Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Қаржыландыру көлемі ұлғайып келеді
Бірер күн бұрын қор басшысы Әбілқайыр Сқақов журналистерге ситуациялық-талдамалық орталықтың жұмысын таныстырып, салаға қатысты көптің жадында жүрген сұрақтарға жауап берген еді. Ситуациялық-талдамалық орталықта қазірдің өзінде Power BI, Superset және QlikSense сияқты құралдарды қолдана отырып, мыңнан аса басқару тақтасында 500-ге тарта басты көрсеткіштер ұсынылыпты. Ақпараттық-талдамалық жүйе қор қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға және қордың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға септеседі екен.
– МӘМС жүйесін цифрландыру арқылы біраз мәселені реттеуге болады. Жүйедегі, денсаулық сақтау саласындағы ахуалға тоқталмас бұрын талдамалық орталық жөнінде кеңірек айтуды дұрыс көріп отырмыз. Себебі мұнда жинақталған деректер біз үшін аса құнды. Өздеріңіз көріп отырғандай МӘМС-пен келісімшарт жасаған 2 мыңнан аса медициналық орталық бар. Мұндағы қаражат айналымы – жылына 3 трлн теңгенің шамасында. Тұрғындарға 400 миллионнан аса медициналық қызметтің түрі көрсетілген. МӘМС жүйесінің маңызды жетістіктерінің бірін қаржыландырудың ұлғаюымен байланыстыруға болады. Мысалы, биыл медициналық көмекке бағытталған қаражат көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есе өсіп, 2,5 трлн теңгеге жетті. Осылайша, саладағы бюджеттің 40%-дан астамын МӘМС түсімдері құрайды. Жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландыру 4 есе, ал консультациялық-диагностикалық көмек 15 есе ұлғайды. Осы ретте 2020 жылдан бастап бұл бағыттарға жұмсалатын шығыстардың 80%-ы МӘМС түсімдері есебінен жабылатынын екшелеп атап өткеніміз жөн. Қысқасы, біз талдамалық орталықтың көмегімен медициналық қызметті қаржыландыруға, өңірлердегі медициналық ахуалға және пациенттерге қатысты басқа да аса маңызды ақпараттарды лезде алып отырмыз, – деді Ә.Сқақов.
Қор басшылығы өңірлердегі медициналық мекемелермен 2,5 трлн теңгеге шарт жасаған. Жыл басынан бері 200 миллионнан аса медициналық қызметтің түрін көрсеткен. МӘМС жүйесі енгізілгелі қаржыландыруға жекеменшік емханалар жиірек қатыса бастапты. Бірінші жартыжылдықта тұрғындардан түскен шағымдардың саны 14 мыңнан асқан. Бұл деректер де талдамалық орталықтан ап-анық көрініп тұр. Елде халық саны 20 миллионнан асса, тұрғындарың 16,8 миллионнан астамы сақтандырылған. Мұны пайызға шақса, 84 пайызды құрайды. Медициналық көмекке жиі жүгінетіндердің арасында балалар мен егде жастағылар көп. Мұны біз еңбекке қабілетті азаматтардың балалар мен зейнет жасындағы қарияларға қамқорлығы деп түсінсек болады. Талдау орталығында жоғары технологиялық медициналық көмек алған жекелеген азаматтардың да деректерін көруге болады. Әрине, бұл жеке деректер екінің біріне емес, басшылыққа ғана мәлім. Ал олар дербес деректерді рұқсатсыз пайдаланып, тарата алмайды. Осы ақпарттардың барлығы да МӘМС-ке қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, медициналық көмектің сапасын арттыруға септеседі. Өйткені қор бұл ақпараттарды медициналық мекемелермен, жергілікті әкімдіктермен бөлісіп, ортақ мәселе бойынша бірлесіп шешім қабылдай алады. Орайы келгенде Ә.Сқақов қордың миссиясына, жұмыс қағидасына тағы бір мәрте тоқталып, тілшілерге түсіндіруге тырысты.
– Жоғарыда келтірілген мысалдың нәтижелерін ескере отырып, кейбір негізгі қызмет түрлері бойынша шығындар мен түсімдердің арақатынасына зерттеу жүргіздік. Ситуациялық-талдамалық орталықтың сараптамасы бойынша жүйенің негізгі қаражат құюшылары еңбекке қабілетті азаматтар болып қала береді. Көбіне-көп егде жастағы адамдар медициналық көмекке мұқтаж. Бұл МӘМС-тің басты қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігі екенін айғақтайды. Яғни бүгін сіз емге мұқтаж пациенттерге өз жарнаңызбен көмектессеңіз, ертең сіз және сіздің жақындарыңыз құны қымбат емшараларды тегін алады, – дейді Ә.Сқақов.
Иә, МӘМС-тің жұмыс істеу қағидасы туралы бұған дейін талай мәрте айтылғанымен, әлі де байыбына барып түсіне бермейтіндер кездеседі. Мысалы, қазір құны 10 млн теңгеден асатын емшараларды тегін алып отырған пациенттер бар. Олардың орнында ертең біздің де жақынымыз болуы мүмкін ғой. Қазір айма-ай аударып отырған жарнаны өзіме болсын, өзіме ғана жұмсалсын деп ұсыныс айтатындар табылады. Беті аулақ, оқыс жағдайда сіздің әлгі ай сайын аударып отырған жарнаңыз күрделі емшараға жетер-жетпесіне кім кепілдік береді? Ал медициналық көмектің сапасына қатысты мәселелерге жауапты – өзіңіздің тіркелген медициналық ұйым. Демек, сапаға қатысты сұраққа тікелей емхана жауап береді.
Ситуациялық-талдамалық орталықтың жұмысына қаныққан соң, кезек сұрақ-жауапқа келді. Мұнда бірінші сауал жуырда МӘМС жүйесін өзгерту туралы жарияланған петицияға қатысты болды. Оған апта ішінде 1 700-ден аса азамат қол қойып үлгеріпті.
– Біз петициямен таныстық. Петицияны қараудың арнайы бекітілген тәртібі барын білесіздер. Онда белгілі бір уақыт шеңберінде 50 мыңнан аса дауыс жиналуы шарт. Кейін жұмыс тобы құрылып, министрлік петицияны қарастырады. Сондықтан қазірден петицияға қатысты пікір білдіргеніміз орынсыз деп ойлаймыз. Қалай дегенде де барлығы уақыт сәтімен, ережеге сай өткені дұрыс. Кезі келгенде барлығымыз сол отырысқа қатысып, мәселені онлайн режімде ашық талқылаймыз деп ойлаймыз, – деп қысқа қайырды қор басшысы.
Кездесуде қор басшысына тілшілер қойған негізгі сауалдардың бірі медициналық мекемелерді қаржыландыруға қатысты болды. Себебі қазірде қаржыландыру баяу жүріп жатқан соң, кейбір медициналық мекемелерге салмақ түсе бастағанға ұқсайды. Бұл ақпаратты Ә.Сқақов та растап, кемшіліктің бірінші себебін жыл басында төлем жасайтын ақпараттық жүйенің болмауынан деп түсіндірді. Енді ақпараттық жүйе іске қосылған соң, қазір де ол жүйе бойынша кінәрат жоқ екен. Десек те екінші мәселе, қаржының жетіспеуі де бар. Қор басшылығы республикалық бюджеттен қаржы түскен соң, бірер айдың көлемінде медициналық мекемелердің алдындағы берешекті толық өтеуге ниетті екенін айтып сендірді. Яғни қорда жыл басында төлем жасайтын құрал болмаса, кейінгі айларда республикалық бюджеттен қаржы алу біраз қиындық тудырыпты.
Жүйені тағы қалай жетілдіруге болады?
Кейінгі сауал осыған дейін талай мәрте айтылған медициналық ұйымдардағы «жалған жазба» турасында өрбіді.
– Иә, мұндай қателік барлық емханада тіркелді демесек те, болғаны рас. Сондықтан біз ай сайын сараптама жүргіземіз. Көрсетілген әрбір қызметтің шынайылығын нақтылауға тырысамыз. Мысалы, мониторинг нәтижесінде тұрғындарға көрсетілген 400 миллионнан аса медициналық қызметтің ішінен 66 мыңы мүлде көрсетілмеген қызмет екенін білдік. Біз бұл шаруаны мықтап қолға алып жатырмыз. Біздіңше, мұны түбегейлі реттеу үшін әлі де болса цифрландыруды күшейту қажет. Әуелі пациенттердің өздері ықтият болса деп ойлаймыз. Өйткені көрсетілген қызметтің ретін пациенттен артық ешкім білмейді. Айтпақшы, бүгінде қанатқақты жоба ретінде бірер жұмыстар іске асып жатыр. Келер жылдары біз биометрия, алақан, FACE ID-ді енгізе бастаймыз деп отырмыз. Бұл енді бүкіл емханада ә дегеннен енгізілмесе де кезең-кезеңімен бәрі осыған қосылуы керек. «Жалған жазбалардан» құтылудың бірден-бір жолы цифрландыру деп ойлаймыз, – дейді Ә.Сқақов сөзін жалғап.
Иә, байқап отырғандарыңыздай, медициналық мекемелердегі кейбір кемшіліктер төте МӘМС-ке тиеді. Қор басшылығы айтқандай, халық денсаулығы қос тараптың да негізгі міндетіне кіретінін ескерсек, екі жақ бірінен бірі мін іздемей, барлық шаруаны бірлесіп, үйлесімді іске асырғаннан артығы жоқ.
Кездесуде қор басшысына «Egemen Qazaqstan» газетінен де бірер сұрақ қойып, жауап алған едік. Бірінші сауалымыз медициналық көмектің сапасын тағы қалай жетілдіреміз деген сипатта өрбісе, екіншісі, емханада есіктен-есікке сабылып дәрігерлерге төте кіре алмай жүрген пациенттер туралы болды. Ақыры сауалдың барлығы МӘМС-ке келіп жатқан соң, алдағы жылдары медициналық мекемелерді қордың қатаң бақылауына құзырет беру керек шығар деген ұсынысымызды да қосып қойдық. Ә.Сқақовтың біздің сауалға қатысты жауабын төменде келтіріп, сонымен түйіндегенді жөн көрдік.
– Медициналық көмектің сапасы туралы сауалға тоқталсам, бұл – үлкен мәселе. Сапаны қамтамасыз етуге қордың құзыреті жеткіліксіз. Халыққа тікелей қор емес, медициналық мекемелер қызмет көрсетеді ғой. Сондықтан мұнда медицина маманының біліктілігіне қатысты сұрақтар туады. Әрине, бірінші кезекте медициналық ұйымда керек-жарақтың барлығы түгел болуы керек. Біздің медициналық мекемелермен жасаған келісімшартта бірнеше міндет көзделген. Біздікі – мемлекеттік бақылау емес. Біз келісімшарт бойынша медициналық ұйымдармен серіктес ретінде тізе қосып жұмыс істейміз. Әрине, қате-кемшіліктерді байқасақ, түзетуін сұраймыз. Алайда біз көбіне қаржы мониторинг жағына басымдық береміз. Ал медициналық, клиникалық тексеріспен министрлік, министрліктің ішіндегі комитет айналысады. Оларға да отандастар арыз-шағым қалдырып, өз құқын қорғауға болады. Негізі шағымдар туралы талдауды көрсеттік қой. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» болған соң осы шағымдарды басшылыққа алып, медициналық мекемелермен бірлесіп, алдымен медициналық көмектің қолжетімдігін арттыруға күш салу қажет деп есептеймін. Екінші, көрсетілетін көмектің сапасы жоғары болуы шарт деп талап қойып отырмыз. Сондықтан саладағы кемшіліктерді түзетеміз десек, екі жақтан кемшілік іздемей, нақты нәтижеге, сапаға жұмыс істеу қажет. Әрі барынша осы қағидамен жұмыс істеп келеміз», деді Ә.Сқақов.