Еңбек • 23 Тамыз, 2024

Еңбек адамы ескерусіз қалмайды

52 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы өмірімізді кәдімгідей жеңілдетіп, уақытымыз әжептәуір үнемделіп қалды. Заманның бұл игілігіне тез икемделгендер онлайн платформалар арқылы пайда тауып, негізгі жұмыс көзіне айналдырып отыр. Бірақ жылдан-жылға қатары көбейіп, нәпақасын осындай жолмен ажыратып жүргендердің еңбек құқығы толық қорғала қоймаған. Осы мәселені назарына алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа Жолдауында еңбек нарығындағы ауқымды өзгерістерге сәйкес тиімді тәсілдер қарастыруды тапсырған еді.

Еңбек адамы ескерусіз қалмайды

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Президент «Әділетті Қазақстан­ның экономикалық бағдары» атты Жолдауында цифрлы экономика­ның рөлі артып келе жатқанын, платформалық жұмыспен қамту жүйесінде жарты миллионнан аса адам жұмыс істейтінін айта келе, осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері Жолдауда жүктелген міндеттердің қалай орындалғаны жөнінде жан-жақты мағлұмат берді.

Рас, бүгінде платформалар арқылы жұмысты қашықтан істеуді қолай көретіндер көп. Өйткені мұндай жұмысқа орналасу аса қиындық туғызбайды әрі жұмыс кестесінің еркіндігі кім-кімге де ыңғайлы. Алайда онлайн жұмыстың тиімсіз тұстары да кездеседі, әсіресе, қолайсыздықтар туындаған жағдайда әлеуметтік кепілдіктердің қолжетімді болмауын айтуға болады. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында биыл 1 шілдеде Әлеуметтік және Салық кодекстеріне және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға заңнамалық түзетулер енгізіліп, қабылданды. Енді осы түзетулерге сәйкес, интернет-платформалардың операторлары онлайн жұмыс істейтін адамдар үшін жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), әлеуметтік аударымдарды (ӘА) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды (МӘМСЖ) ұстап қалу және төлеу жөніндегі салық агенттері болып саналады. Бұл бағытта МЗЖ, ӘА және МӘМСЖ мөлшері 1%-ға дейін төмендетілді. Платформалық жұмыспен қамтылғандарға бір уақытта екі салық режімін қолдану құқығы берілді.

Онлайн жұмысты реттеудің осынау тетіктерін сынақтан өткізу үшін өткен жылдан бастап қанатқақты жоба іске асырылды. Мұның нәтижесінде ұсынылған тәсілдердің дұрыстығына көз жетті. Аталған жобаға 13 мыңнан аса такси жүргізушілері қатысып жатыр.

Сонымен қатар жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде цифрлық шешімдер де енгізілді. Атап айтқанда, азаматтарға платформалық жұмыспен қамтылғандар деп тану үшін жария шартқа қосылу жеткілікті; жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жеңілдетіледі; жұмыспен қамтылғандардың бұл санаты салық декларацияларын тапсырудан босатылады; азаматтар онлайн режімде жеке кабинет арқылы интернет-платформа операторлары төлейтін төлемдердің дұрыстығы мен уақтылығын бақылай алады; үдерістерді автоматтандыру үшін интернет-платформалар мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау жүзеге асырылады. Қолға алынған шаралардың барлығы интернет-платформалар арқылы жұмыспен қамтылған адамдарды әлеуметтік жағынан қорғауға мүмкіндік береді.

Жалпы, қашықтан атқарылатын жұмысты үйлестіру Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі. Аталған бапқа сәйкес, қашықтан жұмыс істеу еңбек шартын жасасу кезінде де, еңбек шартына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып, еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде де белгіленеді. Қашықтан жұмыс істеу тәртібі мен мерзімдері; еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз ету; шығыстарды өтеу жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Жұмыскер еңбек міндеттерін орындау кезінде жұмыс беруші, қабылдаушы тарап қамтамасыз еткен жабдықты, ақпараттандыру туралы заңнамаға сәйкес ақпараттандыру объектілерін, көрсетілетін байланыс қызметтерін және өзге де құралдарды пайдалануға міндетті. Ал жұмыскер қызмет көрсету кезінде өз құрал-жабдығын пайдаланған, сондай-ақ көрсетілетін байланыс қызметтеріне ақы төлеген жағдайда жұмыс беруші өтемақы төлейді. Мұның көлемі, төлеу тәртібі мен мерзімі жұмыскермен келісу арқылы белгіленеді. Тараптардың келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерге қабылдаушы тараптан жұмысты орындау кезіндегі өзге де негізделген шығыстар, оның ішінде электр энергиясының құны да өтелуі мүмкін.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауды тапсырған еді. Өйткені өндірістік жарақат алудың жиілеуі қоғамда өткір мәселеге айналды. Ал аталған құжат осы келеңсіздіктердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек. Осы үдеден шығу үшін өткен жылдың 26 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкіметтің №1182 қаулысы қабылданды.

Аталған тұжырымдамада еңбек жағдайларын жүйелі жақсартудың мынадай жаңа тәсілдері көзделді: тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғау жөніндегі ұлттық басқару жүйесін жаңғырту; кәсіптік тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру; еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту; еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру. Жалпы, тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақатты, кәсіптік ауруларды төмендетуге, құзыреттерді арттыруға және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша экономикалық ынталандыруды күшейтуге ықпал етеді.

Бұған қоса биыл 1 қаңтардан бастап Мемле­кет басшысының тапсырмасы бойынша зиян­ды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуын арттыру бағытында арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Арнайы төлемді тағайындар кезде жұмысшылардың 55 жасқа толуы және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы ескеріледі. Бүгінгі таңда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген 9 145 азаматқа 1,7 млрд теңге сомасына арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды. Төлем 4 көзден – республикалық бюджеттен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, жұмыс берушіден және өмірді сақтандыру компания­сынан жүргізіледі. Арнайы төлемнің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгені құрайды. Бұл төлем зейнет жасына дейін беріледі. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аталған адамдарға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерге қосымша мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындалады.

Президенттің тағы бір уәдесі – ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіру. «Азаматтар­дың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаң­тарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арт­тыруға септігін тигізеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылдың 1 жел­тоқ­санында «2024-2026 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы» заң қабыл­данды. Мұнда ең төменгі жалақыны ағымдағы 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайту көзделді. Осылайша, ЕТЖ мөлшерінің 85 мың теңгеге дейін ұлғаюы қаншама жалдамалы қыз­меткердің табысының өсуіне ықпал етті. Сондай-ақ бұл разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, ЕТЖ-дан жоғары деңгейде жалақы алатын азаматтардың да табысын арттыруға мүмкіндік берді.