экономикалық қарым-қатынаста болмаған. Сол үшін қазақ тілі араб сөзінің парсыланған сөздерінің ықпалында өз тіліне бейімдеп оны қазақыландырған. Нұртас Оңдасыновтың «Қазіргі шет мемлекеттермен қарым-қатынас барынша дамып, ғылым мен техника қарыштап өскен дәуірде тілімізге сырттан сөз енбей тұрмайды. Тек осы сөздерді талғап, таңдап ала білуіміз керек», дегені оның ана тіліне махаббаты ғана емес, бүгінде өзектілігін жоймаған құнды пікір екенін ескерген жөн.
Н.Оңдасынов «жан» сөзін парсы тілінен қазақ тіліне енгенін және «Жангелді, Бақытжан, Жанжігіт» сынды үш мысал келтіріп, түрлі мағынада қолданыс тапқанын жазған. Бұған қоса «тән» сөзі де парсы тілінен алынғанын ескерсек, «тән мен жан» діни философиялық термин ретінде қазақ тілінде қолданылады. Оған Абайдың мына өлең жолдары куә:
«Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі».
Әрине, бұл жердегі тән, жан, ақыл сөздері Ислам дінімен бірге Ислам әдебиетіне жаңаша таныммен енді. Парсы әдебиеті Алла адамның тәні топырақтан жаралған соң Жаратушы «Кемел рух» өзінің рухының бір ұшқынын жаратқан тәнге үрледі. Содан адам «тән мен рух» иесі болды. Тән қашанда өзінің тегі – топырақты аңсайды, рух болса өзінің жаратылысында «Кемел рухын» аңсайды. Сондықтан адам бойындағы екі аңсаудан екі түрлі сұраныс пайда болды. Ол – дүнияуи және илаһи сұраныс. Адам өмірінің мағынасы осы екі сұраныстың арасында тартыспен өтеді. Тән сұранысына бағынған адам табиғаттың ең лас батпағының деңгейіне дейін төмендей алады. Рухани сұраныстағы адам Илаһтың ең биік мәртебесі әулиелік мәртебеге дейін биіктей алады. Тән мен жан жайындағы әңгіме – адамзат өмірінің негізгі мақсатының анық межесі болғандықтан, мәңгі жасампаз тақырып.
Иран әдебиетінде «рух» сөзінің баламасы ретінде «Жан» сөзі тұңғыш рет Әбілқасым Фирдауси (940-1020) тарапынан «Шаһнама» атты жыр дастанында қолданысқа енді. Онда ақын дастанын «жан мен сананың Құдайының атымен» немесе «жан мен сана берген Құдайдың атымен», деп бастайды. (خدا) «құда» сөзін арабтың «Алла» сөзінің синонимі етіп қолданады.
Парсының «құда» сөзін қазақ «Құдай» деп алған. «Жан» сөзінің қазақ тілінде өзгеше мағыналары да келеді. Мәселен, «Жангелді» дегенде адам қиналған кезде жаңа үміт, жаңа леп пайда болғанда айтылады. Ал «Бақытжан» деген адамның өмірі берекелі, құт-берекеге толы болғанда «Бақытты адам сипатына» айтылады. Жанжігіт дегенде жігіттің төресі болып, кез келген адамға рух пен үміт сыйлаушы болғанда нағыз ерге айтылады. Яғни адам тіршілігіне жаңа серпін берген жігітке өзінің өмір серігі іспеттес санағанын меңзетеді.
Сондай-ақ қазақ арасындағы «Сәрсен» есімі – «сәрсенбі» туған сәбиге қойылған есім. Ал «Сәрсенәлі» сәрсенбі күні туған «ұлық» жан болсын деген ниетпен жалғанған делінген. Өйткені Әлі атауы – арабтың (اعلی) «Әла» ұлық, ұлы мағынасындағы сөз. Сонымен аптаның жеті күні парсының жеті күн атауымен айтылады. Тек оның айтылуында айырмашылық бар.
Оңдасыновтың «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» атты еңбегі – қазақ тілінің даму және жетілу, жаңа сатыларға өрістеуі жайында өте маңызды құрал. Әсіресе қазақ тіліне кірме сөздер жайындағы зерттеулерге ауадай қажет. Шындығында, қазақ тілі – түркі тілдер арасында парсы және араб тілдерінен ең аз әсерленген тіл. Және қабылдаған сөздерін өз тіліне бейімдеп айтып қазақыландырып жіберген.
Ұлт қайраткерінің «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» еңбектері негізінде қазақ тілін зерделеуде тағы бір анықтамалық түсіндірме сөздік жазылса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі сол арқылы қазақ тілінің тарихи даму үдерісі жаңа бір белеске ие болмақ. Мысалы, дінге қатысты: намаз, ораза, бесін, намаздігер, намаз шам, құптан сынды атаулар парсы тілі арқылы қазақ тіліне енді. Нәмаз (نماز), Рузе (روزه), Пишин (پیشین), Нәмаз-е-дегәр (نمازدگر), хофтән (خفتن). Бірақ барлық атау қазақы айтылады. «Рузе» күні бойы деген мағынаны білдіреді. Діни терминде күні бойы ауызды өсек пен тағамнан бекіту деген ұғымға ие. «Пишин» алдын ала деген мағынадағы бұл сөз түнге қарай бет алған бір күннің орта тұсында Жаратушыға ғибадат қылуы арқылы дүние қызығына берілмеудің алғышартын жасауы болған. Қазақшада «бесін» деп айтылып кеткен. «Нәмаздигәр» бесіннен кейінгі намаз қазақшада намаздігер деп аталған. «Нәмазшам» қазақ «намазшам» немесе «ақшам намазы» дейді. Күн батып бара жатқан және ымырт түскен екі арада Жаратушыға ғибадаттың мәні қараңғылықтың жамандығы, алдауынан сақтануға жасалады. Жаратқанға ғибадат рухын дүниеқұмарлықтан арылтуға жасалады. «Хофтән» ұйқыға кету, тынығу деген мағынада айтылады. Мұны қазақша «құптан» дейміз. Бұл ғибадатта күн бойы дүнияуи істермен айналысып жүрген үшін ондай ойдан арылып, рухани әлеміне еніп, тыныш ұйқыға баруды көздейді.
Түйіндеп айтқанда, Нұртас Оңдасыновтың «Парсыша-қазақша», «Арабша-қазақша» түсіндірме сөздіктері қазақ тілінің тарихын, тілдік ерекшелігін, даму мен өзгеру үдерісін зерттеуде елеулі үлес қосты. Бұл зерттеулер арқылы қазақ тілінің болмысын терең танимыз. Сонымен қатар қазақ тіліне енген кірме сөздерді зерттегенде өзге түркі тілдеріне қарағанда парсы-араб сөздерін өте аз қабылдаған. Сондай-ақ өзге тілдерден алған сөздерді қолдану барысында әбден қазақыландырып алған. Мұндай сөздерді шетелдің сөзі деуге де болмайды. Түбірі жат болса да, болмысы қазақыланып кеткен сөздер. Сондықтан да барлық түрік халықтарының бір-бірімен еркін түсінуіне, біріншіден, ортақ әліппе, екіншіден, ортақ тіл керек. Ол үшін түріктің ортақ төл сөздері және кірме сөздері анықталып зерттелуге тиіс. Әрі түркі сөздерінің негізінде жаңа сөздер түзуді қолға алған тиімді болмақ.
Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
филология ғылымдарының докторы, профессор