Елу жыл бұрын: Тілеуқабыл Мыңжасаров, Заманбек Әбдешев, Сауытбек Абдрахманов
Бала күннен құйма құлақ Замаш ертегілер тыңдауға құмартып, естіген өлеңін бірден жаттап алып өсіпті. Осы күні де өзінің ғана емес, талай қазақ ақындарының өлеңдерін сағаттап айтуға бар.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары ауылдың, мектептің шағын кітапханаларынан көркем кітаптың талайын таласа оқыған, тамсанып өскен талпынысты баланың ұшқыр қиялы балауса жыр болып төгіліпті. Табиғат көріністерін сипаттаған шумақтарын алдымен тыңдайтындар атасы Әбдеш (шын есімі Әбдірасұл) және әжесі Мәрия. Зәкең осы атасы мен әжесі бауырына басқан тұңғыш немерелері екен.
1967 жылы Дайыр аулында орта мектепті бітірген соң талаптары таудай, бір мектепте оқыған қанаттас, өскелең достар Заманбек пен Ғалым өзара уәделері бойынша Қазақ мемлекеттік университетіне журналист оқуына түсу үшін Алматыға тартады. Ә дегеннен жолы болмай, ауылға қайтқан жастардың тауы шағылған жоқ. Ақындық қабілеті тасып, шабыты жанып жүрген шағында Заманбек әскерге алынады. Шығыс ұланы Солтүстік мұзды мұхит жағасынан бір-ақ шығады. Екі жыл Отан қорғау азаматтық борышын абыройлы атқарған жас сарбаз сол замандағы үлкен мерей – коммунистік партия қатарына қабылданады. Дәптеріне жауынгер жырлары жазылады.
«Тентек желге бір жыртыс жыртқызалық»,
Десе керек кәрі аспан бұлтты ыза ғып.
Жас арудай өрбіскен тұңғыш рет,
Қоя берді алтын Күн күрт қызарып».
«Солтүстіктің күзгі кеші» деген өлеңнің бұл шумақтары Мұзды мұхит жағалауындағы табиғат пен оның өзгеше келбеті Солтүстікте болып көрмеген адамның көз алдына елестер көркем сурет.
Заманбек 1970 жылы әскерден оралған бетте қайтадан Алматыға жол тартады. Аңсаған оқуы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Факультет деканы талай қаламгердің қадірменді ұстазы, ғалым Тауман Амандосов еді. Декан курсты 25 студенттен «А» ересектер және «Б» жастар тобына бөлген. Ересектер еңбек өтілімен түскендер де, жастар мектепті сол жылы бітіріп оқуға қабылданғандар еді. Әрісі он жылдай жас айырмамен келген де, басқа да жасы үлкен жігіттер мен қыздар аз болмай шықты. Декан «А» тобының жетекшілігіне (староста) әскерден абыройлы оралған азамат, келбеті көз тартар жігіт Заманбекті таңдады. «Старостаға» тағайындалған студенттің міндеті курстың ұйытқысы бола білу. Ақын Заманбек іркілмеді, қатарластарын үйіріп әкетті, студент-жастар диспуттарында сөз сөйлейтін де Заманбек, ой-өрісі кең, сөзіне сенімді, өлеңдер оқитын да Заманбек – өзегінен өлең ақтарылып жатады. Осылай бедел алды.
1975 жылы университетті бітірген соң Зәкең жолдамаға сай Өскемендегі облыстық студияға редактор болып орналасты. Жаңа жер, орысы басым ортаның қым-қуыт күйбең тіршілігі оның сері болмысын еліктіре қоймаған. Алтайдың баурайында жүрсе де қиялы қияндағы Алатау, көңілінің түкпірінде аяулы Алматы, бес жыл жұп жазбаған қимас достар... Мақсаты – шығармашылық үлкен жетістіктерге жету үшін астана Алматыға, үлкен ортаға қалайда жету.
Шығыс Қазақстанға партияның пәрменімен жіберілген Заманбек онда көп аялдай қоймады, көңіліндегі үлкен арман-мақсат жарты жылға жетер-жетпесте оған ат басын біржолата Алматыға бұрғызды. Алматыда жұмыс табу, орналасу, әсіресе талай қазақ баласына жасанды кедергі болған қалаға тұрақты тіркелу дейтін оңайға түскен жоқ. Әуелі біршама уақыт «Қазақстан пионері» (қазір «Ұлан») газетінің редакциясында істейді, содан кейін сәті түсіп, «Жазушы» баспасына аударма бөліміне редактор болып ауысады.
Аударма үлкен ортаға жаңа түскен жас қаламгер үшін шығармашылық жұмыстың бұрын араласа қоймаған тың саласы еді. «Осы қызметім менің шығармашылық еңбегіме түбегейлі бетбұрыс жасады. Баспаның қым-қуыт жұмыстары және ара-арасында өзім де қолға алып, тәржіма ісіне шындап кірісуім біржолата аударма қазығына байлап тастағандай күй кештім. Шыны керек, өлеңді ара-тұра ғана жазатын болдым» деп еске алады Зәкең. Айтқанындай, Заманбектің 2010 жылы Астанада «Фолиант» баспасынан шыққан «Жан сырым» атты жыр жинағының алғы сөзінде «Жиырма жылдай әдебиет баспасында жұмыс істеп, қазанның құлағында жүрсем де өлеңдерімді басын қосып, жеке жинақ күйінде жариялауға асыққан емеспін. Тіпті ана бір жылы, жан досым Сауытбек Абдрахманов Ақпарат министрі қызметінде жүргенде: «Кітабыңды шығарайық, бір жинақтық жақсы өлеңің барын білемін ғой» дегенде де қозғала қоймағанмын. Өлеңді өзім үшін, жан өртімді басу үшін, жақсыларға жүрегімді ашу үшін ғана жазатынмын. Алпыстың асқарына аттаған осы тұста достарым тағы қолқалап, әр жылдардағы жырларымды оқырман назарына ұсынып отырмын» дегені де бар. Одан кейінгі өлең жинағы – 2019 жылы Алматыда «Тоғанай Т.» баспасынан жарық көрген «Жылдарым – гүл бағым».
«Мен қалай жыр жазудан тоқталамын,
Қолымда тұрған кезде от қаламым.
Мен үшін бықсып жану мақсат емес,
Мен жансам лап етем де жоқ боламын,
деп бір шарпыса, одан әрі:
Жаным менің жырға толы, жігіттер,
Жаным менің Байкал сынды тұнық көл.
Сол тұнықты асау толқын шайқаған,
Кездерінде мықты болсаң ұғып көр»,
деп, жанының тұнық тұңғиығына тартады.
Ақынның көңіл қылын шерткен ғашықтық жырлары да оқырманын бейжай қалдырмай, әсерлі сезімге бөлейтіні анық.
Зәкең Жазушылар одағының ғимаратында орналасқан белді баспада үлкен өмір мектебінен өтті. Баспаның поэзия бөлімінде де қызмет атқарды, талай қаламгердің кітабына редактор болып, жолын ашты. Небір жақсы мен жайсаңға жанасты, сөздерін тыңдады, кейбір мінез-қылықтарын аңдады. Содан түйген пайымдары келе-келе мөлтек сыр, естеліктерге айналды. Заманбек өз көзімен көрген оқиғаларынан, көңіліне түйгендерінен әйгілі ақын-жазушылар Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Қайсенов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Кеңшілік Мырзабеков, Іслам Жарылғапов, Марат Барманқұлов, өнер адамдары Асқар Тоқпанов, Ыдырыс Ноғайбаев, тұлғалар Шыңғыс Айтматов, Қайсын Кулиев, Евгений Евтушенко, сондай-ақ бірқатар замандасы туралы шерткен сырлар оқуға ғана қызық емес, сол жағдайлардан түйген ойларымен де әсерлі әрі өзекті.
Заманбек әсіресе аударма саласында өнімді еңбек етті, бұған дейін бұғып жатқан таланты ашылды. Талапты аудармашыдан талантты аударма майталманына айналды. Әйгілі орыс жазушысы Борис Васильевтің «Тамылжыған таң» деген повесі мен бірқатар әңгімесін, болгар жазушысы Георгий Караславовтың «Шешуші сағат» романын, ағылшын жазушысы Чарльз Диккенстің «Оливер Твистің басынан кешкендері», алжир жазушысы Мулуд Маммеридің «Апиын мен таяқ», «Шөл даланы кесіп өту» романдарын, француз қаламгері Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романының бірінші томын (екінші томын Сауытбек Абдрахманов аударған), америкалық жазушылар Стивен Кингтің «Сол», Фрэнсис Скотт Фицджеральдтың «Ұлы Гэтсби» романдарын ана тілімізде тамылжыта сөйлетті. Сондай-ақ туысқан малқар ақыны Тәнзила Зұмақұлованың «Салтанат» өлеңдер жинағын, «Қырғыз ертегілерін», А.Горяев пен В.Зимяниннің «Тамаша адамдар ғұмырбаяны» сериясымен ұлы мемлекет және саяси қайраткер Дж.Неру туралы «Неру» ғылыми-көркем өмірбаян кітабын қазақ жұртшылығының рухани қазынасына қосты. «Хабар» телеарнасында біраз жыл қызмет атқарып, мұнда да жүздеген көркем телесериалдарды, мультфильмдерді, танымдық деректі фильмдерді көрерменге ұсынды, қазақ тіліндегі көрсетілімдер аясын сапалы кеңейтуге белсене зор үлес қосты.
Заманбек қазір Қазақстан Жазушылар одағы Аударма кеңесінің төрағасы. Әдеби жыл қорытындысында бүгінгі көркем аударманың жай-күйі туралы жанашыр ойларын ортаға салып, жетістіктер мен олқылықтарды білікті талдайды. Заманбек Әбдешев өзі үлгі тұтатын қазақ аудармасының алдыңғы толқын майталмандары Жүсіп Алтайбаев, Ахмет Елшібеков, Ісләм Жарылғапов, Әбілмәжін Жұмабаев, Ғаббас Жұмабаев, Хасен Өзденбаев, Ғайса Сармұрзин, Нияз Сыздықов, Жұмағали Ысмағұлов, жырларды өздері жазған дүниедей құлпыртып жіберетін Сағи Жиенбаев, Ізтай Мәмбетов, Қуандық Шаңғытбаевтың бірегей ізбасары. Бүгінде 75 жылдық мерейжасқа толып отырған Зәкеңді осы майталмандар қатарына лайықты қосамыз. Аударма саласындағы іргелі еңбектері үшін Заманбек Әбдешевке Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді, қарымды қаламгер «Парасат» орденімен марапатталды. Өзі туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының құрметті азаматы.
Ақын, аудармашы Заманбек Әбдешев туралы әңгімеміз оның отбасылық ортасы туралы айтпай кетсек толық болмас еді. Атасы мен әжесінің баласы болып өскен Зәкеңнің жандары жәннатта болғыр ата-аналары Зиадабек аға мен Гүлжамал апа, аяулы жан жары Кәбира Баймұқанбетова өте жайсаң, ізетшіл де ізгі жандар еді. Тұңғыш немерелері дүниеге келгенде аға мен апа оның есімін өздері қоюдың орнына достары бізге таңдатып еді-ау! Қазақ опера және балет театрының опера студиясында әйгілі Бибігүл Төлегеноваға шәкірт болған Кәбира ұстазының мәнерінен аумай тамылжыта ән салып, ортамыздың гүлі болып жүруші еді. Отағасының, отбасының жайын жасаған Кәбира өмірде өнер жолын қуған жоқ. Досымыз Сауытбектің зайыбы журналист Мәрия «Кәбираның әні» деген мөлдір естелік жазды. Кәбираның да дүниеден өткеніне он жыл толып қалды, жақында осыған орай аруақтар рухына арнап ас берілді. Кәбира және оның ата-енелері Зиадабек аға мен Гүлжамал апа туралы қаншама тебіреністі естеліктер айтылды. Қызың ізің, ұлың өзің деген. Кәбира мен Заманбектің атын өзіміз қойған үлкен ұлы Айдар, одан кейін Ризагүл, Алмас, Индира есімді ұл-қыздары бүгінде үйлі-жайлы, ұрпақ өсіріп, өркен жайған.
Мақаламыздың басында 1975 жылы университет бітіріп, енді студенттік бейжайлау шақтан үлкен еңбек, шығармашылық өмір жолына аттанып кете барып едік деп жазғанмын. Содан бері елу жылдай уақыт өтіпті, осы жартығасырлық шығармашылық белестерге қорытынды жасасақ, курс түлектері жеткен, ауыз толтырып айтарлықтай, олардың қазақ руханиятын молықтыруға қосқан үлестері аз емес. Қазақ сөзінің бүгінгі өрен жүйріктерінің бел ортасында от қалам ақын, айшықты аудармашы Заманбек Әбдешев те лайықты тұр.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері