Ұлттық құрама жасақталды
21 спорт түрінен өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына зияткерлік сайыстан сынға түсетін үздіктердің әзірлігі қарқынды өтіп жатыр. Тоғызқұмалақ, түріктің ұлттық ойыны мангала, Батыс Африканың зияткерлік додасы саналатын овариден де үздіктеріміз жүлдеге таласады.
Биылғы қаңтарда Павлодар қаласында, ақпан айында Алматыда, наурыз айында Қызылорда қаласында Ұлттық құрама қатарына іріктеу сайыстары өтті. Біріншіліктің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерден құрама мүшелері жасақталды. Құрама ойыншылары екі оқу-жаттығу жиынына қатысып, зияткерлік ойындарынан (тоғызқұмалақ, мангала, овари) дүниежүзілік додаға әзірлікті пысықтап жатыр. Тоғызқұмалақ сайысында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Бексұлтан Бостандықов, Мөлдір Серікқызы, Аңсаған Қожанәсіп және спорт шебері Ерсұлтан Әуелбай сынға түседі. Зияткерлік ойыннан Қырғызстан, Моңғолия, Чехия, Колумбия елінің өкілдері өте тегеурінді. Ұлттық құрама мүшелері көшпелілер ойындарына дайындықтың соңғы кезеңін 27 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткізбек. Тоғызқұмалақ, мангала, овари ойындары бойынша қарсыластардың ойнау стильдерін талдап, нақты жоспар түзілді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында тоғызқұмалақ сайысынан 50 елден үздіктер қатыспақ.
Мангаладан мерейіміз үстем бола ма?
Түріктің зияткерлік ойыны мангаладан дайындықты нығайтып, тәжірибе алмасу бағытында өзге елдердің құрама командаларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Биылғы 25-26 ақпан күндері Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық мұражайда мангаладан алғаш рет ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Осы біріншіліктің нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерден ұлттық құрама мүшелері жасақталды. Үздіктер сәуір айының 15-28 аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында осы елдің ұлттық құрама командасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, тоғызқұмалақ және мангаладан шеберлігін сынады. Спортшылар оқу-жаттығу жиынында Түркия құрама командасының белді спортшыларымен тәжірибе алмасып, өз мүмкіндіктерін шыңдап қайтты. Тіпті Түркияның мангала федерациясы ұйымдастырған сайысқа қатысып, ой ұшқырлығын бағамдап та көрді.
Маусымның 6-17 аралығында Бурабайда өткізген кезекті оқу-жаттығу жиыны аясында мангаладан іріктеу жарысы ұйымдастырылды. Мангаладан халықаралық жарыстардың жеңімпазы, тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Қайдаров (Ақтөбе облысы), мангаладан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Биғали Зікірияев (Астана қаласы), мангаладан халықаралық турнирлердің жеңімпазы, тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Құндыз Есіркеп (Астана қаласы), мангаладан Қазақстан чемпионы, тоғызқұмалақтан спорт шебері Айкерім Қуанышбекова (Шымкент қаласы) Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бағын сынайды.
Мангаладан халықаралық жарыстар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Румыния, Ресей, Түркия, Чехия сынды елдерде тұрақты өткізіліп жүр. Зияткерлік ойын додасынан үздіктеріміз үнемі олжалы оралады. Чехияның Пардубице қаласында жыл сайын өтетін зияткерлік ойындар фестивалінде жеңімпаз болып жүр. Осы ой-өре аламанында әр жылдары М.Шотаев, Б.Зікірияев, Г.Базаралиева, А.Хайдаров сынды үздіктер жеңіске жетті. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарынан да қоржынымыз бос қайтқан емес. 2018 жылы Қырғызстанда өткен дүбірлі додада жерлестеріміз Асылхан Кожанәсіп, Мақсат Шотаев, Аңсаған Қожанәсіп, Гүлнара Базаралиева бастаған саңлақтар екі күміс, екі қола медаль иеленді. 2019 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен әлем чемпионатында Б.Зікірияев классикадан, М.Шотаев рапидтен топ жарса, Е.Әуелбай рапидтен күміс, А.Хайдаров қола жүлде еншіледі. Әйелдер арасында Г.Базаралиеваға әлемдік доданың күміс медалі бұйырса, Б.Хадылбек қола жүлдегер атанды. Ұлттық құрама бапкерлері мангала ойынынан Қырғызстан, Түркия, Чехия және Ресейден келетін ойыншылар тегеурінді екенін айтады.
Тоғызқұмалақ ұпайымызды түгендеуге тиіс
Этноспорт сайысының бағдарламасына енген Батыс Африка елдерінің ойыны овариден жүлдеге таласа аламыз ба деген сауалды тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақапбаеваға қойдық.
«Биылғы 5-6 наурыз күндері Қызылорда қаласында овариден тұңғыш рет ерлер және әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне әр өңірден үздіктер қатысып, жеңіске жеткен саңлақтар Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына жолдама алды. Тоғызқұмалақтан еңбек сіңірген спорт шебері Серік Ақтаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ернұр Мерешев, тоғызқұмалақтан еңбек сіңірген спорт шебері Әсел Далиева, тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аңсаған Қожанәсіп овариден тартысқа түседі. Батыс Африканың овари ойыны бізде әлі қарқынды дами қойған жоқ. Соған қарамастан саңлақтарымыз халықаралық жарыстардан толайым табыспен оралып жүр. Алғаш 2006 жылы М.Шотаев Лондондағы зияткерлік ойындар олимпиадасында қола медаль алса, Канн фестивалінде А.Сейтжанов, С.Ақтаев, Пардубице мен Прагада М.Шотаев, С.Ақтаев, Е.Мерешев, Ә.Далиева және басқа спортшылар жеңіс тұғырына көтерілді. Қазақстан құрамасының мүшелері 2018 жылы 2-8 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен IIІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жарқын табысқа қол жеткізді. Овари ұлттық құрамның үздіктері Серік Ақтаев, Ернұр Мерешев, әйелдер арасында Әсел Далиева, Диана Кенина алтын медаль иеленді. Әйелдер құрамасы командалық тартыста да этноспорт аламанының чемпионы атанды. Овари ойынынан басты қарсыластарымыз Африка елдері, Антигуа мен Барбуда, Қырғызстан елдерінен келеді. Өз елімізде өтетін айтулы додада топ жаруға барымызды саламыз», деді А.Жақапбаева.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының жүйелі жұмысының нәтижесінде Туризм және спорт министрлігі, облыс әкімдіктерінің қолдауымен зияткерлік ойынмен шұғылданушылар саны 210 мың адамнан асты. Тоғызқұмалақ Лондон (2006), Пардубице (2007), Канн (2009) дүниежүзілік зияткерлік фестивальдар мен олимпиадалардың бағдарламасына енгізілді. Ұлттық ойыннан халықаралық жарыстар Антигуа мен Барбуда, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария елдерінде тұрақты ұйымдастырылады.
2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап тоғызқұмалақ әлемдік www.iggamecenter.com сайтында зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, онлайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалынды, қазір сайттағы ойындар рейтингінде көш бастап тұр.
2020 жылдың 17 желтоқсанында өткен ЮНЕСКО-ның сессиясында тоғызқұмалақ ойыны адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне қосылды.
Тоғызқұмалақтың дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зор қолдау білдіріп отыр. Атырау облысындағы сапарында: «Жалпы, көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақ күресі. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс әдеттен алыстатады және спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Әкімдікке осы шаруаларды пысықтауды тапсырамын», деген қолдау сөзі тоғызқұмалақтың өркендеуіне серпін берді.
Федерация облыстардағы материалдық-техникалық базаның жағдайын жақсарту, ойын және жарыс залдарын ашу, тақта мен шахмат сағаттарымен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу және қолдану, әдістемелік-құралдар мен кітаптар шығаруды қолға алған. Халықаралық қатынастарды нығайту үшін Әлихан Байменов басқаратын Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы шетелдегі тоғызқұмалақ жанашырларын құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп отыр. Азия ойындарының бағдарламасына тоғызқұмалақты енгізу (2027 жылдан бастап төрт жылда бір мәрте өтеді), құрлықтық чемпионаттарды жүйелі өткізу, халықаралық кодексті жетілдіру, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған халықаралық семинарлар ұйымдастыруды қолға алмақ.
Зияткерлік сайыстың бұқаралық сипатын арттыру үшін федерация тарапынан жан-жақты ауқымды жұмыс жасалып отыр. Тоғызқұмалақты мектеп бағдарламасына енгізудің алғышарты ретінде Астана қаласында және Батыс Қазақстан облысында «Алтын ұрпақ» жобасы қолға алынып, 20 таңдаулы мектепте сабақ ретінде енгізілді. 3-4-сыныптарға арналған оқу-әдістемелік құрал жарыққа шықты. 9 қыркүйекті Тоғызқұмалақ күні деп мерекелеу мақсатында былтыр Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен жоғары сынып оқушылары арасында зияткерлік ойын өтті. Ойынға бір мезгілде 2 028 оқушы қатысып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл да – ұлттық ойынның танымалдылығын арттыратын іс-шара. Федерация өкілдері биыл да 9 қыркүйекте бір мезетте 100 мың адамның тоғызқұмалақ ойнауын ұйымдастырмақ.
Облыстарда жастар мен жасөспірімдер арасында республикалық жарыс, мектепаралық олимпиада, студенттердің универсиадасы өтіп, тоғызқұмалақтың бұқаралық сипат алуына серпін бермек. Салалық және кәсіптік мекемелердің түрлі мамандық өкілдері арасында жарыстар ұйымдастырылып, олардың да тоғызқұмалаққа қызығушылығын арттыруға күш салынып жатыр.
Егде тартқан жандардың ұлттық ойынмен шұғылдануы да – федерацияның басты назарында. Мәселен, Астана қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» зейнет жасындағы 500-ге жуық ардагер түрлі аудандардағы орталық ғимараттарында тоғызқұмалақпен тұрақты шұғылданады.
Тоғызқұмалақ жеке тұлғаның ақыл-ойын шыңдап, ми қызметін жетілдіретін, қазақ халқының зияткерлік ойыны, мақтан тұтар бренд екені Дүниежүзілік көшпелілер аламанында тағы бір паш етілмек.