24 Қаңтар, 2015

Елдік белестері

583 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
*Қазақ хандығы – 550 қазақ 00 - копия - копия Мұның барлығы Н.М.Карамзиннен басталған орыс авторларының, орыс әдебиетіне негізделген кейбір батыс зерттеушілерінің қазақтардың «таза көшпелілігі» туралы пайымдауларының жалған­дығын, олардың біраз бөлігінің отырықшы, жарты­лай отырықшы ретінде өмір сүргендігін көрсетеді. Тіпті, қазақтардың ата-бабалары да сақтар зама­нынан бері тұрақты өмір кешкендігін, егін шаруа­шылығымен айналысқандығын археологиялық материалдар дәлелдеп отыр (Қараңыз: Жолдасбаев С.Ж. Қыстаулар – тұрақты ғұмырдың белгісі / ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. 2008. №7. 81-85-бб.). Қазақ хандығының мемлекеттік атрибуттарының бірі дипломатия саласы болып табылады. Отандық тарихнамада қазақ мемлекетінің сыртқы саясат мүдделері, мемлекетаралық мәселелерді шешу әдістері мен стратегиялық мақсаттары біршама зерттелді. Бірақ бұл мәселе жөнінде қайшылықты пікірлер жоқ емес. Кейбір авторлардың көшпелі­лер соғыс арқылы қоғамдағы әлеуметтік қайшы­лықтарды әлсіретуге тырысты деген сонау Аттила мен Шыңғыс хан заманынан бері келе жатқан пікірді Қазақ хандығына да таңуға тырысуы шындыққа сәйкес келмейді. ХV-ХVІІІ ғасырлар кезінде Қазақ хандығының ішкі өмірінде сыртқы саясатының сипатын айқындайтын әлеуметтік текетірестің орын алғандығы жөнінде қандай да бір мәліметтер ұшыраспайды. Қайта Қазақ хандығы көршілес мемлекеттермен бейбіт тиімді қарым-қатынастар орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығы түркі мемлекеттерінің дипло­матиялық қатынастар орнату, басқа елдермен келіссөздер жүргізу жөніндегі сан ғасырлық дәстүрін жалғастырды. Хандықта өзіндік дипломатиялық рәсімдер мен ережелер қалыптасты. Түрік қағанатының Византиямен, Иран және Қытаймен қарым-қатынастары жөніндегі құжат­тарда түркі билеушілерінің хаттамалық  нормаларына қатысты мағлұматтар жиі ұшырасады. Шетелдік елші ханның ордасына кірерде табал­дырықты баспай аттап өткеннен кейін тізесін бүге отырып сөз алған, сұрақтарға жауап берген. ХVІІІ ғасырда да ханға бас ию, тізерлеп отырып сәлем беру рәсімдері қазақтарда да сақталған секілді. 1736 жылы жазда Орынбор экспедициясында жұмыс істеп жүрген ағылшын Джон Кэстль Әбілқайыр хан ордасында елші рәсімдерін сақтай отырылып қабылданады. Ол жөнінде өз «Күнделігінде» Кэстль былай дейді: «Олар (қазақтар. – К.Е.)... (ханға барғанда) қалай тізерлеп отыруды, маңдайды жерге үш рет қалай тигізуді көрсетті... Жарты сағат өткеннен кейін жиналған қарақұрым халықтың көзінше Байбек пен тағы бір кісі екі жақтан қолтықтап, жетектеп мені ханға алып кетті. Хан отырған үйге он адым қалғанда, бір минут қимылсыз тұруымды сұрады. Содан кейін адъютант немесе олардың тілінде жасауыл маған дыбыс беріп, мені тағы алты адым жерге апарып, тағы бір минут жасауыл келгенше тұрғызып қойды. Артынша мені тура есіктің алдына алып барды, тағы біраз тұрғаннан кейін, жергілікті жердің сый-құрметімен демеп ішке кіргізіп жіберді... Есіктен кіргенде басымдағы қалпағымды алдым, ханның алдында француздарша үш рет құрметпен басымды иіп, қошемет көрсеттім...» (Джон Кэстль. Аталған шығарма. 20-21-беттер). Көшпелілерде, оның ішінде қазақтарда Еуропа елдері мен Ресейде мемлекет басшыларының қабылдауына жалаңбас кіру секілді хаттамалық дәстүрлерден өзгеше, өз дүниетанымдары бойынша қалыптасқан дипломатиялық этикеттері болған. Профессор К. Хафизованың бір еңбегінде: «Петер­бургте Абылай хан елшісі ретінде барған қазақ сұл­таны орыс патшасының аудиенциясында жалаңбас отыруға келіспеушілік» білдіргенін жазады. Көктүріктердің кезінен бері елші, қазіргі тілмен айтсақ, дипломатиялық иммунитетпен қорғалған. Ақын – философ Жүсіп Баласағұн: Елші ерекше, барлық ердің сарасы, Артық біткен білім, ақыл-санасы. Құдайдың ең асыл құлы – елшілер, Талай ізгі істі солар тындырар, – деп жазады. Бүгінгі күні де қазақ «елдестірмек елшіден» дейді. Мұның өзі Қазақ хандығының халықаралық мәселелерді шешуде күш көрсетуге емес, бейбіт жолмен шешуге ұмтылғанын көрсетеді. Көктүріктерден бергі уақыттың бәрінде түркі ел­ші­лерінің берген антына, одақтастық жөніндегі ше­шім­ге адалдығы талай құжаттарда көрініс тапқан. Бүгінгі қазақтарда «жүйесіз сөз иесін табады» деген сөз бар. Сөйлеу мәдениетінің жүйелігі де дәлелділігі, байқампаздық пен білімпаздық түркі елшілеріне ежелден тән. Шешендіктің, дипломатия тілінде өз пікірін жеткізе білудің бір үлгісі – Қаз дауысты Қазыбек бидің (1667-1764) қазақ-қалмақ келіссөзіндегі монологы: «Біз – қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзымызды ақтай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз». Қазақ хандары көшпелілермен қарым-қатынас­тарында әдеттік құқыққа сүйене отырып әрекет етті. Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей ең алдымен Ақ Орда хандарының Сырдария бойындағы мұрагерлік жерлерге өз билігін орнатуға ұмтылды. Барақ хан: «Сығанақ жайылымдары заң мен әдеттік құқық бойынша маған тиесілі, себебі менің атам Орыс хан Сығанақта құрылыс салды», – дейді. (Пишулина К.А. Казахское ханство во взаимоотношениях с Могулистаном и Шайбанидами в последней трети ХV века / Казахстан в эпоху феодолизма (проблемы этнополитической истории) / Отв. ред. А.Х. Маргулан. А.–А., 1981). Қазақ хандығының одақтастық қатынас орнатқан тұңғыш мемлекеті – Моғолстан болды. Бұл одақ Қазақ хандығының құрылуынан бастап ХVI ғасырдың 30-жылдарына дейін созылды. Шығыс Дешті Қыпшақ үшін күресте Жошы әулетінен шыққан Ахмет ханмен, Махмұд ханмен, Ибақ ханмен одақтасты. 1533 жылы Моғолстан тағына отырған Абд ар-Рашид хан өзбектермен (Шайбани әулетімен) одақтасып, қазақтардан Жетісу мен Тянь-Шаньді қайтарып алуға тырысады. Қырғыздармен одақтасу арқылы Қазақ хандығы бұл жерлерді сақтап қалады. ХVI ғасырдың ортасында Қазақ хандығымен Русь те, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы мен Орта Азия хандықтары да санасуға мәжбүр болады (1558-1559 және 1562-1563 ж.). Бұхар хандығы мен Хиуаға барып қайтқан ағылшын көпесі Э.Дженкинсон: «Мен мұнда (Бұхараға. – К.Е.) келгенге дейін үш жылдай уақыттан бері соғыс жүріп жатты... Ташкент үшін соғысып жатқан мұсылман дініндегі халық – қазақтар (Cassaks) деп аталады, олар – өте қуатты», – деп жазды (Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. Алматы, 1994. 46-б.). ХVІ ғасырдың ІІ жартысында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы күрделілене түседі. Ноғай ұлысы мен Сібір хандығының қазақтарға қарсы одақтасуы, орыстардың 50-жылдары Қазан мен Астрахань хандықтарын басып алғаннан кейін қазақ жеріне жақындауы қазақ ханы Хақназарды (1538-1580 ж.ж.) өзбек ханы Абдолла ІІ-мен «анттасқан шарт» жасауға әкеледі. Тәуекел хан тұсында Сырдария бойындағы қалалар үшін ұзаққа созылған күрес қазақтардың жеңісімен аяқталады. Тәуекелдің мирасқоры Есім ханның (1598-1613/14 ж. билік жүргізген) 1598 жылы Бұхарамен жасасқан бітім шарты бойынша Түркістан мен Ташкент Қазақ хандығына берілді (Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине ХVI в. Алма-Ата, 1985). ХVI ғасырдың бас кезінен Ресей Қазақ ханды­ғына үлкен мүдделілік танытты. Орыс мем­лекеті Алтын Орда құрамында болған елдерді өз қара­мағына алуға және олармен қарым-қатынас­тарда өзін Алтын Орданың «бірден-бір мұрагері» екендігін мойындатуға ұмтылады. Батыс Еуропа мемлекеттерімен жазысқан дипломатиялық құжат­тарында ноғайларды, Сібірді, Қазақ хандығын, қалмақтарды өз қоластына алғанын мәлімдеп, осы арқылы өзін қуатты мемлекет ретінде көрсетуге тырысады. Көп уақытқа дейін орыс патшасы сарайында Алтын Ордадағы ел басқару жүйесі де, шығыстық этикет те үстем болды. Тіпті, орыс князьдарының біразы өздерінің шыққан тегін Шыңғыс ханнан бастады және олар Рюриковичтен тарағандардан жоғары тұрды. Олардың мұндай мінез танытуында генеалогиялық негіз де жоқ емес-ті. Қыпшақ қыздарына үйленген Всеволод Юрьевич Большое гнездо (1154-1212), Ярослав Всеволодович (1191-1246), Қоншақтың қарындасына үйленген князь Георгий (1318 ж.), Ноғайдың қызына үйлен­ген Федор Рязанскийді атасақ та жеткілікті (Кара­теев М.Д. Русь и татары. Княжеские роды. Динас­тические таблицы. М., 1994). Батыйдың ұлы Сартакпен анттасқан Ярославтың ұлы Александр қыпшақ қолын бастап, 1240 жылы 15 маусымда Неваның Ладога көліне құятын сағасында немістердің әскерін талқандап, орыс халқының тарих сахнасынан жойылып кетпеуіне себепкер болды. А.Невскийдің орыстардың бастарын бірік­тірудегі рөлі жөнінде П.Н.Савицкийдің, тарих­шылар С.М.Соловьев пен Лев Гумилевтің айтқандары жұртшылыққа аян. 1513-1520 жылдар аралығында Қазақ хандығы Мәскеумен елшілік қатынастар орнатады. Бірақ Қасым хан Ресейдің шығысқа қарай бағыт ұстауы жалпы түркі кеңістігіне қауіп төндіретінін алдын ала болжағанға ұқсайды. Қазіргі уақытқа жеткен эпикалық шығармалар мен ән-күйлер Ноғай ордасындағы қазақтар мен Қазақ хандығынан Қазан хандығын қорғауға барғандардың болғандығынан хабар береді (Исин А. Қазақ хандығы мен Осман патшалығы саяси байланыстарының басы / Абай. Республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журнал. 1994. №4 (44). 32-б.). Ағылышын жазушысы Р.Фокстің орыстар қазақ жеріне ХVI ғасырдың соңғы ширегінен бастап көз аларта бастады деп көрсетуі сол кезеңдегі оқиғалар сипатын меңзейді. Р.Фокстің айтып отырған кезеңі Иван Гроз­ный­дың айдап салуымен 1573 жылы орыс-казактардың Сарайшық қаласын талқандап, тұрғындарын қанға бояған оқиғамен тұспа-тұс келеді. Алайда, Ресейдің қазақтар жөнінде мұнан әлдеқайда бұрынырақ мәліметтер жинай бастағанын орыс патшасы мұрағатының тізбесінде 37-жәшікте «Қасым патша тұсындағы кітаптар мен тізімдердің» барлығы туралы мәлімет растайды (Акты, собранные Архео­графической экспедицией. Т.І. СПб, 1836. С. 339). Қазақ хандығы туралы мағлұматтардың жинас­тырылуы оны танып-білуге, тең құқылы қарым-қатынастар орнатуға емес, көбіне қазақтар­дың саны, әскери күші, қару-жарағы, орналасуы жөнін­дегі барлаушылық мақсатты көздейді. Түркияға барған орыс елшісі В.М.Третьяк-Губинге: «Да и про Казатцкую Орду ему пытати, кто ныне в казакех государь. И где кочует» (Памятники дипломатических отношений Московского государства с Крымом, ногаями и Турциею. Т.2. 1508-1521 / Сборник РИО. СПб, 1895. С. 678) деген тапсырма беріледі. ХVІ ғасырдың 30-40-жылдарында саяси бытыраңқылықты бастан кешірген Қазақ хандығы өз егемендігі мен жерінің тұтастығы үшін ноғай­ларға, Сібір хандығына қарсы күресуге тура келеді. Айырылып қалған жерлерін қайтарып алу үшін Хақназар хан 1568 жылдың күзіне қарай Хажы-Тарханға (Астрахань) дейін шабуылдап, қазақ әскерлері Еділдің сағасында орыстармен соғысады. Бұл жөнінде Русь Речь Посполитая мен Түркияға хабар береді. Мұрағат деректеріне қара­ғанда, Хақназар хан 1571-1572 жылдары Мәс­кеуге елші жіберген. Елшіліктің алдына қойылған негізгі мақсат Ресеймен өзара тиімді саяси және экономикалық қатынастар орнату болатын. Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен өзіне ғана тиімді келісімшарт жасасу үшін қазақтардың ішкі де, күрделі сыртқы саяси жағдайын пайдала­ну­ды көздейді. Ондай жағдай, әсіресе, Сібір ханы Көшімнің қазақтарға шабуылдары кезінде байқалады. 1573 жылы Мәскеу үкіметінің қазақ­тар­ға жіберілген Третьяк Чебуков деген елшісі Көшім­­ге қарсы бірлесіп күресуді ғана ниет тұт­пайды. Третьяк Чебуков бастаған елшілік сапары­ның сәтсіз аяқталуына қарамастан, Қазақ хандығымен шаруашылық-сауда қатынастарын орнату деген желеумен Ресей хандықпен шекаралас өңірлерді отарлай бастайды және ең алдымен Сібір хандығын өзіне қаратуды мақсат тұтады. Қазақ-орыс қатынастары тарихын зерттеуші­лер­дің пікірінше, Қазақ хандығын тәуелсіз мем­лекет ретінде мойындау, онымен мәмілегерлік байл­а­ныстар орнату арқылы Ресей қазақ жерін де бір­тіндеп отарлау жоспарын жүзеге асыра бастайды. Қазақ сұлтаны Оразмұ­хамедті (Ораз Мұхаммед) келіссөз жүргізген болып, алдап тұтқынға алуы Ресейдің Қазақ хандығын өзіне бағындырудың бір амалы ретінде қарас­тыруы­ның мысалы болып табылады. 1594 жылы Тәуе­­кел ханның Ораз­мұ­хамедті тұтқыннан босату, әскери одақ құру, сол кезде Сібір хандығымен соғысып жатқаннан кейін қару-жарақпен көмек беру жөніндегі өтінішімен бар­ған Құлмұхамед баста­ған елшілік сапарынан еш­теңе шықпайды. Себебі, Оразмұхамедті босатудың басты шарты ретінде орыс патшасы Борис Годунов Қазақ хандығының Ресей бодандығын қабылдауын алға тартады. Орыс тарих­на­масында бодандық мә­се­лесінің Тәуекел хан тара­­пынан көтерілуін екі ел арасындағы «ұлы достықтың» бастауында тұрған оқиға ретінде сипат­таудың ешбір қисыны жоқ. Бұл қазақ ханының өз туысы Оразмұхамедті босатып алуға ұмтылған жай айласы ғана болатын. Ресей қазақтарды Сібір хандығы мен Бұхара хан­дығына қар­сы бағыт­тауға, осы арқ­ылы олардың үшеуін де әлсіретіп, өзіне тәуелділікке түсіруді мақсат тұтады. Қазақтарға қару-жа­рақ та бермейді. Қайта орыс патшасы қазақ ханы Тәуекелден өз ұлын ама­натқа жіберуді сұрайды. Бұл жағдай хандықтың орыс сюзеренитетін қабылдауы дегенді білдіретін еді. (Миллер А.Международное положение Казах­стана во второй половине ХVІ века / Истори­ческий журнал. 1942. №6. С.55; Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ веках. А. – А., 1961. С.19). Онымен қоймай, Тәуекел хан Бұхара хандығы мен Сібір хандығына шабуыл жасап, оларды орыс патшасының құзырына қаратса ғана, қару-жарақпен көмектесетінін айтады. Бұл ниетін 1595 жылы Тәуекел ханға барған Вельямин Степанов деген елшісі арқылы білдіреді. иллюстрация-21694 жылы Тайқоңыр Құлжабай аталық ұлы елшілігі І Петрге Ресеймен ынтымақтастық қатынастарды жандандыру және сауда-саттықты дамыту жөніндегі Тәуке ханның хатын тапсырады. 1697, 1698 жылдары Тәуке хан Тобылға Тәшім және Тұманшы батырлардың екі елшілігін жіберіп, тағы да екі ел арасында «ізгі қарым-қатынастардың орнауына», сауда-саттықтың нығаюына үміт білдіреді (Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках. С.9). Қазақ хандығы мен Ресей мемлекеті арасындағы қарым-қатынастар, отандық тарихнамада суреттеле­тін­дей, кедір-бұдырсыз, шиеленіссіз орын алған жоқ. Сары батыр мен Келдей мырза елшілігі тұтқынға алынып, Тобылға жөнелтілді. Оның есесіне Тобылдан Қазақ хандығына келген Андрей Неприпасов пен Василий Кобяков тұтқындалды. 1694 жылы патша жарлығы бойынша Келдей мырзаны алып Түркістанға келген Федор Скибин мен М. Трошин: «Как мы учнем наказ честь и про наших великих государей... здравие ему Тевкихану объявлять, и он бы Тевкихан став, слушал без шапки», – дейді. Хан оларға тұрып тыңдай алмаймын, бөркімді де ала алмаймын, біздерде Құдайға да бөркін киіп тұрып жалбарынады деп жауап береді. Сол кезде Скибин мен Трошин «түрік сұлтаны мен қызылбастың (Иранның. – К.Е.) ханы да» патша өтінішін бөркін алып тұрып тыңдайды деп уәж айтады. Оған Тәуке хан түрік сұлтаны да, парсы ханы да менен ешбір жоғары емес деп қайтарып тастайды (Княжецкая Е.А. Путешествие тобольского казака Федора Скибина в Казачью Орду в 1694-1696 гг. / Страны и народы Востока / Под общей ред. Д.А.Ольдерогге. Вып. 22. Кн.2. М., 1980. С. 68). Тәуке ханның орыс елшілігін салқын қабылдап, орыс патшасына құрмет көрсету рәсімінен бас тартуы сол кезеңдегі орыс-қазақ қатынастарының шиеленісіп тұрғанын, Қазақ хандығының халықара­лық қатынастарда Ресеймен де, Түркия және Пер­сия­мен де өзін тең құқылы, бір деңгейде ұстаған­дығын білдіреді. Тәуке ханның бұйрығы бойынша бұрын тұтқын­далған Неприпасов пен Кобяковты да, Скибин мен Трошинді де еліне қайтармайды. Ақырын­да А.Неприпасов қайтыс болады да, қалған­дары 1695 жылы қазан айында қашып шығады. Хиуаға жетіп, одан Уфа арқылы Тобыл қаласына кеткен Скибин воевода А.Нарышкинге өзінің Қазақ Ордасына сапары туралы есеп және «Қазақ Ордасы қалаларының жазба тізбесін» тапсырады. Барлаушылық мағлұматтарының маңыздылығына байланысты мұнан кейін Мәскеуде, қайтадан Тобылда Скибиннен жауап алынады. Ол Түркі­с­танға апаратын жолдар, стратегиялық нысандар, өзендер, көлдер, Сырдария өзені бойындағы қала­лар жөнінде нақтылы мағлұматтар береді. Екі жыл бойына Түркістаннан Жайық өзеніне дейінгі жер­лерді аралаған орыс барлаушысы қазақ­тар­дың орналасуы, шаруашылығы, әскери қуаты жө­нін­дегі де мәліметтері шығыс елдеріне қарай ұм­тыл­­ған орыс үкіметіне аса құнды болып көрінеді. (Ру­ко­пись городков Казачьей орды по пути из Тобольска до Туркестана / Материалы по истории Узбек­ской, Таджикской и Туркменской ССР. М., 1933). Жоңғарлар тарапынан шапқыншылықтардың жиілеуіне байланысты ХVIII ғасырдың алғашқы онжылдығынан бастап Ресеймен қатынастарды реттеу, әскери одақ құру мәселелерінің өзектілігі арта түседі. Қазақ хандығы Жоңғарияға қарсы әскери одақ құру туралы Қайып ханның Тобылға елшілігі (1716 ж.), Тантай батыр, Арыстан Аталы­құлы мен Тайқоңыр Құлтабай аталықұлы арқылы І Петрге хаты, Әбілқайыр ханның Тобылға жіберген Әлімбет батыр, Байбек батыр, Төлебай батыр, Есмәмбет батыр­дың елшілігінің (1718 ж.) ұсыныстары аяқ­сыз қалады. Соңғы елшілік сауда қатынастарын дамыту, тұтқындармен алмасу, жоңғарларға қарсы күресу үшін орыс әскерлерін жіберу туралы Қайып хан­ның хатын да тапсырады. Сібір губернаторы М.П.Гагаринге қазақ ханы: «Қонтайшы – сенің де, ме­нің де жауым, оның жолында біз тұрмыз, әскер жі­беру жөнінде ұлы патшаға хат жазамыз, күш жібер­се, біздер соғысуға, не болмаса бейбіт келісімге келу­­ге дайынбыз», – деп жазады (Басин В.Я. О русско-казахских дип­лома­тических отношениях в начале ХVIII века / Извес­тия АН КазССР. Сер. обществ. наук. 1965. Вып. 5. С. 44). Осы кезеңдерде Түркіс­тан қала­сында Н.Белоусовтың (1716 ж.), Ф.Жилиннің (1717 ж.), Б.Брянцевтің (1718 ж.) елші­лік­тері келіп, Қайып ханмен әскери одақ жөнінде келі­с­­сөздер жүргізеді. Алайда, олар сәтсіз аяқталады, Ресей тарапынан нақт­ылы қадамдар жасалмайды. Оның үстіне орыс елшіліктері дипломатиялық жұмыс­тардан гөрі Қазақ хандығының әскери күш-қуатын анықтауға тырысады; Б.Брянцев елшілігі Аягөз өзеніне жеткен кезінде осының алдында ғана өткен жоңғарлармен ұрыста қазақтардың жеңіліс тап­қандығының куәсі болады, Құттыбай биден оның себептерін сұ­рап біледі, Әбілқайыр мен Қайып хан­дардың ара­ларындағы қатынастың сипа­ты жөнін­де мәлі­мет ала­ды. Мұның өзі, әри­не, І Петрді қазақ­тар­мен әске­ри одақ құруға итер­мелемейді. Ресей Қазақ хан­ды­ғының күшеюіне емес, жоңғарлар мен бас­қа да ел­дер­ге қарсы күресте әлсізденуіне, осы арқы­лы өз мақ­­са­тын жүзеге асыруға ғана мүдделілік танытады. Қазақ хандығының басқа да көршілес мемлекет­термен дипломатиялық қатынастары оның іргелі ел болғандығын білдіреді. Мұхамад Тахир Каз­ви­нидің «Аббаснама» деген шығармасында: «Бұрын­дары Түркістан уалаятынан келмеген қазақ патшасының елшісі келді. Аббас шах Исфахан қаласындағы «Чихил сутун» сарайында қабыл­данды. Түркістан патшаларына, елшілерге көр­сетілетін сый-құрметтің барлығы көрсетілді және хаттың жауабын дайындап, өз елдеріне көп­теген сыйлықтармен аттандырылды», – деліне­ді. Ғ.Қам­бар­бекованың ізденістері бойынша, бұл ел­ші­лік туралы мәліметтер Иран шахы сарайының хат­та­малары мен сарай жинақтарында да көрініс тапқан. Тәуке ханның хатына Иран шахы жауап ретінде екі елдің арасында орын алып келген достық қарым-қатынастар жөнінде айтып және оның алға қарай да жалғасатындығына сенім білдіреді (Қамбарбекова Ғ.Ә. Сефевидтер тұсындағы дипломатиялық хат алмасулар / Юдин оқулары: «Қазақстан және шығыс елдері тарихы мен бүгіні». 30 наурыз 2012 ж. Алматы, 2012. 10-11-бб.). Иран шахтары Тәукенің туыстары – Қайып сұлтан, Тұрсын Мұхамедхан және ұлы Болат сұлтанмен де хат жазысып тұрады (Қуанышбек Қари. Тәуке ханға жазылған хат Тегераннан табылды / Айқын. 2005. 10 қараша). Бірақ екі ел арасындағы бейбіт қарым-қатынастар барлық уақытта сақтала бермеді. Оны Кіші жүз ханы Әбілқайырдың 1724 жылы Иран шахына жазған хатынан көруге болады. Хатты И. Березин 1862 жылы басылып шыққан «Турецкая хрестоматия» атты жинақтың екінші томында жариялаған. Кітапта Әбілқайыр ханның хатына жауап ретінде жазылған Иран шаһының хаты қоса берілген. Шындығына келгенде екі ел арасындағы текетірес Хиуа хандығы үшін мүдделіктен туындайды. 1724 жылы Әбілқайыр хан басқарған қазақ жасақтарынан ирандық әскерлер қатты жеңіліс табады. Оны И. Березин де атап өтеді. (Бақыт Әбжет. Қызылбас пен қалмаққа дес бермеген қазақ ед... / Қазақ әдебиеті. 2002. 27 желтоқсан). Әбілқайыр ханның хаты осы оқиғаға байланысты жазылған. Қожамқұлы бек Балх ибн Қыпшақ ханидың (1695-1696 ж.т.) «Тарих-и Қыпшақ хани» еңбегінде Қазақ хандығының Ауғанстанмен, Үндістанмен де қарым-қатынастар жасап тұрғандығы жөнінде айтылады. Қазақ хандығының Осман патшалығымен үш рет – 1520-1525, 1548-1551 және 1568-1569 жылдары қарым-қатынастар орнату әрекеттері болған. 1713 және 1715 жылдары Қайып Мұхаммед хан Османлы сұлтанына орыстар мен қалмақтардың қазақтарға көрсетіп отырған зорлық-зомбылықтары жөнінде екі рет хат жолдап, көмек сұрайды (Belgelerle Osmanlı – Türkistan ilişkileri (XVI-XX. Yiizyillar). Ankara, 2004). Османлы сұлтаны ІІІ Ахметтен Қайып ханға жауап хат та келеді. Алайда, екі ел арасындағы географиялық алшақтық тиімді қарым-қатынастар орнатуға мүмкіндік бермейді. Мұның барлығы Қазақ хандығының ірі де қуатты мемлекет болғандығын, әскери, дипломатиялық тәсілдерді қолдана отырып, тәуелсіз саясат жүргіз­гендігін көрсетеді. Алаш қайраткерлері кезінде қазақтардың «қазақы­лыққа» оралуының маңыздылығы жөнін­де жазып кеткен-ді. Бұл ұстанымның мәні – халық­тың өзінің әдет-ғұрыптары мен салт-санасын, дәстүрлері мен құндылықтарын, жинастыра айтқан­да, этникалық бірегейлігін сақтай білудің этнос ретінде жойылып кетпеуінің алғышарты болып табылатындығында. Мұның ежелден бері келе жатқан қағида екендігі Геродоттың сақтар өздерін өзгелердің әдет-ғұрпын қабылдаудан аулақ ұстайды деген сөздерінен-ақ байқалады. Сақтар да, олардан кейінгі басқа тайпалар да Грекияға, Еуропаның өзге де елдеріне жеткенімен, көбі өз ата-жұртына оралып, дағдылы өмір салтына көшіп отырады. Өзіне ғана тән бірегейлігін тану, оны құрмет тұту және қандай жағдайда да өзге құндылықтар мен өзге жұрттың өмір салтына бола айырбастап кетпеу – халықтың бостандығы мен тәуелсіздігінің, ғалым А.Қасымжанов айтқандай, «негіздерінің негізі» болып табылады (Уроки отечественной истории и возрождение казахского общества. Материалы научной сессии. Алматы, 1999. С. 91). Бұл сөздердің тарихи шындық екендігі күмән туғызбаса керек. Әлем халықтарының бай тәжіри­бесі өзіңнің ерекшеліктерін, оның ішінде тілі мен ділін ескермей, бөтен тәжірибе мен әдет-ғұрып­тар­ды механикалық түрде, ойланбастан өз жұртына таңу­дың аса қауіпті екендігін дәлелдейді. Мұны Кошо Цайдамдағы (Моңғолия) Түрік қағана­ты мен екі ұлы тарихи қайраткер Білге қаған мен Күлтегін тарихы баяндалған ескерткіштер кешені де дәйектейді. Сонымен ғалымдар мен ақын-жыраулардың, данагөй абыздар мен ел атынан сөз ұстаған билердің ізденістері мен ой-толғамдары негізінен Білге қағанның мәңгі бақи ел болып қалу жөніндегі өсиеті мен ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің «кемел мемлекет», «кемел адам», Жүсіп Баласағұнның «бақытты қоғам» жөніндегі ой-пікірлері төңірегінде өрбітіліп, Қазақ хандығының оптимистік сипаттағы мемлекеттік идеологиясының іргетасын қалады. «Мәңгілік Ел» – дербес те, дамыған мемлекет құрып, береке-бірлікте тәуелсіз өмір сүруге ұмтыл­ған халықтың арман-мұратының жиынтық идеясы. Бүгінде ол Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы халыққа Жолдауында, Ұлытау сұхбатында ұстартылып, жаңа деңгейдегі мемлекеттік дамудың стратегиялық бағыты ретінде жалғасын тапты. Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.