Оқиға • 21 Тамыз, 2024

Ақтөбеде қарғын судан зардап шеккендерге өтемақы төленді

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұрғын үйлерді қалпына келтіру шаралары аясында Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жалғасып жатыр. Бүгінде Темір ауданында үйлер салынып, әлеуметтік нысандар, жолдар жөнделіп, ағын судан бұзылған қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде қарғын судан зардап шеккендерге өтемақы төленді

Фото: Өнеркәсіп құрылыс министрлігі

Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаевтың айтуынша, су тасқыны кезінде Шұбарқұдық, Құмсай, Шитүбек және Еңбекші ауылдарында 98 үй су астында қалған. Комиссияның қорытындысы бойынша 41 үй қалпына келтіруге жатады деп есептелген. Бұл үйлерді жөндеуге бюджеттен 224,3 миллион теңге бөлінген. Қалған 57 үй апаттық жағдайда деп танылған.

Айта кетейік, баспанасынан айырылған 36 тұрғын үй үшін Болат Өтемұратов Қоры, «Қамқор – Ақтөбе» және «Dar charity» қаржысы есебінен дайын үйлер сатып алынған. Бұл мақсатқа 635 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Құмсай ауылында бұдан басқа 21 отбасы үшін жаңа үйлер салынып, мердігерлер бұл жұмысты тамыздың соңына дейін бітіруге уәде беріп отыр. Қазіргі уақытта үйлер инженерлік желілерге, су, газ және электр қызметтерін қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар Темір ауданында 63 отбасы материалдық шығындар үшін 26 миллион теңгеден астам өтемақы алған. Сондай-ақ ауданда Қызылжар орта мектебі ғимаратын қалпына келтіру,  Тасқопа селосына кіреберіс су өткізу құбыры, Жамбыл ауылы маңындағы Темір өзені үстіне салынған көпір жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған қоса, 2 қорғаныс бөгет құрылысы басталғаны белгілі болды.

ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақтөбе облысында салынып жатқан 500 жеке тұрғын үйдің 166-сында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген.  Сонымен қатар зардап шеккен отбасыларға екінші нарықтан 495 үй сатып алынып, 3047 үйде жөндеу жұмыстары аяқталған.